Ұлттық рухтың туын желбіреткен \”Ұшқын\”
Өзге ұлттың өкілдері мол шоғырланған Глубокое секілді ауданда ұлттық рухтың туын биік желбіретуді діттеген жергілікті өнерпаз қыз-жігіттер былтыр бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, «Ұшқын» жастар театры мен «Сарын» ансамблін құрған. Сондай-ақ аудан мәдениетін дамытуға бағытталған тың жобаларды қолға алды.
Жуықта глубокоелықтар «Ұшқын» жастар театрының қарттар үйі туралы «Барыңды бағала» спектаклін тамашалады. Бұл қойылым да көрермен жүрегінде ерекше әсер қалдырса керек. Спектакльде төрт ұлынан қайыр болмаған әке қарттар үйінен бірақ шығады. Бұл шынайы өмірде кездесетін өткір мәселелердің бірі. «Барыңды бағала» спектаклінің режиссері, Глубокое аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейрамғали Дәрменқұлов қазақтың менталитетіне жат осы үрдісті тежеуге тырысқан.
– «Ұшқын» жастар театры былтыр құрылып, бірнеше спектакль қойып үлгірдік. Бұйырса, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді жаңғырту бағытында көптеген ауқымды жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бізге ең бастысы, текті ұлт екенімізді көрсету, – дейді Мейрамғали Дәрменқұлов.
Мейрамғали Қадырбайұлының бастамасымен құрылған жастар театры мен «Сарын» ансамблі аудан мәдениетінің дамуына тың серпін бергені сөзсіз. Басталған бұл жұмысты жалғастырып келе жатқан жалынды жастардың да еңбектері ерекше. Әлбетте, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды жоққа шығаруға болмайды. Өткен жылдың өзінде ауданда екі мыңға жуық мәдени шара өткізілген. VIII облыстық «Туған жер – алтын бесігім» атты акцияда Глубокое ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі үшігші орынды қанжығалаған.
Сонымен қатар, «Айзада», «Прорыв», «Сонет», «Ирбис» сынды би ұжымдары да ауданның мақтанышы. Ұлттық мәдениетпен қатар, өзге ұлттардың да өнерін дамытуға, шыңдауға тиісті жағдай жасалып отыр мұнда. Ол үшін аудан басшылығы ауылдардағы мәдениет үйлерін жөндеуден өткізіп, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша білікті жас мамандарды тартуда. Ал зейнет жасындағыларды құрметпен демалысқа шығарып салуда. Қазір ауданның мәдениет саласында 16 зейнеткер ғана еңбек етіп жүр. Олардың өзі орындарына жас маман келгенше келісімшарт бойынша қызметтерін жалғастыруда. Зейнеткерлік демекші, мереке-мейрамдардың көрігін қыздырып жүрген ардагерлер ансамбльдері бар. Былтыр Б. Бартышев, Ю. Юрочкин, С. Ласьков, Ж. Қожатаев сынды өнерпаз ардагерлер «Мәдениетке сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Ал он үш адамнан құралған «Асыл мұра» атты әжелер ансамблі он жылдық мерейтойларын тойлады. Міне, осындай өнер иелері өңірдің мәдениетін көтеріп жүргендерімен, он мың халқы бар аудан орталығында мәдениет үйі жоқ. Аудан басшылығының айтуынша, мәдениет үйі құрылысының жобалық-сметалық құжаты әзірленіп қойған көрінеді. Демек,
таяу арада құрылыс басталып та кетуі мүмкін.
Тағы бір сүйінші хабар – Глубокое кентінде тарихи-өлкетану музейі ашылды. Музейге алғашқы тарихи заттарды жергілікті тұрғындар, мектеп оқушылары әкеліп тапсырды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейрамғали Дәрменқұловтың айтуынша, музей толық жабдықтала қойған жоқ. Әлі де толықтырыла түседі. Бұл өлкенің тарихы да тереңде. Кейбір деректерде аудан атауы Ақтас болған деседі. Аудан, ауыл атауы демекші, Глубокое ауданында жер-су, көше атауларын өзгерту де қолға алынды.
Өткен жылы облыстық онамастика комиссиясының ғылыми сарапшысы Бердібек Бияров Глубокое ауданын аралап, көнекөз қариялармен сөйлесті. Өңірдің тарихымен танысты. Нәтижесінже ауыл атауларын қазақшалау жөнінде негіздемелер жасап шықты. Мысалы; Быструханы Ағынсу, Карагужиханы Қарақоға, Секисовканы Қарауылшоқы, Винноены Бөлектау деп атаған. Бердібек Бияровтың пайымдауынша, қазақша атаулар әр жердің тарихына, жеріне байланысты негізделіп отыр. Әрине, ауданда 54 ұлттың өкілдері тұрғандықтан, жер-су атауларын өзгертуде жиын өткізіліп әркімнің пікірі ескеріледі.
Мерей Қайнарұлы
Глубокое ауданы.