Ұлтаралық татулықтың үлгісін көрсетіп келеміз

Масленица мерекесі жүзден астам ұлт өкілі тату-тәтті тұрып жатқан Шығыс өңірінде кең ауқымда аталып өтті. Әсіресе, облыс орталығы Өскемен шаһарында бұл мейрам айрықша сән-салтанатпен, көтеріңкі көңіл күйде тойланды.
Қаһарлы қысты шығарып салып, көктем мерекесін әнмен әспеттеп қарсы алған өскемендіктердің жүзінен риясыз күлкі көріп, қуаныштың лебін аңғардық. Еліміздегі сан ұлт өкілдері бас қосқан бұл мерекеде славян халқының өкілдері кезінде Кеңес өкіметі қыспағымен Ұлы Дала елін паналаған ұлттар мен ұлыстарға қамқорлық танытып, бауырмалдық көрсеткен қазақ халқына ризашылықтарын білдірді.
– Масленица – қыс мезгілімен қоштасу, көктемді жаңа үміттермен, жарқын қуаныштармен қарсы алу мақсатында тойланатын мейрам. Жерлестерімді ынтымақтастық, достық, бірлік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Көңіл күйіміз өте жақсы, ауа райы да тамаша. Ассамблеяның жасап жатқан игі істері өте көп. Шығыс Қазақстан облысында 100-ден астам ұлт бар, 11 Достық үйі жұмыс істеуде. Оның барлығы Елбасының қолдауымен іске асып жатыр. Халықтар арасында орныққан достық, бірлік, бейбітшілік те Елбасының арқасы, – дейді облыстық славян мәдени қоғамдастығының жетекшісі Александр Яковлев.
Масленица мерекесіне жиналған жұртшылықты қоғамдық бірлестіктер мен ұлттық-мәдени орталықтардың жетекшілері құттықтап, аталмыш мейрамның түпкілікті мақсаты – кейінгі ұрпақты отансүйгіштікке, достық пен бірлікке тәрбиелеу екенін ерекше атап өтті.
Мерекелік шара барысында этномәдени бірлестіктердің өкілдері және өңіріміздің танымал өнер ұжымдары көктем мерекесін ары қарай әнмен әспеттеп, күймен көмкеріп әкетті. Олардың ішінде «Ладушки», «Бравый атаман», «Злато» ән ансамбльдері, сондай-ақ, «Мелодии Иртыша» вокалдық тобы, «Улыбка» хореографиялық би тобы, «Бастеньки» фольклорлық ән ансамбльдері және өзге де өнер ұжымдары болды. Осы күні алаңда сонымен қатар, мерекелік сауда-саттық ұйымдастырылды. Мерекеге жиналған балалар мен жастар түрлі байқаулар мен ойындарға белсене қатысты. Құймақ жеуден жарысу, Масленица мерекесіне қатысты сұрақ-жауап, арқан тарту, қол күресі сынды спорттық сайыстар мен ойындарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған жеңімпаздарға сыйлықтар үлестірілді. Сондай-ақ, жеке-жеке бұрыштарда неміс, украин, белорус, орыс, әзірбайжан, армян, шешен-ингуш, татар және кәріс халқы қолөнер шеберлерінің бұйымдары жұрт назарына ұсынылды.
– Ұлтаралық татулық пен бірліктің арқасында Қазақ елі жылдан-жылға өсіп-өркендеп келеді. Бүгінгі шараларға балаларымызбен бірге келіп тұрмыз. Олар мұндағы қызықты шараларға қатысып, қатарластарымен асыр салып ойнап, мәз-мейрам болуда. Осы мамыражай өмірдің қадірін түсіне білген жөн. Барлық жерлестерімді осынау жарқын мейраммен шын жүрегімнен құттықтаймын, – деді саябаққа екі ұлын ертіп келген қала тұрғыны Жанат Амангелдиева.
Мерекелік шара соңында өскемендіктер мен қала қонақтары қарақшыны өртеу рәсімін өткізді. Осылайша, қысты шығарып салып, көктемді қарсы алған жұртшылық мәз-мейрам болып тарқасты.
Ажар Мұратқызы