Мәдениет

Әлимен бірге ән шырқады

Әлимен бірге ән шырқады
Қала күні мерекесін тойлауға Өскемендегі орталық алаңға халықтың күндіз жиылғаны жиылған ба? Нағыз иін тірескен жұртты кешке көрдік. Адам жоғалады.
Рас, орталық алаңда бір-бірінен көз жазып қалған жұртты концерт тізгіншілері ән арасында хабарлап табыстырып жатты. Кейбір намысқа тырысқандар өздері табысып жатты. Табыспай кеткендері де болғаны анық…
Ал үйден шығарда уәделесіп алған адамдар хакім «Абайды» темірқазық ұстаныпты. Адаспады. Оған көзіміз жетті. Ескерткіш маңындағы жұрттың құлағында – телефон, аузында «сол, ескерткіштеміз ғой», «бағанағы жерге кел» деген сөздер еді.
…Жүргізушілер әншілерді хабарлай бастағанда үлкендер жағының жүзінен таңданыс білінді.
– Қазақ эстрадасының жұлдызы дей ме?
– Есімін бірінші естуім… – деді олар біріне-бірі қарап.
Ал ән басталғанда «е, Құдай-ай» деді сосын.
– Әй, мына әнді менің екідегі немерем айтады-ей, О, құдіре-ет…
– Білем бұл әнді.
– Әне… әне, тыңдасаңшы.
«Сам-мая вышка»… «сам-мая вышка»… «Мың рет өзгерем»… «сенбесең сөз берем»… «Бил-ле»… «менімен бил-ле»… «Көк аспаннан-н… жаңбыр бая-яу»…
– Әншіні бекер шақырған ғой, өздері айта салмай…
Жүргізушілер хабарлай бастағанда үлкендер сәл тосылып қалса, жастар жағы танитындығын білдіріп уласып-шуласып жатқан еді.
– Оларды былтыр ешкім танымайтын… Олардың өзі де танымал болып, жұлдызға айналамыз деп ойламаған… Қарсы алыңыздар… Райым мен Артур!..
– У-у!..
– Қарсы алыңыз… Зируза-а!
– У-у! Ура!
«Сам-мая вышка»… «Мың рет өзгерем»…
Осы Зируза бес ән айтып, соңын «Жолама» деген әнімен түйіп сахнадан түсіп келе жатқанда бір топ адам ентелей ұмтылды. Бірақ «Жоламаны» тыңдаған сарбаздар ешкімді жолатпады.
Одан кейін сахнаға елге кеңінен танылған Әли Оқапов пен Дастан Оразбеков шықты. Халықты қала күнімен құттықтап, жастар жағын әбден билетті.
Бұл күні Өскемен қаласының дамып, өркендеуіне үлес қосқан қарапайым еңбек адамдары да марапатқа ие болды. Оларды Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омармен «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майраш Екібасова марапаттап, жиылған жұртшылықты қала күнімен құттықтады.
– Өскемен өз қаласын шексіз сүйетін, еңбекқор жандардың арқасында дамып, алға басуда, – деді Жақсылық Омар.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button