Білім

Ұлтына қызмет еткен ұстаз

Ұлтына қызмет еткен ұстаз


Еліміздің іргелі оқу орындарының бірі, 115 жылдық тарихы бар, ізгі дәстүрі қалыптасқан Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінде ұлтына қызмет етудің тамаша үлгісін көрсете білген қазақтың небір асылдары білім алып, еңбек еткен-ді. Солардың бірі – аталған оқу орнының түлегі, осында 40 жыл ұстаздық етіп, үлкен құрметке ие болған, еңбек ардагері Райхан Каштеков.

Райхан Райысұлы сұм соғыс аяқталып, ел еңсесін тіктей бастаған 1948 жылдың 17 наурызында Бесқарағай ауданы, Қоянбай ауылында дүние есігін ашты. Әкесі Райыс соғыс ардагері, Кеңес үкіметінің көптеген орден, медальдарымен марапатталған елге сыйлы, еңбекқор, өнерді бағалайтын жан болса, анасы Мақаш баласының ержеткенін, халқына сыйлы азамат болып қалыптасқанын көре алмай, дүниеден ерте өтті. Райхан аға анасының жоқтығын сезінбей, үлкен апасының бауырында тәрбиеленіп, мектепке барды, білім алды.

Еңбек жолын ауылдан бастаған

1964 жылы Қоянбай ауылының сегіз жылдық мектебін бітіргеннен кейін ол Сосновка ауылындағы ауылшаруашылығы мамандарын даярлайтын училищеге түсіп, шофер-тракторшы, комбайншы мамандығын алып шығады. Бір жыл мамандығы бойынша ауылында жұмыс істейді. Алайда ұстаздықты жүрегі қалаған Райхан аға 1967 жылы жазда Семейдегі педагогика училищесіне оқуға түседі. Райхан Райысұлының тұлға ретінде қалыптасуына, ұстаздық қызметтің қыр-сырын, қадір-қасиетін ұғынуына оқу орнында алған білімі мен тәрбиесі айрықша әсер етті.

«Училищеде білімге, тәртіпке ерекше мән беретін, оқу орнының басшысы Асылхан Бекбаев өте салмақты, ұстаздар мен шәкірттерінің алдында беделді, оқу-тәрбиеге жауапкершілікпен қарайтын тұлға еді», – деп еске алады Райхан Каштеков.

Ұлтына қызмет еткен ұстаз

Училищедегі ұстаздары Г.Ахмерова, Ф.Төлеубаева, Г.Мұстафина, К.Молдахметова, В.Крюкова, Э.Городецкий, В.Быкунова және басқалары жастарға білім беріп қана қоймай, ұстаздық жолға жетеледі. Жас кезінен біліммен қатар, өнерді ерекше бағалайтын Райхан Райысұлы училище хорында солист, үрмелі аспаптар оркестрінде түрлі аспаптарда ойнап, қалалық, облыстық көркемөнерпаздар байқауларында жүлделі орындарға ие болып жүрді. Спортты да жанына серік етіп, оқу бағдарламасы бойынша өткізілетін туристік жорықтардың бел ортасынан табылды. Училищеде оқып жүріп екінші курстан кейін Кеңес әскерінің қатарына шақырылды. Екі жыл Хабаровск қаласында әскери борышын өтеп келіп, оқуын қайта жалғастырады. 1973 жылы оқуын бітіріп, бастауыш сынып мұғалімі, аға вожатый мамандығын алып шығады. Жігерлі жасты училище басшысы А.Бекбаев өзінің қарамағында қызметке қалдырады.
Ұстаздық еңбек жолын Райхан аға директордың шаруашылық жұмысы жөніндегі орынбасары, еңбек пәнінің мұғалімі ретінде бастады. «Асылхан аға жұмысқа, тәртіпке ерекше мән беретін, жауапкершілікпен еңбек етуімді талап ететін еді. Ол кісінің тәрбиесін, ұлағатын, қамқорлығын айрықша сезіндім, көп нәрсені үйрендім» – деп еске алады кейіпкеріміз.

Райхан аға ұстаздық еңбегін өнермен ұштастырып, оқу орнында құрылған «Лаула» ансамблінде әнші, хорда солист болып, оркестр құрамында аспаптарда ойнап, өнер ұжымының республикалық, бүкілодақтық байқауларда жеңімпаз болуына өзінің қомақты үлесін қосты. Еңбек ете жүріп Н.Крупская атындағы Семей педагогикалық институтын тарих мамандығы бойынша бітіріп, жоғары білім алды. 1973 жылы өмірлік жары Бақытгүл Абылқасымқызымен отау құрды. Адамның көз қуанышы, өмірінің жалғасы ұрпағы екені белгілі. Ұстаздық ете жүріп аяулы жарымен бірге өмірге екі қыз, бір ұлды әкелді. Оларды тәрбиелеп, өсірді. Бүгінде балаларының бәрі де өмірден өз жолдарын тауып, абыройлы еңбек етіп жүр.

Оқу орнының беделін көтеруге үлес қосты

Райхан Райысұлы 1973-1987 жылдар аралығында директордың шаруашылық жұмысы жөніндегі орынбасары, еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет істесе, 1987 жылдан зейнеткерлік демалысқа шыққан 2012 жылға дейін директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары, құқықтану пәнінің оқытушысы болып қызмет атқарды. Училищеде ұстаздық еткен 40 жылдан астам ғұмырында Райхан Райысұлы педагогтарға берері мол көптеген іс-шараларға мұрындық болып, ұйымдастыра білді. Атап айтқанда, конференциялар, дөңгелек үстел отырыстары, семинарлар және басқа да мазмұнды шаралар өткізді. Жазғы іс-тәжірибеге дайындау құралы ретінде қазақ тілінде әдістемелік кітапшалар шығаруға мұрындық болды. Алматы маңындағы «Маралсай» сауықтыру лагерімен, Астанадағы мектеп жанынан ашылған лагерьлермен байланыс жасап, тәжірибе алмасып отырды. Облыстық білім басқармасының, Білім және ғылым министрлігінің аттестациялық комиссиясының құрамында бірнеше оқу орындарына тексеру жұмыстарына қатысты. Оқу орнын басқарған А.Бекбаев, М.Мұхамеджанов, Н.Қалиев, Ш.Жанаева сынды басшылармен қызметтес болды, оқу орнының республикада алдыңғы қатардан көрінуіне, беделіне сүбелі үлес қосты.

Ұлтына қызмет еткен ұстаз

Райхан Райысұлы өмірдің бел-белестерінен абыроймен өте жүріп, мол тәжірибе жинақтады. Білім беру саласындағы жемісті қызметі еленіп «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанып, «М.Әуезов» төсбелгісімен марапатталды. Бүгінгі таңда зейнеткерлік демалыста болса да колледжге жиі келіп, өзінің өмірлік һәм ұстаздық тәжірибесімен бөлісіп отырады. Жары Бақытгүл Абылқасымқызы да мектепке дейінгі білім мен тәрбие саласында ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет атқарып, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері» атанып, «Ы.Алтынсарин» медалін кеудесіне тақты. Ұзақ жылдар қаладағы «Арман» балабақшасын басқарды.

Ұлағатты ұстаздық еңбегімен, өнерге деген іңкәрлығымен, биік адамгершілік қасиетімен әріптестері мен шәкірттерінің құрметіне бөленген Райхан Райысұлы биыл мерейлі 70 жасқа кемел ақыл-парасатпен, тың жігер, жарқын көңілмен жетіп отыр. «Қарттары бар ел – қазынасы бар ел» – деген қанатты сөз бар халқымызда. Бүгінде өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің ақылшы тірегі, арқа сүйері болып отырған мерейтой иесіне мерейіңіз үстем, қадір-қасиетіңіз зор, көрер қуанышыңыз мол болсын демекпіз!

Т.Мұқанов,
М.Әуезов атындағы педагогикалық
колледж оқытушысы

Осы айдарда

Back to top button