«Өлкетану» оқулығының тұсауы кесілді

Өткен аптада С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде 5, 6, 7 сыныптардың оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығының тұсауы кесілді. Бұл қандай оқулық? Жас ұрпақты тәрбиелеуде қандай пайдасы бар? Енді оқырманның көкейіндегі осынау сауалдарға жауап беріп көрейік.
Жаңа оқулық жарық көрді десе, шыны керек, кейбіреулердің жаратпай қарайтыны бар. Ондайлардың жүзінен кейде «Баланың басын қатырып не керек?» деген сауалды да айтқызбай оқуға болады. Бірақ, бұл оқулықтың жөні мүлдем бөлек. «Отан – отбасынан басталады» дегендей, өзіңнің кіндік қаның тамған туған өлкеңнің тарихын білмей жатып, әлемнің тарихын жадыңа тоқу мүмкін бе? Үлкен тарих қашан да кішкентай өлкенің тарихынан бастау алатыны сөзсіз. Осы орайда 5, 6, 7-сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығы Елбасы НұрсұлтанНазарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының нәтижесінде өмірге келгенін атап айтқымыз келеді. Аталған мақаласында Мемлекет басшысы: «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте
туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі» деп атап көрсеткен болатын.

«Біз осы жерде, еліміздің Шығысында дүниеге келдік. Осы жерде біз алғаш рет әлемдегі ең маңызды дүниелерді –ата-ананың махаббатын, аталарымыз бен әжелеріміздің жан жылуын, алғашқы шынайы достық пен алғашқы ғашықтықты тани бастадық. Бұл – бізді нәрлендіріп, әрқашан қуат беретін жер. Біз оның тартылыс күшін ғұмыр бойы сезініп өтеміз. Тағдырымыз бізді жер бетінің қай түкпіріне жіберсе де біз, түптамырымызды мәңгі есте сақтаймыз» деп жазылыпты оқулықтың алғашқы беттерінің бірінде.
Отанға деген махаббат басталады партадан
Осы жолдардың өзінен-ақ «Өлкетану» оқулығының көтерген жүгін байқап, бағамдауға болатындай. Өзінің түптамырынан ажыраған адам ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақ секілді. Ал қаңғыған қаңбақ болмау үшін өз өлкеңнің өрнегін білу ерекше маңызды.
– Өздеріңіз білесіздер, патриотизм, отанды сүю дегеніміз – мектеп партасынан басталады. Осы орайда 12 адамнан тұратын авторлар еліміздің Білім және ғылым министрлігі, облыстық білім басқармасының, «Шығыс» өңірлік орталығының тапсырысымен «Өлкетану» оқулығын әзірледік. Олардың арасында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің, Семейдегі Шәкәрім атындағы университеттің, Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы училищенің оқытушы-ғалымдары мен мектеп мұғалімдері бар. Десе де негізгі күш Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті ғалымдарының мойнына түскенін атап айтқым келеді. Әрине, «Өлкетану» оқулығы энциклопедия емес. Сондықтан да мұнда бәрін қамту да мүмкін емес. Оқулық білім және ғылым министрі бекіткен оқу бағдарламасы бойынша әзірленді. Ғалымдарға 20 нақты тақырып бойынша жұмыс істеу тапсырылды. Әр тақырыптың мақсаты жаңа білім беру бағдарламасы бойынша анықталды, – дейді авторлар ұжымының жетекшісі, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Жанна Аубакирова.
Оның айтуынша, «Өлкетану» оқулығы жеке пән ретінде де, факультатив ретінде де жүргізілмейді. Мектеп бағдарламасында жаңа оқулыққа 20 сағат қана бөлініп отырған көрінеді. Оқулықта «Қазақстан тарихы», «Қазақ әдебиеті», «География» және «Музыка» пәндері бойынша материалдар жинақталғандықтан, бұл оқулықты аталған пәндердің мұғалімдері өздерінің күнтізбелік жоспарларына сай өткізетін болады.
Жалпы, оқулықтың мақсаты – оқушыларды туған жердің тарихы, мәдениеті және табиғатымен таныстыру, зерттеу дағдыларын, отансүйгіштік және кіші отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру.
– Біз оқулықпен жұмыс істеу барысында бірнеше қағиданы басшылыққа алдық. Әрбір параграфқа кірісер кезде біз «Балаларға не айтамыз?», «Қалай айтамыз?» деген сауалдарды ең алдымен өзімізге қойдық. Авторлар ұжымының дені негізінен жоғары оқу орындарында жұмыс істегенімен, оқулықтың мектеп оқушыларына арналғандығын әсте естен шығарған жоқ. Сондықтан да оқулықтың мәтінін аса күрделендірмеуге, ғылымиландырмауға тырыстық. Мысалы, «Өлкетану» оқулығының 5-сыныпқа арналған бөлімі негізінен өлкеміз туралы аңыз-ертегілерге құрылған. Өйткені 5-сынып оқушылары әлі бала ғой. Тіпті оларды жасөспірім деп те айтуға келмейді. Ал 6-сыныпқа арналған бөлімде біз біртіндеп ғылыми терминдер мен түсініктерді енгізе бастаймыз. Ал 7-сыныпта оқушылар шығармашылық жұмыстарға ден қоя бастайды. Зерттеу жұмысының қалай жазылатынымен танысады. Осылайша. әр бөлім сайын біз балалармен бірге өсіп отырдық, – дейді «Өлкетану» оқулығы авторларының бірі, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті Элеонора Столярова. Сондай-ақ оқулықта суреттерге де көп көңіл бөлініпті. Өйткені оқу бір басқа да, өлке тарихын сурет арқылы қабылдау бір басқа.

Шығыста ақын жазушылар көп
Жоғарыда оқулықты әзірлеуге өңірдегі мектеп мұғалімдері де атсалысқанын айттық. Солардың бірі – Өскемен қаласындағы №27 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Б.Мұқанов.
– «Өлкетану» оқулығындағы қазақ әдебиеті бөліміне төрт сағат бөлінген: 6-сыныпқа екі сағат және 7-сыныпқа екі сағат, – дейді ол. – Әңгімені 6-сыныптан бастасақ, жалпы қазақ әдебиеті аспаннан түсе қалған жоқ. Ұлы Абайдың алдында да қазақ әдебиетінің майталмандары болды. Сонау жыраулар поэзиясындағы Ақтамберді жырау, Ақтайлақ биден бастап он бесінші ғасырдан бері қарайғы шайырлардың өмірбаянын, туған жерге байланысты шығармаларын атап өтуге тура келді. Өйткені Абай, Дулат сынды ақын-жазушыларды аттап өтіп, бертінгі ақын-жазушыларға бірден көшіп кету де дұрыс емес деп ойлаймын. Бірақ барлығын төрт-ақ сағатқа сыйдыру мүмкін емес. Жалпы, Шығыс Қазақстандағы ақын-жазушыларды түгендеудің өзі өте қиын дүние. Біздің Шығыстың өзінде 1080 ақын-жазушы бар екен. Бұл біздің басымыздағы бір үлкен бақ болса, ал енді осы оқулықты жазуға келген кезде осы 1080 ақын-жазушы біздің «бас ауруымыз» болды. Десе де осының ішінен іріктеп, саралап, өзінің туған өлкесін дәріптеген ақын-жазушыларды енгіздік. Сондай-ақ 6-сыныптағы тақырыптарға қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқан ғалымдар да кірді. Ал 7-сыныпта әр өлкенің ақын-жазушыларын қамтуға тырыстық. Сондай-ақ 7-сыныпқа арналған бөлімде оқушылар өлкедегі газет-журналдардың, басылымдардың тарихымен, ол басылымдарда қандай тұлғалар жұмыс істегені туралы ақпараттармен де танысады.

Қалай десек те, «Өлкетану» оқулығын әзірлеуге авторлар құрамының үлкен күш жұмсағаны көрініп тұр. Қазіргі күні оқулықты «Атамұра» баспасы басуға әзірлеуде. Сөйтіп, алдағы 2019 жылдың қаңтарынан бастап оқулық өңірдегі мектептерде апробациядан өтетін болады. Алдағы уақытта авторлар құрамы оқулықты электронды қосымша материалдармен толықтыруды жоспарлап отырған көрінеді.
– «Өлкетану» деп мынадай оқулық шығарған соң, неге оны мектеп бағдарламасына жеке факультатив етіп немесе жеке пән ретінде кіргізбеді деп ойлаймын. Мысалы, 5, 6, 7-сыныптардың оқушылары аптасына бір сағат оқыса болады ғой. Жалпы, «Рухани жаңғыру» деген ұғымның өзі өлкетанумен тығыз байланысты. Қазіргі уақытта мектептің орыс сыныптарындағы ғана емес, қазақ сыныптарындағы оқушылар да өз өлкесінің тарихын білмейді. «Өлкетануды» жеке пән ретінде мектеп бағдарламасына енгізсек, сол олқылықтың орнын толтырар едік, – дейді Риддер қаласындағы №10 мектептің география пәнінің мұғалімі Гүлнар Баянбаева.
Мейрамтай Иманғали