Мәдениет

«Ұлы Алтай» фестивалі өткізілетін болды

«Ұлы Алтай» фестивалі өткізілетін болды

«Бұқаралық спорттық-туристік «Ұлы Алтай» фестивалі 2017 жылы елімізде өткізілетін болды. Бұл туралы әйгілі «Алтай-Алтын таулар» трансшекаралық туристік экспедициясының мүшелері мәлімдеді» деп хабарлады облыстық ақпараттық орталығы.
Ресейдің Барнаул қаласынан шығып, Шығыс Қазақстан арқылы Қытайдың Алтай қаласына бет алған «Алтай-Алтын таулар» трансшекаралық туристік экспедицияның өкілдері Өскемен қаласына ат басын тіреді. Спорттық туризм мамандарынан тұратын делегацияның мақсаты – келер жылы Қытайда өтетін кезекті «Ұлы Алтай» ойындарының ұйымдастырылу барысымен танысу. Айта кету керек, дәстүрлі «Ұлы Алтай» ойындары «Алтай – біздің ортақ үйіміз» халықаралық үйлестіру кеңесінің Алтай тауын мекендеген халықтардың достығын нығайту мақсатында ұйымдастырған іс-шараларының бірі.
«Ұлы Алтай» туристік-спорттық фестивальдің үйлестірушісі Антон Сергеевтың айтуынша, «Ұлы Алтай» фестиваліне ат спорты, альпинизм, балық аулау, рафтинг және веложарыс кіреді.
– Сонымен қатар, ойындарды өткізіп жатқан ел ұлттық спорт түрлерін қосуға құқылы. 2013 жылы Моңғолия елі 3 ұлттық спорт түрін қосқан болатын, – деді Антон Сергеев.
Қытайда делегаттар мен ұйымдастырушы тарап ойындарға кіретін спорт түрлері мен кейбір мәселелерді талқылайтын болады.
Алтай қаласынан кейін бұқаралық спорттық-туристік фестиваль 2017 жылы біздің облыста ұйымдастырылмақ. Бұл елімізде өткізілетін «ЭКСПО -2017» көрмесімен сәйкес келіп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жасыл экономиканы негізге алған көрме мен табиғат аясында өтетін «Ұлы Алтай» фестивалінің өзара астарлас мәні бар.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button