Қылмыс

Лицензиясыз «1С» бағдарламасын таратқан

Шығыс Қазақстан облысының аумағында ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтардың жолын кесуге, алдын алуға және ашуға бағытталған «Anti-fraud» мемлекетаралық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілді.

Облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері іс-шара кезінде 14 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтап ашты, олардың басым бөлігі – интернет-алаяқтық қылмыстар.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері «1С» бағдарламалық өнімін заңсыз таратып, авторлық құқықты бұзған Тараз қаласының 40 жастағы тұрғынын ұстады.

– Тергеу іс-шаралары барысында ұсталған адамның авторлық құқықты бұза отырып, «1С» бағдарламалық өнімдерін ақшалай сыйақы үшін орнатқаны (таратқаны) анықталды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 198-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, оған сәйкес санкция бойынша айыппұлдан бастап 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде жаза көзделген. Полиция департаменті зияткерлік меншіктегі авторлық құқықты бұзу қылмыстық құқық бұзушылық екенін ескертеді, – деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Татьяна Карпова.

Кәсіпкерлерге ескертеріміз, зияткерлік меншік өнімдерін заңды түрде сату үшін сатушыда құқық иесімен келісімшарт болуы тиіс. Ресми іске асыру бухгалтерлік құжаттарды рәсімдеумен қатар жүруі керек, өйткені бағдарламалық өнімдер кәсіпорынның балансында тұрады және қаржылық және статистикалық есеп берудің элементі саналады.

Полиция қызметкерлері сақ болуды, зияткерлік меншік өнімдерін жеке жарнамалардан сатып алмауды, өз бизнесіңізді қорғауды және алаяқтардың құрбаны болмауды ескертеді.

Дәурен Аллабергенұлы

 

 

Осы айдарда

Back to top button