Ұлты ұлықтаған Ұлықбек
Өмірін өлеңге арнап, ел-жұртының аңсар арманы мен мұрат-мақсатын өлеңмен өрнектеген, мөлдіреген жырлары ел жүрегіне жол тапқан ақын Ұлықбек Есдәулет мерейлі 65 жасқа толып отыр. Осы атаулы күнге орай Өскемендегі А.Пушкин кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Ұлықбек Есдәулеттің шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтті.
Ұлықбек Оразбайұлы 1954 жылы 29 сәуірде табиғаты көркем, жері бай Зайсан ауданының Үлкен Қаратал ауылында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін журналист мамандығы бойынша, Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғары әдеби курстардың поэзия бөлімін әдебиетші мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1971 жылы облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетiнде корректорлықтан бастаған ақын бүгінде республикалық «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы.
Ұлықбек Есдәулеттің елдік, ұлттық, адамгершілік мүдделерге қызмет ететін өлеңдері бір төбе. Он үш жасында жазған ең алғашқы өлеңін аяулы анасына арнады. Семей полигонының қасіретіне арналған «Заман-ай» өлеңi «Семей-Невада» халықаралық антиядролық қозғалысының әнұранына айналды. Сай-сүйегіңді сырқыратар бұл туындының сөзін Ұлықбек Есдәулет, әуенін Төлеген Мұхамеджанов жазды. Әнді жерлесіміз, белгілі әнші Роза Рымбаеваның орындауы да бекер емес. Бүгінгі кеште бұл әнді облыстық драма театрының талантты актрисасы, әнші Майра Қаламқызы орындады.
«Ұлдарыңның қайда кеткен құрығы,
Қыздарыңның қайда кеткен бұрымы?
Мейiрiмге зарықтырған заман-ай,
Туған жердiң лайланды-ау тұнығы.
Қайран елiм, қайран жерiм, қор болған-ай,
Жомарттығы сор болған-ай,
Жарылыстан көз ашпаған далам-ай…»,- деген ақын халықтың қырық жылғы мұң-зарын бір шумаққа сыйдырғандай.
Қоғамның ащы шындығын көрсететін «Қара пима» поэмасы заманымыздың маскүнемдік сияқты айықпас дертін сөз етіп, көпшілікке ой тастайды.
Республикалық жабық байқаудың жүлдесін алған осы туынды бойынша көркем фильм де түсірілді. Ақынның өлеңдері көптеген шет тілдеріне аудырылды. Өзі аударма саласында да өнімді еңбек етіп, үнді, түрік, фин, араб, украин, әзірбайжан, қырғыз, моңғол, абхаз ақындарының жырларын, М.Лермонтов, А.Блок, Н.Рубцов шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Осы уақытқа дейін «Көздеріңе ғашықпын», «Жұлдыз жарығы», «Алтайдың алтын тамыры», «Киіз кітап» сияқты он беске жуық кітабы мен таңдамалы шығармаларының екі томдығы, шығармалар жинағының алты томдығы жарық көрді. Осыдан 42 жыл бұрын жарық көрген ең алғашқы «Жұлдыз жарығы» жыр жинағы кітапхананың сирек кітаптар қорында сақтаулы.
Өскелең ұрпақтың ұлттық мiнезден алыстап бара жатқандығы ақын қаламынан тыс қалған емес. Бүгінгі ұрпақтың ұлтжандылық қасиетiнің әлсiреуiне ерекше көңіл бөлуі, ақынның ұлт болашағына деген алаңдаушылығын байқатса керек.
Кездесу барысында ақынның «Қара пима» әні орындалып, жас оқырмандар автордың «Жеменей өзені», «Жылқы мінез», «Кентавр Хирон» өлеңдерін оқыды.
Ұлықбек Есдәулеттің әпкесі, белгілі сазгер Бағдат Есдәулетова ақынның балалық шағынан сыр шертсе, қаламгер замандастары Оңдасын Елубай, Түсіпхан Түсіпбекұлы, ақын Бақытжан Мұхтарханқызы жылы лебіздерін арнап, шалқар шабыт тіледі. Әдеби-сазды кешке жиналған жергілікті қаламгерлер, мәдениет қызметкерлері, жас оқырмандар мен өлеңсүйер қауым шығармашылық кеш аясында ұйымдастырылған «Ұлық ақын Ұлықбек» атты кітап көрмесін тамашалады.
Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ