Үлкен өмірге қадам басты
Кеше облыс мектептерінде соңғы қоңырау соғылды. Өскемендегі №39 мектеп пен Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектеріне сәт сапар тілеп, оқу жылынып аяқталуымен құттықтауға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова арнайы келді. № 39 мектептің 52 оқушысы бұл күні үлкен өмірге жолдама алды.
– Бүгін сендер үшін өте маңызды күн. Өмірдің бір белесіне қадам бастыңдар. Алдағы өмірлеріңе тек сәттілік тілеймін. Мәртебелі оқу орындарына түсіп, еліміздің дамуына үлес қосатын мықты маман болыңдар. Білім қуып ешқайда кетудің қажеті жоқ. Ол үшін облыста барлық жағдай жасалған. 105 ұлттың өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқан Шығыс – сендердің ортақ үйлерің. Сапалы білімді осындағы оқу орындарынан да алуға болады. Осы жерде өсіп-жеттіңдер, осы өңірдің, елдің түлеуіне үлес қосу әрқайсыларың үшін абырой, – деді Әсем Нүсіпова.
Мектеп директоры Руза Бердібаеваның айтуынша, биыл бітіріп жатқан түлектердің 80 пайызы үлгілі оқушылар, біреуі «Алтын белгіні» қорғауға дайын.
Ұстаздарына жүрекжарды жыры мен жылы сөзін арнаған түлектердің қабағынан қимастық сезімді байқадық.
– Мектептегі соңғы күндер сондай жылдам өте шықты. Уақыт жақындаған сайын сыныптастарыңа, ұстаздарыңа деген қимастық сезім үдей түседі екен. Қайда жүрсем де, олар менің жүрегімде қалады. Өйткені, олар балалық шағымның белгісі ғана емес, менің адам болып қалыптасуыма әрқайсысының қосқан үлесі бар, – дейді осы мектептің түлегі Шыңғыс Тоқтарбеков.
Шыңғыс әскери институтқа түсуді бала кезден армандаған. Алайда, денсаулығына байланыста қабылдаудан өте алмаған екен. Шыңғыс оған әсте налымайды. Ендігі мақсаты – Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-ға түсу. Ендеше үлкен өмірге қадам басқан барша түлекке ақ жол тілейміз.
Осы күні Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері де алтын ұяларымен қоштасты. «Жас түлек. Жаңа қадам. Жарқын болашақ!» деп аталған мерекеге оқушылармен бірге ата-аналары, мұғалімдері, қонақтар жиналды.
Жиналғандарды оқу жылының аяқталуымен облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова құттықтады.
– Назарбаев зияткерлік мектебі – орта білімнің стандарты болып табылады. Қазір жалпы білім беретін мектептерде де зияткерлік мектептің стандартымен оқытады. Облыс басшылығы басқа балаларға да мемлекет сіздерге тудырған қолайлы жағдайларды, тамаша кабинеттерді жасау үшін, олардың да осындай қолайлы жағдайда білім алуларына қолдан келгенін жасап жатыр. – деді облыс әкімінің орынбасары. – Бүгінде Білім және ғылым министрлігі гранттарға теңдесі жоқ ақша бөледі. Бізде Астанада, Алматыда керемет университеттер бар, өзіміздің Сәрсен Аманжолов және Дәулет Серікбаев атындағы университеттер. Сіздердің білімдеріңізді осы жоғары оқу орындарында жалғастырып, орта және жоғары білім берудің керемет дәстүрлері қалыптасқан облысымызға пайдаларыңызды тигізулеріңізді қалаймын.
Мерекенің маңызды бөлігі түлектерді құрметтеумен жалғасты. Осы мақсатта үздік түлектердің шеруі ұйымдастырылды. 79 үздіктердің қатарына IELTS халықаралық сынағында ең жоғары 8 ұпай жинағандар, «Алтын белгіге» үміткерлер, үздік аттестат иелері, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері кірді. Олармен бірге Германиядағы Мюнхен бизнес мектебінің, Гонконг политехникалық университетінің, Санкт-Петербург экономикалық университетінің білім гранттарының иегерлері, өздерін оқуда және «Туған елге – тағзым», «Қоғамға қызмет етуде» «100 кітап» сияқты қоғамдық қызметтерде өзін көрсете алған басқа да белсенді оқушылар болды.
Қазақтың атақты хандары мен батырларының қатысуымен театрландырылған қойылымда түлектер елімізге қызмет етуге уәде етті. Түлектер білімнің символдық алауын мектеп қабырғасындағы балаларға табыстап, аспанға ақ көгершіндерді ұшырды.
Лаура Тілеубайқызы,
Айна Ескенқызы