Әлихан Бөкейхановқа ескерткіш орнатылды

Биыл елімізде «Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай ауқымды іс-шаралар легі болған еді. Осыған орай, қаладағы Жеңіс сквері жанында Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші ашылды.
Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, қала әкімі Ермак Сәлімов, академик Ғарифолла Есім, Әлихан Бөкейхановтың туыстары, зиялы қауым, тарихшылар мен алаштанушылар қатысты.
-Сіздерді облыс әкімі Даниал Ахметовтің атынан Алаштың 100 жылдығымен және Әлихан Бөкейханов ескерткішінің ашылуымен құттықтаймын,-деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов,-осынау шаралар Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсетілген «Туған жер» жобасына орай қолға алынып отыр. Семей – тарихи жер. Семей қаласының жанындағы Заречная Слободканы Алаштың орталығы ретінде жариялап, оны «Алаш» қаласы деп атаған. Бұл туралы 1917 жылдың 29 шілдесінде Заречная Слободка тұрғындары жиналысының «Алаш қаласы туралы» хаттамасынан оқимыз. Хаттама соңына төраға ретінде Р.Мәрсеков қол койған. Оны Алашорда төрағасы Ә.Бөкейхановтың «Алашорда» үкіметінің іске кіріскендігі туралы Орынборға жіберген жедел хатынан да көреміз. Қазақ халқы Ә.Бөкейхановты ұлттың лидері ретінде ұсынып, ол Мәскеуде 1905 жылы қараша айында өткен Ресей жергілікті және қалалық қайраткерлерінің съезіне қатысады. Съезге Ресей империясының құрамына кіретін барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері қатысады. Съезде Ә.Бөкейханов баяндама жасап, өзін 4 млн. қазақ халқының өкілі екенін, қазақ жері Оралдан Алтайға дейінгі, Сібір теміржолынан Омбыға дейінгі, бір шеті Ресей, бір шеті Қытай, бір шеті Каспий теңізіне дейінгі атырапты алып жатқанын айтады. Съезд делегаттарына қазақтардың мұқтаж болып отырған бір мәселесі – ана тілін қолдану аясы екенін көрсетіп, жергілікті тілдерді қолдануға қойылатын шектеулерді жою туралы ұсыныстарды толық қолдайтынын жеткізеді.
-Әлиханның тұлғасы зерттелу керек,-деді Семейдегі Алаштану ғылыми-зерттеу орталығының директоры Тұрдықұл Шаңбай,-халық Семейдегі Алаштану институтына риза. Біз де жауапкершілікті сезінеміз. Қазақта мынадай қанатты сөз бар: «Тас түскен жеріне ауыр» деген. Біздің Семей – Алаштың рухани астанасы. Мен өзім «Алаш-Семей» деп жинақтап айтқанды ұнатамын. «Алаш-Семей» – қазақтың ұлттық тәуелсіздікке ұмтылған идеясының ордасы. Семей – қазақ халқының, тұтас түркі елінің мәдениетінің қайнар көзі. Алаш арыстарын ерекше құрметтеуіміз керек. Әлихан Алаштың саяси-тарихи тұрғыдан көсемі болса, Ахмет Байтұрсынов тұтас қазақ халқының рухани көсемі, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Айматуытов, басқа да алаш алыптары қазақтың мәйекті ұлы тұлғалары.
Айта кету керек, «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына байланысты облыс әкімі Даниал Ахметовтің арнайы тапсырмасына орай, Семей қаласында Ә.Бөкейхановқа ескерткіш орнату мәселесі көтерілген еді. Облыс басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші жобасына ашық конкурс республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 2016 жылғы 22 сәуірдегі санында жарияланыпты. Конкурс барысында 4 жеке тұлғадан өтініш келіп түсіпті. Мәселен, Шығыс Қазақстаннан Оразымбай Бекбаев, Астана қаласынан атынан мүсіншілер Аманжол Мүкенов, Тоқтар Ермеков, Бақытбек Мұхаметжанов қатысты. Монументалды өнер мен жаңа ескерткіштерді орнату ережесіне сәйкес конкурсқа келіп түскен барлық құжаттар облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау комиссиясында қаралып, республикалық комиссия қарауына жолданды. Республикалық комиссияның 2016 жылдың 6 қыркүйектегі хаттамасына орай, мүсінші Бақытбек Мұхаметжановтың Әлихан Бөкейхановқа арналған эскиз-жобасы таңдалып алынды.
Жергілікті бюджеттен ескерткішті әзірлеу және орнатуға 31 987 893,23 теңге қаражат бөлінді. Сөйтіп, биылғы 31 мамырда қаламыздағы мәдениет және өнер ардагерлері мен өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау ұйымдастырылып, талқылау барысында Ленин көшесіндегі (Арбат) орны ескерткішке бірауыздан мақұлданды. Сонымен, Әлихан Бөкейхановқа арналған ескерткіш Семей қаласындағы Ленин жән Шугаев көшелерінің қилысында бой көтерді.
Раушан Нұғманбеова
Семей.