Бәрекелді

Лукин жаһандық додада топ жарды

Шығысқазақстандық семсерлесуші Өзбекстан астанасы Ташкентте өтіп жатқан жастар арасындағы Әлем кубогы үшін жарыстың чемпионы атанды. Байрақты бәсекеде ел құрамасы сапында өнер көрсеткен Богдан Лукин барлық қарсыласын сенімді жеңіп, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді.

Бәсекені бірден 1/32 финалдан бастаған Богдан бұл кезеңде өзбекстандық Зафар Сидиковты 15:8 есебімен ұтты. Бұдан соң эстониялық Маркус Салмды (15:11) қапы қалдырған жерлесіміз жарыстың жартылай финалында мысырлық Юссеф Шамельді (15-7) жеңіп, финалға жолдама алды. Ал алтын медаль үшін таласта тағы бір жарыс қожайыны Мейірхан Тимуровтан 15:12 есебімен басым түскен ол осылайша ел қоржынына алғашқы жүлде салды.

Сонымен қатар бұл жарыста бақ сынаған Георгий Тинников жетінші, Ғабиден Мұстафин сегізінші орыннан көрінгенін айтқан абзал. Жалпы, бұл сайысқа 10 елдің атынан 76 спортшы бақ сынады.

Өкінішке қарай, қыздар арасындағы бәсекеге алты отандасымыз қатысқанымен, ешқайсы медаль жеңіп ала алмады. Ең тәуір нәтижені София Ақтаева (жетінші орын) көрсетті.

Жарыс аясындағы командалық сайыстың нәтижелері туралы газеттің келесі санында жазатын боламыз.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button