«ҮЛКЕН ҚОЛМЕН» БАЛ АЛУ ОҢАЙ БОЛМАҚ
Көкпекті ауылында ара өсіріп отырған кәсіпкер канадалық құрал-жабдықтар сатып алып, бал өндіру үдерісін жеңілдеткелі отыр.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 2,7 млн теңге көлемінде грант алғалы отырған көкпектілік омарташы Әділет Рапеков тегін берілетін бұл қаражатқа канадалық технология бойынша жұмыс істейтін құрал-жабдық сатып алмақ.
-Мемлекеттік грантқа кран-арқалық сатып аламыз, жаңа құрал бал алу үдерісін механикаландырады. Кран-арқалық былайынша айтқанда, гидравликалық манипуляторға ұқсас төрт метрді құрайтын «Үлкен қол». Осы құрал айыр ретінде ара ұяларын көтеріп, түсіріп, бұрын адам қолымен атқарылып келген бұл жұмысты өзі атқаратын болады. Канадалық құралды сатып алғаннан кейін өнеркәсіптік омарташылықты дамытып, ара ұяларының көлемін де, санын да ұлғайтамын. Бұл – өнеркәсіптік омарташылыққа арналған жүйе. Өзім айналысқалы отырған өнеркәсіптік омарташылықта кеңінен пайдаланылатын салмағы 250 келілік бір ұяны жалғыз адамның көтеруі мүмкін емес. Кәдімгі ара ұялары 60 келіні құрайды. Екі корпусты ұялар – 100 келі. Ал канадалық ұялар көп корпусты. Балды сығымдау кезінде біз араларды ауа қысымымен қуып шығамыз да осы «кран-арқалықпен» ұяларды түсіріп, көтереміз. Қазіргі күні әр жақтауды қолмен алып, олардан араларды тазалап, бал өндіру үдерісінің бәрін қолмен атқарып отырмыз, – дейді омарташы Әділет канадалық «Үлкен қолының» өнеркәсіптік омарташылықты өркендетуіне көп септігі тиетінін айтып.
Бұған қоса омарташы өз қаражатына бал сығатын балтартқыш сатып алмақ, оның құны – 600 мың теңге. Осылайша, көкпектілік кәсіпкер күніне 1,5 тонна бал өндіруді жоспарлар отыр. Кәсіпкер сонымен қатар аралардың қысты аман-есен өткізуі үшін оларға «термодатчиктері», жылу реттегіштері бар қыстақ салуды көздеп отыр.
Қазіргі таңда омартадағы жұмыс қажырлы еңбекті, көп уақытты талап етеді. Омарта шаруашылығы қайта жаңғыртылғаннан соң, бал өндіру еселене түспек. Канадалық технология бойынша 100-ден 1000 ара ұясына дейін ұстауға болады. Қазір омарташыда 100 ара ұясы бар.
Облыс кәсіпкерлері палатасы Көкпекті филиалының директоры Әлия Мұқашеваның айтуынша, кәсіпкердің жобасы инновациялық және өңірде баламасы жоқ жоба.
-Жоба өте тартымды, әрі біздің сүйемелдеуімізде тұр. Жас кәсіпкер түрлі жәрмеңкелер мен көрмелерге қатысады. Жыл сайын «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына да қатысады, – дейді директор.
Жанаргүл Мұқатай