Мәдениет

Лингвистикалық орталыққа он жыл толды

Лингвистикалық орталыққа он жыл толды


Ел Тәуелсіздігінің 25 жылында тіл сая¬сатында үлкен жетістіктерге қол жеткіздік деп айтуға негіз бар. Қазіргі таңда респуб¬лика тұрғындарының 76 пайызы мемлекеттік тілді білетін болса, 21 пайызы ағылшын тілін меңгерген көрінеді. Мұндай нәтижеге жетуге, әрине, республикадағы тіл оқыту орталықтарының да қосқан үлесі зор деп айтуға болады. Биыл Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының құрылғанына он жыл толып отыр. Таяуда мерейтойы Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен қатар келіп отырған орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан болатынбыз.

Лингвистикалық орталықтың тарихы 2006 жылдан бастау алады. Сол жылы облыс әкімдігінің №237 қаулысымен «ШҚО мемлекеттік тілді оқыту орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны құрылыпты. Мұндай орталық сол кезде, әсіресе, өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған өңірге ауадай қажет еді. Орталықтың негізгі мақсаты – елімізде тұратын барлық этностың тілін сақтай отырып, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы саналатын мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету болатын. Лингвистикалық орталық директорының міндетін атқарушы Айнұр Ботабаеваның айтуынша, осы он жылдың ішінде облыстың өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған аудан, қалаларындағы 10 тіл оқыту орталығы мен 1 облыстық орталықта 25 мыңнан астам адам мемлекеттік тілді оқып үйренсе, оның 8 мыңнан астамы мемлекеттік қызметшілер көрінеді.

– Осынау он жыл ішінде тіл оқыту орталықтары бірқатар маңызды жұмыстар атқарды. Біріншіден, республика бойынша ересектерге тілді оқытудың типтік бағдарламасы мен бекітілген стандарт бойынша жұмыс жүргізіп келеміз. Екіншіден, мемлекеттік тілді оқытудың инфрақұрылымын жасадық. Үшіншіден, онлайн режимі арқылы қашықтықтан оқыту мүмкіндігін іске асырып отырмыз. Төртіншіден, тіл оқыту орталықтарының аккредиттелген желісін құруға алғашқы қадамдар жасалды. Бесіншіден, жыл сайын «Қазтест» бағдарламасы негізінде білім деңгейін анықтап келеміз. Ең бастысы тіл үйрену үшін барлық тұлғаларға мемлекеттік қолдау көрсетіліп, орталықтарда тегін курстар ұйымдастыру жұмыстары бір іздендірілді, – дейді ол.

«Тілашар» тегін үйретеді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «2025 жылға қарай отандаста¬ры¬мыздың 95 пайызы қазақ тілін білуі қажет» деп айтқаны белгілі. Осыған орай орталық тек мемлекеттік қызметшілерді оқыту мәселесін ғана басты назарда ¬ұстамай, мемлекеттік тілді жалпы ересектерге үйретуді де мақсат тұтып келеді. Орталықта 2007 жылдан бастап тілді меңгерем деген азаматтар үшін екі айлық тегін «Тілашар» курсы жұмыс істейді. Курстың мақсаты – тіл үйренушілерге күнделікті тұрмыста қолданылатын сөздерді үйрете отырып, ауызекі сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, қазақша қарым-қатынасқа түсуге үйрету. Аталған курсқа осы орталықтың аға әдіскері, 2010 жылы Астана қаласында өткен «Қазақ тілінің мультимедиялық сабақтары» атты ІІ республикалық фестивальдің 1-орын иегері Сәния Исаханқызы Ақласова арнайы бағдарлама да әзірлеген көрінеді. Бұл бағдарламада қарапайым және қызықты модульдік технологияның элементтері қолданылған. Алғашында 72 тыңдаушымен жұмыс бастаған курс бүгінгі күні әртүрлі санаттағы азаматтардың қазақ тілін үйреніп, ауызекі сөйлеу дағдысын қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Бүгінге дейін Өскемен қаласынан 3 мыңнан астам адам курстан өтсе, облыс бойынша 5603 адам оқып шыққан. Ал ерекшелігіне келер болсақ, мұнда тіл үйренушілер 2 ай көлемінде жүйелі түрде аптасына 9 рет 90 минуттан сабақ оқып, практикалық дағдыларды қалыптастырып, модульдер бойынша жұмыс істей алады. 60 сағаттық курс соңында тыңдаушылар қойылған сұрақтарға еркін жауап беріп, өзара түсінісіп сөйлесуге қол жеткізеді екен.

– Кейде тыңдаушылар өзге ортада бөтен адамдармен қазақша сөйлесе алмай қиналып, ыңғайсыз жағдайда қалып қою сияқты тілдік барьерден өте алмай жататындарын айтады. Әрине, мұндай жағдайда ең алдымен біреудің қолдауы қажет. Тіл үйренуші алған білімін күнделікті өмірде қолданып отырмаса, алған білімі бірте-бірте ұмытылып қалады. Сондықтан белсенділік танытып, қазақ тілді азаматтармен сөйлесіп, тілдік ортаға толығымен енуі қажет, – дейді Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының оқытушысы Құралай Мұқашева. Осы мақсатта 2010 жылдан бастап орталықта «Ойна да күл, қазақша біл» деп аталатын тілдік лагерь ұйымдастырылып келе жатқан көрінеді. Онда тіл үйренушілер оқытушылармен бірге қала сыртына шығып, көшедегі бейтаныс адамдармен қазақша тілдесіп, араласуға тырысады. Сондай-ақ, дәріхана, дүкен сатушыларымен, автобус кондукторларымен және дәмхана, мейрамхана, автобекеттер секілді халыққа қызмет көрсететін орындарда қазақша сұхбаттасуға бейімдейтін практикалық сәттер де болады. Аталған лагерьге жазғы уақытта «Тілашар» курсын үздік аяқтаған азаматтар шақырылатын көрінеді.

¬- Ана тіліне қамқорлық ең алдымен сол тілде сөйлейтін халыққа жүктеледі демекші, менің парызым – мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарға мемлекеттік тілді үйрету, – дейді Құралай.

Сонымен қатар, орталық 2010 жылдан бастап «Учимся говорить по-казахски» сайты арқылы тіл үйренем деушілерге қазақ тілін қашықтықтан оқуға мүмкіндік жасап келеді. Бүгінде бұл сайттың қызметін республика бойынша 1 миллионнан астам адам пайдаланыпты.

Оқытушылары жарыстарда озып жүр

Бір атап айтарлығы, 2013 жылдан бастап орталық мемлекеттік тілмен қатар жаһандану тілі болып саналатын ағылшын тілін де оқыта бастаған. Міне, осыған байланысты орталықтың атауы Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы деп өзгертіледі. Бүгінгі күні 1500 мемлекеттік қызметкер ағылшын тілін оқып шыққан көрінеді.

– «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, 10 жыл қазақ тілінің қамын жеп, тілім деп жүрегі тілімделген, жаны қазақ, қаны қазақ қыздарының бірі әрі бірегейі, орталықтың басшысы болып, жақында зейнеткерлікке шыққан Бақыт Кәрімқызы Ағажаева хақында сөз қозғамау бізге сын. Бауыржан Момышұлының «Ел үшін аянба» деген өсиетін берік ұстанған ұстаз басшылық қызметінде ұлтының тілі мен мәдениетінің өркендеуі жолында аянбай еңбек етті. Ер-азаматқа бергісіз ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетінің арқасында орталық Елбасының тіл саясатын жүзеге асыруда толағай табыстарға жетті. Сонымен қатар, 2011 жылы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығымен қоян-қолтық жұмыс істеп, «Қазтест» – қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау жүйесін облыс орталықтарына енгізуге сол жылдары облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы қызметінде болған Манарбек Мұхамеджановтың да ерен еңбегін ескермеске болмас. Міне, осы салынған дара жолдың арқасында бүгінгі күні облыс көлемінде осы жүйе бойынша Ұлттық тестілеу орталығымен тығыз іскерлік қарым¬-қатынас әлі де жалғасын тауып жатыр. Осы орайда 593 қызметкер республикалық үлгідегі сертификатқа ие болғанын айта кеткен жөн, – – дейді аталған орталық директорының орынбасары Сәуле Ибраева.

Сондай-ақ, өз сөзінде Cәуле Тұрғазықызы педагогикалық шеберлік пен өнерді бір басына тоғыстыра білген орталық оқытушылары жайында да айтып берді. Астана қаласындағы Ш.Шаяхметов атындағы республикалық үйлестіру орталығы дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастыратын «Қазақ тілінің үздік оқытушысы» республикалық конкурсында Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы оқытушылары жүлдесіз қайтпайтын көрінеді. 2012 жылы орталық оқытушысы Арай Белгібайқызы бас жүлдені жеңіп алса, 2013 жылы Назым Зейнатоллақызы екінші орынды, ал 2014 жылы Салтанат Мырзабекқызы ең үздік инновациялық сабақ номинациясын қоржынға салған екен. Былтырғы жылдан форматы күрделенген бұл сайыста лингвистикалық орталықтың оқытушысы Құралай Мырзабекқызы «Ең үздік электронды портфолио» номинациясымен ерекшеленіп, қазылар алқасының назарына іліккен.

Десе де, орталық қызметкерлерін алаңдататын мәселе де жоқ емес. Ол – тіл оқыту орталықтарының жекешелендіруге жататын коммуналдық меншіктегі ұйымдар тізбесіне еніп кетуі. Өйткені, мемлекет пен жекеменшіктің мақсат-мүддесі мүлдем бөлек. Жекеменшік иесі қашан да қаржы табуды көздейтін болса, мемлекеттікі Конституцияның 93-бабын орындау, яғни азаматтардың тілді тегін меңгеруіне барлық жағдай туғызу.

«Мемлекеттік тіл – мәңгілік еліміздің мәңгілік тілі болып қалатынына сенгіміз келеді» дейді орталықтағылар. Бұған біздің де сенгіміз келеді.

Лингвистикалық орталыққа он жыл толды

Осы айдарда

Back to top button