Мәдениет

Лондон төрінде Шәкәрім әндерін шырқатыпты

Лондон төрінде Шәкәрім әндерін шырқатыпты


Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейіне белгілі кәсіпкер, жерлесіміз, мәдениет пен өнердің жанашыры, Шәкәрім мұраларын насихаттаушы Медғат Құлжанов келді.

Медғат Құлжанов – Тобықты руынан тарайтын Топайдың ұрпағы. Оның тікелей ұйымдастыруымен Ұлы Абайдың 160 жылдық мерейтойы кезінде Астананың Конгресс-холында конференция өткізіліп, Абай өлеңдерінің жинағы тегін таратылды. Шәкәрімнің 150 жылдығы қарсаңында ойшыл жайында кино түсіріп, кітаптарын шығарып, әндерін жазғызып, елге тарту етті.

– Семейдегі Абай музейі өте ұнады. Қоры бай екен. Сол замандағы көріністі толық бере алады. Маңызды мағлұмат алып шықтым, – дейді музейдің асыл мұраларымен танысқан Медғат Кәрімұлы. – Бала кезімізде әкем марқұм Абай мен Шәкәрім туралы көп естеліктер айтатын. Үйде өлеңдерін оқып, кейде домбырамен әндерін салатын. Ниязбек ақсақал екеуі есікті жауып алып, Шәкәрімнің әндерін шырқайтын. Ол кез Шәкәрім қажы халық жауы боп тұрған шақ еді. Сонда бұлар неге сонша есікті жауып алып, тығылып ән айтады деп ойлайтынмын. Мұның сырын кейін түсіндім. Әкем Шәкәрім мен Абайдың өлеңдерін, қиссаларын маған көрсететін. Соны жазып алып, оқып жүрдік. Бір сөзбен айтқанда, Абай мен Шәкәрімнен рухани байлық алып өстік. Оны ұмыту мүмкін емес.

2010 жылдың қазан айының басында, Лондон қаласында, үш мың залдық үлкен концерттік залда Шәкәрім симфониясын қойдырыпты. Ағылшындардан құралған 70 адамдық хор Шәкәрім әндерін қазақша орындаған көрінеді. Сөйтіп, Лондон төрінде Шәкәрім әндері қазақ тілінде шырқалған.

Тілеукен Тілеубердіұлы

Осы айдарда

Back to top button