Қоғам

Ұлттық өнеріміздің өз өкілі

Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының қызметкерлері мен актерлері арасында «ескі театр»,  «жаңа театр» деген сөз қалыптасып кеткен. Өткен бір жағдайды қозғамас бұрын, «ескі театрда жүргенде» деген сөз бірінші болып айтылады. Мұндағы айтпағым,  кішкентай қаланың бұрынғы тарихынан сыр шертетін, бүгінде  мәдени ескерткішке айналған сол театрда   орыс  труппасы 79 жыл, қазақ труппасы 14 жыл  көрерменіне рухани азық сыйлады. Бірге тату-тәтті еңбек етіп, театр өнерінің мәйегімен бөлісіп, мәдени  орталыққа айналды.

Осы ескі театрда  2014 жылы театр басшылығы ауысып, яғни директор болып Күршім ауданы, Амангелді ауылының тумасы Дінмұхамет Мамырқанұлы Ұябай келді. Ата-анасы, достарының айтуымен Доскен атанған азамат Т.Жүргенев атындағы театр және өнер институтының музыкалы  комедия факультетін тәмамдаған соң Талас Өмірзақовтың ұйымдастыруымен ашылған «Шәкәрім мектебі» эксперименттік театрында Қазақстанның халық артистері Ә. Өмірзақова, Қ.Жәкібаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғ.Құлжановпен  бірге қызметтес болып бір жылдан соң, өз қалауы бойынша Павлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма театрына  актер болып орналасады. Жоғары оқу орнын бітіргенге дейін   Семейдің М.Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің вокал бөлімін аяқтаған жас актер, бірден республикалық драма әртістерінің әншілер фестиваліне қатысып, арнайы дипломмен марапатталады. Бірнеше спектакльде түрлі жанрдағы образдарды сомдап жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Мысалы, И.Кальманның «Сильвасында» Бони,  И.Штраустың «Жарқанатында» Альфред, Ғ.Мүсіреповтің «Қыз-Жібегінде» Шеге, Т.Нұрмағамбетов «Табалдырығына табынында» Жө, М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» ақын Балпық, «Қаракөзінде»  ақын Асан және басқаларын сомдады.

Павлодар театрында 24 жыл қызмет ете жүріп, актерліктен театр директорының орынбасарлығына дейінгі тәжірибелік жолдан өткен Дінмұхамет Ұябай адал еңбегінің арқасында 2004 жылы  «Құрмет» грамотасына, 2007 жылы  «Мәдениет қайраткері» төсбелгісіне ие болып, 2012 жылы «Павлодар облысына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталады.

Шығыстағы облыстық театрға алғаш басшылық қызметке келгенде Дінмұхамет Мамырқанұлының алдында үлкен жұмыс күтіп тұр еді. Құрылысы бітіп, енді қолданысқа берілгелі отырған  ғимаратты  қабылдап  алу, қазақ, орыс труппаларын жағдайына қарай орналастыру қажет болатын. Оның үстіне  облыс  басшысының қолдауымен «Жастар» театрының ашылуы да осы кезге тап келді. Жаңа басшы осының бәрін ретке келтіре білді.  Ашылу салтанатына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, лентасын өзі қиып, барлық жағдай жасалған өнер ордасының ашылуымен шын жүректен құттықтады. Бұл 2015 жылдың 7 сәуірі еді. Ғимараттың ашылуы ел өміріндегі елеулі мерекелермен тұспа-тұс келіп, Қазақ хандығының 550 жылдығы  мен ұлы Абайдың  170 жылдығына арналған қойылымдардың тұсауы да осы жаңа ғимаратта кесілді. «Қазақ театрына 15 жыл!» мерейтойлық кеші де осы театрда өтті.

Сондай-ақ қазақ труппасы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын аяқтаған  кәсіби актерлармен, ал жастар театры Қазақ ұлттық өнер университеті, Т.Жүргенев атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы түлектерімен толықты. Театрға келген барлық маман тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Осы кезеңде театр директоры Д.Ұябайдың ұйымдастыруымен актерлардың кәсіби деңгейін көтеру мақсатында шеберлік сабақтары өткізілді. Дәріс оқып, тәжірибелерін бөліскен білікті мамандар қатарында Қазақстанның халық әртісі,  Қазақстан Театр Қайраткерлері одағының төрағасы  Т.Жаманқұлов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері К.Белжанова болды. Ал ресейлік Игорь Качаевтың өткізген шеберлік сабағында актерлар қауымы сахна қозғалысының жаңа дағдыларын игерді.

Дінмұхамет Мамырқанұлы басшылық еткен осы бес жыл ішінде үш труппа да жемісті еңбек етіп, халықаралық, республикалық фестивальдарға қатысты. Театр ұжымы 2015 жылы Оңтүстік Кореяның Каннын қаласында өткен XIV халықаралық жастар фестиваліне қатысып, 2017 жылы Қырғызстанда және Нұр-Сұлтан қаласында өткен театр фестиваліне Л.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» спектаклімен қатысып, театр сыншыларының жоғары бағасын алды.  Ақтөбе қаласында өткен  ІІ республикалық эксперименталдық театр фестиваліне де қатысып «Үздік  актерлік ансамбль» аталымын иеленді.

Жас таланттарды қолдау мақсатында 2018 жылы режиссер Айдын Салбанов Башқұртстанның Уфа қаласында А.Вампиловтың 80 жылдығына орай өткізілген режиссерлер лабораториясына қатысып, «Үздік режиссер» атанып келсе, 2018 жылы «Самғау» VI халықаралық фестивалінде ерекшелігімен көзге түсті. Орыс труппасы  Нұр-Сұлтан қаласында өткен VІІ «Samgau» халықаралық театр фестиваліне қатысты.  Театр ұжымы биыл   Ресейде өтетін халықаралық фестиваль – зертханасына жолдама алды.

Қазақ труппасы  2015 жылы  Мәдениет және спорт министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің «Қазақ хандығының 550 жылдығы» аталымына ие болды, 2019 жыл Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХVІІ  республикалық театр фестиваліне қатысып, қазылар алқасы ұжымның шығармашылық деңгейі көтерілгенін атап айтты. Осы фестивальда «Бораш» рөлін сомдаған Елдос Мәсәлім «Екінші пландағы ең үздік ер адам бейнесі» аталымының жеңімпазы атанды.  Театр ұжымы мамыр айында Ә.Сығай атындағы фестивальға қатысуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ С.Қопабаева, А.Воронин, Г.Бақтыбаева, В.Муравицкий, А.Латфи сынды актерлер  Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін кеуделеріне тақты.

Театр ұжымы Ресейдің Алтай аумағы, Қосағаш  ауылында іссапарда болып қайтты. Бұл іссапар  тәжірибе алмасуға, бір-бірінің мәдениетін жете-терең түсінуге, театр ұжымдарының мәдениетті дамытудағы  шығармашылық тығыз байланысын дамытуға, елдер арасындағы тіл және рухани байлықты сақтауға  көп себепкер  болды.

Бүгінде атқарылатын жұмыстар қатары баршылық. Қазақ театрының 20 жылдық мерейтойы мен Абайдың 175 жылдық мерейтойы қатар келіп отыр.  Соған орай, жоспарланған іс-шаралар өте көп.

Осы орайда, театр басшысы Дінмұхамет Мамырқанұлының еңбегі еленіп 2017 жылы атқарылған жұмыстарға, оның ішінде «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді насихаттауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру тұрғысында белсенділік көрсеткені үшін  Мәдениет және спорт министрінің  атынан «Алғыс хат» табысталды. Сонымен қатар облыстық қазақ драма театрының атқарып жатқан жұмыстарына оң баға берілді.

Ал 2016 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл» толуына байланысты мерекелік медальмен  де марапатталған болатын.

Бұл – бес жылда атқарылған жұмыстар қатарының бір парасы ғана. Біздің мақсатымыз түгендеп жазу емес, атқарылған еңбекті бағалай білу.  Осы орайда алпыс жасты еңсерген жігіт ағасына келген жасыңыз құтты болсын дей келе, деніне саулық, еңбегіне жеміс тілейміз.

Шолпан Лақаева,

театрдың әдебиет бөлім меңгерушісі

Осы айдарда

Back to top button