Мәдениет

Ұлы Абайдың шырақшысы 75-ке толды

Ұлы Абайдың шырақшысы  75-ке толды

Семейдегі Мәдениет сарайында көрнекті абайтанушы, жазушы Төкен Ибрагимовтың 75 жылдық мерейтойы аталып өтілді. «Адамның баласы – бауырың» атты әдеби кеш ұйымдастырылып, әуелі «Ұлы Абайдың шырақшысы» деректі фильмі көрсетілді.
Фильмде Төкен Смайылұлының шығармашылық еңбегі, Абай мұражайын жаңа қырынан танытқандығы туралы кеңінен айтылды. Төкен Ибрагимов қырық жылға жуық уақыт Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық мұражайының басшысы қызметін атқарып, өмірінің елеулі бөлігін ақын мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізумен айналысқан.
Мерейтойлық кештің бір ерекшелігі, Төкен Смайылұлы тағылымды әңгіме-лекция өткізіп, жиналған қауымға ұлы ақынның өмірін, шығармашылығын, оның айналасын тереңірек әңгімелеп берді, хакім Абай болып ақтарылды.
– Біз Абайды әлі танып болғамыз жоқ. Адамдарда Абай айтқан «үлкен махаббат» болғанда ғана дүние оңалады. Ол: ұлы ғұрпың, ұлттық мүддең, тыныштығың, тілің, дінің. Осыларды сүй, – деп толғанды ол. Әнші Нұрлан Көшеров «Абай» ариясын көрермендерге тарту етті. Абай өлеңдерінен композиция дайындаған «Дариға-ай» жастар театры кешке қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады. Ал әнші Ж.Тәжиев «Ақылбайдың әнін» орындағанда, әннің тарихы туралы Төкең:
– Бұл әнді бізге алып келген – Мұхаң, Мұхтар Әуезов. Қалай? Абайдың ауылы мен Мұхтардың туған жері 5-ақ шақырым, кішкентай кезінен құлағынан сіңісті болып өседі. Кейіннен Алматыға барып, Латиф Хамидиге айтады. Ол нотаға түсіріп, содан қазақ арасында кеңінен танымал әнге айналады. Латиф қазақтың 100 әнін нотаға түсірген адам, бұл ән де солай таныла бастайды. Бір күні Абай ауданына келіп отырған сапарында Мұхаң оған «Әй, Латиф, бұл өлеңді саған мен әкеліп бердім емес пе, рас қой?» деп сұрайды. Хамиди басын изейді. «Олай болса, бұл әнді Әуезов тарту етіп еді деп айтып жүрсең, тіліңе жүн шыға ма, немене?» деп базына айтады Мұхаң. Міне, «Ақылбайдың әнінің» тарихы – осы, – деді.
Кеште Төкең Шәкерім жайында да кеңінен толғады. Кешке келген қауым Шәкерімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» әні мен Абайдың күйі «Тор жорғаны» тыңдап, бір жасап қалды. Абайдың «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем Қаламқас» әндері орындалған соң, кезек мерейтой иесін арнайы келіп құттықтаушыларға да берілді. Сахнаға жазушы Медеу Сәрсеке көтеріліп, игі лебізін жеткізді.
Төкен Ибрагимовтың иығына қазақы дәстүрмен шапан жапқан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов абыз ақсақалға облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ арнайы Алғыс хатын табыс етті. Ал облыстық «Дидар» газетінің редакторы Уәлихан Тоқпатаев Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинның құттықтау хатын оқып, «Шығыс-Ақпарат» медиахолдингі мен «Дидар» газеті редакциясы атынан мерейтой иесін құттықтады. Мерейтойлық кеште қаламгерді құттықтап, сый-сияпат көрсеткендер көп болды.
Осылайша ұлы «Абайдың шырақшысы» атанған абыз ағамыз бір жасап қалды. Жиналған қауымға алғысын айтып, батасын берді. Кеш соңы Баян Сағымбаева, Тұрсынғазы Рахимов сынды әншілердің орындауындағы Абай әндеріне ұласты.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button