Білім

Үлкен өмірге 146 түлек «Алтын белгімен» аттанды

Үлкен өмірге 146 түлек «Алтын белгімен» аттанды

Өскемендегі амфитеатрда балалық шақтың балдәуренімен қоштасып, үлкен өмірдің алғашқы сатысын «Алтын белгімен» аттаған үздік түлектерге арналған мерекелік кеш өтті. Ата-аналарының ғана емес, бүкіл облыстың мақтанышына айналған озаттардың қуанышты мерекесіне облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, олардың құрбы-құрдастары, әке-шешелері мен қала тұрғындары қатысты.

Мерекенің басты кейіпкерлері – «Алтын белгі» иелері кешке нағыз жұлдыздардай лимузинмен келсе, №16 мектептің 124 балл жинаған үздік оқушысы Сая Сержанқызы тіпті, алтын күймемен жеткізілді. Қоштасу балы мектеп өмірінің белестерін сахналаумен басталды. Кешегі бұрымдарына ақ бантик таққан қыздар бүгінде сәнді көйлек киген бойжеткендерге айналыпты. Ал сайдың тасындай бозбалалар нағыз қорғаушылардай нәзік құрбыларын бидің ырғағымен көтеріп алды…

Биыл облыста он мыңнан астам түлек алтын ұядан түлеп ұшты. Олардың білім көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда көп жоғары. Былтыр облыстың білім қоржынында 98 «Алтын белгі», 42 үздік аттестат болған. Ал 2014 жылы шығысқазақстандық 146 мектеп бітіруші «Алтын белгі» иегері атанып, 65 түлек үздік аттестатпен марапатталды. Сонымен қатар, біздің оқушылар Өскемен мен Шымкент қалаларында өткен екі республикалық олимпиадада көш бастады.

– Сіздер, міне, 11 жылғы еңбектеріңіздің жемісін көріп отырсыздар. Сіздермен бірге қаншама мазасыз күндер өткізген ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыз үшін де айтулы күн бүгін. Облыстың білім саласындағы жетістіктері ең алдымен осы бағытта атқарылып жатқан қыруар игі жұмыстардың нәтижесі. Жыл сайын жаңа білім ошақтарының қатары көбейіп, олар инновациялық технологиялармен жабдықталуда, – деп атап өтті өзінің құттықтауында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

Биыл үздіктерді «Алтын белгімен» марапаттау рәсімі оныншы рет өткізіліп отыр. Жиналғандар бейнетаспадан облыста осы марапатқа ие болған түлектерді марапаттау сәттерін тамашалады. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мен Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов үздік түлектерге «Алтын белгі» мен облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ атынан сыйлықтар тапсырды.

– Құрметті түлектер! Сіздер ең қызықты шақтарыңызды артқа тастап, өмірдің тағы бір белесінен сүрінбей өттіңіздер. Сіздерге қарап, еліміздің болашағы білімді де білікті жастардың қолында боларына сенімдіміз. Бүгіннің өзінде сіздер барлығымыздың мақтанышымызға айналып отырсыздар, болашақта да ел үмітін ақтайсыздар деп сенеміз, – деп жеткізді Жақсылық Омар түлектерге ақжарма тілегін.

Мерекелік кеште түлектер құрметіне жергілікті шығармашылық топтар концерт берді. Оның соңы жастардың би кешіне айналып, отшашумен аяқталды.

«Алтын белгі» иегері, Өскемендегі №16 мектептің түлегі Диляра Досжанқызы бірінші сыныптан үздік оқыпты.

– Қызымыздың бұл сынақтан сүрінбей өткені – ең алдымен оның оқуға деген ынтасы мен біздің сеніміміз, – дейді оның анасы Ләйлә Есембаева. – Біз оған үнемі жайлы жағдай туғызуға тырыстық. Қалғаны өзінің білімі мен күш-жігерінің арқасы деп ойлаймын.

Диляра экономист болу үшін еліміздің үздік жоғары оқу орындарының бірі – Лев Гумилев атындағы Еуразия университетіне түсуді қалапты.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button