Мәдениет

Үлкендер үлгі көрсеткен фестиваль

Үлкендер үлгі көрсеткен фестиваль

Тұңғыш Президент күні қарсаңында Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында «Үлкеннен үлгі!» атты аға буын өкілдері арасындағы облыстық фестиваль өтті.
Алғаш рет өтіп отырған фестиваль бұдан былай дәстүрлі түрде жыл сайын жалғасып тұрмақшы. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы ұйтқы болған бұл шараға облысымыздың дүгелдей дерлік аудандарынан зейнеткерлер мен аға буын өкілдері қатысты.
Фестивальдың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Жақысылық Омар қатысты.
– Барлықтарыңызды шын жүректен келе жатқан Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын. Бейбіт аспаны, еңбекқор халқы, дана басшысы бар Қазақстанның болашағы жарқын болуы тиіс. Біз үлкенге – құрмет, кішіге – ізет еткен халықпыз. Осы қалыптарыңыздан таймай, жүздеріңіз жарқын болып жүре беріңіздер. Жастар сіздерден үлгі ала берсін, – деді құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары.
Шараға қатысушылар төрт конкурс бойынша сынға түсті. «Немере-өмір жалғасы» фотобайқауы, «Өнер алды – қызыл тіл» мүшәйрасы, «Атамның ақ батасы» батагөй ақсақалдар байқауы және «Шебердің қолы алтын» қолөнершілер көрмесі. Бұл байқауда шеберлер көрмеге өздері жасаған қолөнер бұйымдарын қойды. Оның ішінде қылқалам туындылары, ағаш, тоқыма бұйымдары, тіпті, зергерлік заттар да бар.
Көрме қызықтаған жұрттың назарын ерекше аударған дүние – Зайсан ауданынан келген суретші Нәзигүл Шәрібаеваның суреттері болды. I топтағы мүгедек қолының кемістігіне қарамай майлы бояумен әйгілі қазақ хандарының суреттерін салып әкеліпті. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған топтаманың тамашалаған жұрт мүмкіндігі шектеулі жанның өнерге деген құштарлығына разы болды. Ал облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар зайсандық суретші әкелген топтаманың ішінен Абылай ханның картинасын сатып алып, туындыны облыстық өнер мұражайына сыйға тартты.
Келесі алаңда қариялардың бата беру байқауы жүріп жатқан болатын. Байқауға қатысушылардың аузынан батаның небір жауһар түрлері төгілді. Ұлағатты байқауға барлығы аузы дуалы 19 ақсақал қатысып, бата берді.
Ал «Немере-өмір жалғасы» атты фотокөрменің басты мақсаты ата-әжелердің ұрпағымен терең мағыналы байланыста болуын көрсету болды. Фотокөрмеге зейнеткерлер өздерінің немерелерімен түскен сәтті суреттерін әкеліпті. Бос уақыттарын босқа жібермей, мағыналы іске жұмсай білетін ата-әжелеріміз фото өнермен де тұрақты айналысатын болып шықты. Көрмеде тізілген суреттерден осыны байқауға болады. Үздік фото авторы болып тарбағатайлық Тұрсын Қалмақбаев атамыз танылды.
Ақындар да жырдан шашу шашты. «Өнер алды – қызыл тіл» мүшәйрасында біздің қариялар өлеңнен де, өнерден кенде емес екендігін көрсетті. Мүшәйраға барлығы 19 ақын қатысты. Байқауға қазылық еткен ақын, облыстық филармонияның бас әкімшісі Серік Бақтыбаевтың айтуынша, аға буынның өлеңдерінде шынайылық бар. Ақын ата-апаларымыздың көбінің кітаптары да шығып үлгеріпті. Олардың арасында тарбағатайлық Серік Жұматов сынды танымал ақындар да өнер көрсетті.
Фестиваль соңы облысымыздағы медициналық мекемелердің өнерпаз қызметкерлері дайындағын ауқымды концертке ұласты. Бұл фестиваль дәстүрлі түрде жалғасатын болады.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button