Білім

Ұлт мақтанышы айналған  ұстаз

 «Қазақ мектебін жетілдіру, ең алдымен, мемлекеттік тілдің көркеюі мен құлаш жаюында жатыр. Ол үшін қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың өнімді жолдарынан, яғни инновациялық технологиясынан іздену керек» деген екен ұлағатты ұстаз Қанипа Бітібаева. Қазақ мектептері – қазақтарға білім берудің басты құралы. Біздің үмітіміз, қазақ халқынын келешегі осы мектептерде.

Қалай десек те бүгінгі талапқа сай білім беру – ұстаздар қауымына жүктелер үлкен міндет. Асылында, қазіргі егемендігімізді алып, іргелі ел болуға ұмтылып бара жатқан ұлы көште бойымызға ана сүтімен дарыған ана тіліміз бен төл әдебиетімізді ұрпақ бойына сіңіре білу үрдісі үлкен мәселеге айналуда. Оның бір себебі, қазір ақпарат көзі көп, сондықтан жастар жан-жағына қарап өседі, көп тіл үйренгілері келеді, шетелдіктерге еліктеп көптеген елдерді аралап келіп, жастық желең көңілге бой алдырып, өз елінің асыл мұраларын ойлап бас қатыруға, былайша айтқанда, «уақыттары» жоқ. Өз ана тіліңде жазылған шығармаларды оқып, мағынасына мән беріп, тіл байлығы толысып жатқан жастар саны азаюда.

Менің жаңа қоғамға сай жабдықталған, жаңа форматтағы қарапайым аралас мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бергеніме бірнеше жыл болды. Өзім күнде сабақ беріп жүрген шәкірттеріме қарап ұлы Абайдың «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы…» өлеңін үнемі еске аламын. Ақынның айтып кеткен «шариғатқа шаласы…», «закон» білгеніне ғана қуанған ата-анасы – барлығы да қайталануда.

Олай дейтінім, кез келген ата-ана баласының бүгінгі заман талабына сай маман иесі болғанын қалап, шамасы келсе шет елдерден оқытуға тырысып бағуда. Жақсы, оқытқанына қарсы емеспіз, бірақ ескерер бір жай  – қазақ қоғамына пайдалы, еліміздің тілін, имандылығын, ұлттық құндылығын балабақшадан бастап осы мектепте сіңіріп жібермесек, көп тіл меңгерем деп «шала қазақтыққа» ұрынатын жастар санын көбейтіп алуымыз ықтимал.

Сондықтан айта кетерім, әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің басты міндеті – сонау ауыз әдебиетінен бастап тұнып тұрған тәрбиеге толы асыл мұраларымызды, рухани құндылықтарымызды сабақ барысында қару етіп, келешек ұрпаққа ұғындыру.

Жоғарыда айтылған қазіргі заман ұстазы келбетін ашатын ұстаздарымыздың бірі болған –  Қанипа Бітібаева.

Ол – 150-ге тарта ғылыми-әдістемелік мақаланың, 41 кітап, 10 естеліктің авторы.

Ұлт мақтанышы болған Қанипа апайымыз – талай шәкіртінің жолын ашып, болашаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, арманына жетуіне септігін тигізген нағыз жанашыр, мейірбан жан.

Осы орайда мақтанышпен  айтуға тұрарлық, облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының 2018 жылғы түлегі Әйгерім Әлібекова Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша олимпиадаға қатысып,  Қ.Бітібаева атындағы ректор грантына ие болды. Қазіргі уақытта Әйгерім – С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың екінші курс студенті. Болашақта Қанипа апамыздың жолын жалғастырып  ұстаз болуды армандайды.

«Елдің елдігін сақтайтын – әдебиеті, тарихы, жол-жоралғысы», – деп Мағжан Жұмабаев текке айтпаған. Өйткені Қ.Бітібаева мұраларын оқып, білім нәрімен сусындаған әр оқушы қазақ халқының тарихы мен әдебиетін, салт-дәстүрін жетік меңгеріп шығатынына мен кәміл сенемін.

Кенжегүл Рақышева, 

Винное орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Глубокое ауданы.

Осы айдарда

Back to top button