Мәдениет

Ұлы Абайдың тойына әзірлік басталып кетті

Ұлы Абайдың тойына әзірлік басталып кетті

Абай ауданы экономикасының негізін мал шаруашылығы құрайды. Биыл аудан 12 млрд. теңгенің көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріпті. Бұл туралы брифингте аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков баяндап, сұрақтарға жауап берді.

Аудан әкімінің айтуынша, өңірде асыл тұқымды мал шаруашылықтарының да саны өсіп, 42-ге жетіпті. Жалпы, Абай ауданы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бойынша республикамызда жетінші орында тұр. Әкім ауданда 2 миллион гектардай жер болғанымен, көбінің құнарсыз екенін айтты.
Қазір абайлықтарды аудандағы жүн өңдейтін кәсіпорынның тағдыры көбірек алаңдатып отыр. Өткен жылы 350 тонна жүн сатып алынып, 100 тоннасы жуылған. Дайын жүннің 40 тоннасы Көкшетау мен Петропавлге сатылғанымен, қалғанына сұраныс болмай тұр. Наурыз айының ортасынан бері жабылған кәсіпорынның бойына қашан қан жүгіреді? Брифингте аудандағы өзекті болып отырған осы сауалға қатысты аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков өз пікірін білдіріп, қазіргі күні тұйықтан шығудың жолы жан-жақты қарастырылып жатқанын жеткізді.
– Бұл мәселенің шешімін табу аудан тұрғындары үшін өте қажет. Өйткені, жүнді Семейге апарып өткізгеннен гөрі, өзіміздің ауданға өткізу анағұрлым тиімді, – деді аудан әкімі.
Брифинг барысында Көкбай ауылындағы ауызсу тапшылығы туралы мәселе көтерілді. Су құбыры жоқ. Ауылда бірнеше үйде ғана құдық бар. Тұрғындар су құбырының тезірек тартылғанын қалайды. Көкбай ауылында мұндай мәселенің бар екенін аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков жоққа шығармады. Аудан бойынша осы Көкбай ауылында ғана су құбырының жоқ екенін, бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатқанын, құжаттары әзірленгеннен кейін міндетті түрде бағдарламаға енгізілетінін айтты. Жалпы, аудан бойынша сумен қамтамасыз ету 89 пайызды құрайтын көрінеді.
Сондай-ақ, қыстақтарға жарық тарту, жол сапасының нашарлығы, жастарды баспанамен қамту, субсидия беру, көшелерді жарықтандыру мәселелері туралы да аудан тұрғындары әкімге өз сауалдарын жолдады. Әкімнің айтуынша, биылғы жылы 129 миллион теңгеге жуық қаражатқа аудандағы он қыстаққа жарық тартылыпты. Ал облыстық жол басқармасы Көкбай ауылына дейінгі жолдың жобалық-сметалық құжатын әзірлеп, келесі жылға 65 миллион теңге бөлген екен. Сондай-ақ, алдағы жылы Шаған ауылындағы Социалистік Еңбек Ері Екібаев атындағы көшені жарықтандыруға 1 млн. 900 мың теңге қаражат қарастырылған.
Тұрсынғазы Мүсәпірбековтің сөзіне қарағанда, Абай ауданы облысымызда ең көп субсидия алатын аудандардың бірі көрінеді. Биылдың өзінде аталған аудан 371 миллион теңгенің субсидиясын алған.
Сонымен қатар, абайлықтарды көмір құны да мазалап отыр. «Қаражыра» көмір кенішінің дәл іргеде тұрғанына қарамастан, көмір құны қымбат. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бір тонна көмірдің құны 9 мың теңге көрінеді.
Алдағы жылы Ұлы Абайдың туғанына 170 жыл толмақ. Аудан басшысы бұл туралы облыс әкімінің арнайы тапсырма бергенін, атқарылатын шаруалардың жоспары да жасалып жатқанын айтты. Ұлы ақынның 170 жылдық мерейтойына орай республикалық ақындар айтысы мен облыстық ән байқауын өткізіп, «Абай еліне саяхат» атты кітап шығару қолға алынбақ. Ал Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, режиссер, жерлесіміз Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбай» фильмін түсіру жұмыстары алдағы жылдың көктемінде аяқталмақ.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button