Тәуелсіздік - 30

Ләйлә

Ләйлә

Көзін қадап күреңшелі,

Бабасы өткен адырға.

Сөзін балап сол адырдан,

Арпалысқан сағымға.

Көңілінің қараша ойын

Қайратымен қаумалап,

Желтоқсанның өшпес   рухын,

Ақын қызы жазуда.

                    Автор.

Күршім ауданында әдебиет айдынына құлаш ұруына, соның ішінде сөз ұстаған ақын, үлгілі педагог болуына ұшқан ұясынан алған тәлімі ерекше әсер еткен бір жан бар. Әке мен шешеден алған тәлімі, Желтоқсанның жалыны, асау арыны өмірлік азығына айналған ақын ауылда, туған жерінде шәкірт тәрбиелеп жатыр.

Шекара шетінде, боранның өтінде, алтайы қыста қар құрсанып, мұз төсенген, шіліңгір жазда маса-шіркейі маза бермейтін ауылда жастық өмірін желтоқсанның жалыны шарпыған жан ғұмыр кешуде. Нарық заманында ауылдан  жұрт  үдере көшкенде, солармен бірге  лап қоюды ар  санаған жанның ауылға деген махаббаты қандай?!

Алпыс екі тамырында тулаған қан Қалжыр өзенінен айнымайды. Желтоқсаннан қалған жарасын жырмен  емдеген шұғынық гүл қасқайып өмір суруде. Табиғатпен етене сырлас лирик ақынның ауылда тұратынын біреу білсе, біреу білмейді. Кейбіреулердің білгісі де келмейді.

Ақындардың арманы болған Алматыдағы әдеби ортада жүрсе, әлдеқашан өз биігін қалыптастырған болар еді. Қанында бар қасқыр иісі құр атақ, жел сөз, бос  мақтанға мойын бұрғызбай ауылға жетелеп келді. Ақындығына келсек, Зайсан көлі мен Қалжыр өзенін тел емген жанның ақын болмауға қақысы жоқ.

Кейіпкеріміз Ләйлә  Жұмекенова 1966 жылдың 18- тамызында  Марқакөл ауданына қарасты Алтай тауында туған. Оқушы кезінен әдебиетке әуестеніп аудандық «Шамшырақ», облыстық «Коммунизм туы»   газеттерінде мақала, әңгімелер жазған. Сол тұста жас қаламгер жайлы аудандық газетте арнайы мақала да жазылады.  Әкесі Кәкен Тыныбайұлы зейнетке шыққанша шопан, анасы Гүлсара Зиядақызы кеңес кезеңінде екі мәрте облыстық мәслихаттың депутаты болған. Ләйлә көпбалалы үйде өскен. Анасы  Гүлсара – «Алтын алқа» иегері.  Ата-анасы қазір Шеңгелді ауылында тұрады. Сексеннен асқан қариялар бала, немере, шөберелер қызығын тамашалауда.

– Мен тарихи романдарды таңды-таңға ұрып айтатын, жалықпай кітап оқитын әке-шешемнен көп тәлім алдым. Қыстауға, күзеуге, жайлауға қоржын толы кітап, газет-журнал жеткізілетін. Үй ішімізбен кітап оқу қашаннан бұлжымас әдетіміз еді. Ата-анаммен сөйлесе қалған жан олардың әлі күнге дейін қазақ қаламгерлерінің туындыларындағы  кез келген оқиғаны жаңылмай айтатынына сүйінеді. Қазақ  хандарының шежіресін І.Есенберлиннің романдары арқылы таратып айтқанын көрсеңіздер, дейді кейіпкеріміз.

Ұстаздың  бағындырған белестері аз емес

1989 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік  университетінің филология факультетін тәмамдаған Ләйлә қазір Қалжыр орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде, «педагог-шебер».  Жалпы жұмыс өтілі  33 жылдан асқан екен. Тәлімін алған шәкірттері республикалық, облыстық, аудандық түрлі олимпиадалардан, әдеби конкурстардан жеңімпаз атанып келеді.  Ұстаздың өзі 2013 жылы «Үздік филолог мұғалім». 2014 жылы  «Қазақстанның үздік адамдары» энциклопедиясының Құрмет белгісіне,   С.Аманжолов атындағы  ШҚМУ ректорының, ҚАЕУ-нің ректоры  Алғыс хатына ие болды.   2016 жылы облыстық «Үздік педагог» конкурстарының жүлдегері атанды. 2017 жылы Қ.Бітібаева атындағы өңірлік педагогикалық оқуда 1-орын иеленді.

Жеке  шығармашылықтағы жетістіктеріне тоқталсақ: 2010 жылы «Жанымның жұмбақ жауһары»,  2014  жылы «Алтайдың Кісікиігі»  өлеңдер жинағы, 2017 жылы  «Марқакөлдің Қабікені»  деректі прозасы жарық көрді, «Қазақ радиосынан» 2013, 2014 жылдары «Түнгі әуендер» бағдарламасында жусан иісті жырлары оқылды. 2021 жылы «Қасым»  журналында өлеңдер топтамасы жарияланды.

Ләйлә Кәкенқызының жаңартылған білім мазмұны бағдарламасы бойынша авторлық ізденісімен дараланған ұстаз екенін де айта кеткен абзал. Ол жалпы білім беретін мектептерге арналған «Атамұра» баспасының «Қазақ тілі» (6,10-сыныптар), «Қазақ әдебиеті» (6,8,9-сыныптар) оқулықтарының, 6-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқу-әдістемелігінің авторлар құрамында.

8-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығының әдіскері. «Зерделім» үйірме жұмысы бағдарламасының, «Ой-зерделім»  әдістемелік оқу-құралының авторы.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары да бір төбе. 2006 жылы «Инновациялық сабақ түрлері», 2010 жылы «Қазақ тілінің жаһанданудағы рөлі», 2014 жылы «Жеке тұлға қалыптастырудағы рухани тәрбие»,   2021 жылы «Жамбылдың рухани мұрасы», «Орталық Азияның  ежелгі және ортағасырлық археологиясы: мәдениеттер сабақтастығы және трансформациясы»,  2022 жылы «Әлихан Бөкейханов: Алаш мұраты және Тәуелсіз Қазақстан»,   «Профессор Алма Қыраубаева: ұстаздық ұлағаты мен ғылыми мұрасы» тақырыбындағы республикалық,  халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда  баяндама жасады.

Еңбектері еленіп, 2014 жылы  Білім және ғылым  вице-министрінің «Алғыс хатымен», 2019 жылы Білім және ғылым министрінің  «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 2020 жылы «Педагог-шебер»  біліктілігі берілді. 2021 жылы «Шығыс Қазақстан облысының білім беру ісіне қосқан үлесі үшін» құрметті атағымен марапатталды және облыс әкімі Д.Ахметов тарапынан тағайындалған ақшалай  сыйлық сертификатына ие болды.

«Әділдік іздеп бардық»

  • 1986 жылы желтоқсанда 3-курста оқып жүрген кезіміз.  КазГУградтың жатақханасында  достарымызбен бірге  Д.Қонаевтың орнына басқа жанның, Г.Колбиннің келгенін естігенімізде тосын хабар туралы және қазақ жастарының алаңға  жиналып жатқандығы жайлы қызу пікір таласы басталды.  Жастардың жанын күйдіргені республика қауымына  мүлдем таныс емес адамның  билікке келуі және пленум шешімінің аяқасты, қоғамның назарынан тыс жариялануы болды. Мынау  жалпақ даланы басқаратын осы жерді сан ғасырлар бойы мекендеген  ұлтымыздан бір азаматын әдейі таңдамауы қорлау деп білдік. Сол қорлыққа төзбей әбден шегіне жеткен   жанартау бір-ақ күнде  атылды.

Бөлмедегі және қарсы бөлмеде тұратын бір курс жоғары студенттер «Біз ол жерге әділдік іздеп барамыз», деп төмен түсіп, далаға шыққанымызда көпшілік студенттердің алаңға  кетіп те қалғандарын білдік.

КазГУградтан әл-Фараби даңғылымен қатынайтын 66, 100-інші автобустың аялдамасына жеткенше қарсылықты пікіріміз ұлғая бастады, топтанған қыз-жігіттер қарасы да көбейді. Фурманов көшесімен ызғытып келе жатқан автобус Брежнев алаңының қарасы көрінісімен-ақ жүрісін баяулата бастады, себебі, жол ережесін елемей сол жаққа өтушілердің тым көп екенін байқадық. Сол жаққа көз тіккен  автобус жүргіншілерінде үн жоқ, әртүрлі ұлт өкілдері отырған автобус ішінде аяқасты болған саяси жағдайдың салмағы тым ауыр екендігі айтпаса да түсінікті… Аялдамадан түскеннен-ақ байқағанымыз үкімет үйіне таман адам қарасы молайып, ұран салғандар, талап етушілер үні жер жарады.  Ол  өзіндік ел басқару құқығы тапталған, ұлт ретінде ар-намысы жоққа шығарылған, өктемшіл орталыққа өзіндік ойын жеткізбек болған ашынған халықтың жанайқайы еді. Алаңға жиналғандардың дені біз қатарлы өрімдей жастар, ауа райының сол күнгі суықтығына қарамастан жеңіл киініп, жалаңбас жүргендер де бар. Көп жігіттерде құлақшын, шапка, пальто, куртка, қыздарда пальто, куртка, бастарында сол кездегі сәнді тоқыма берет, ұзын шарф, құндыз бөрік. Бір сәт қана бақылап топтасып тұрғандарға қарай жақындадық. Қызуқандымыз ғой, аузынан жалын ата сөйлеп тұрғандардың пікірін естігенде манадан айтып келе жатқан ойымыздың мүдделес екендігіне көзіміз жетті. Ана тіліміздің жетімсіреуі, қазақ топырағына аяғын да баспаған адамның ел тізгінін қолға алуға келуі, ұлтымызды өзге ұлт өкілдерінің шеттетуі,  қалада тұрғын үйлерде өз ұлтымыздың аз тұрып, жалдамалы пәтер кезіп жүргендігі, орталықтың нағыз отаршыл бейнесінің ашылғандығы, тағы да басқа мәселелер бірінен-бірі таласа айтқандардың көкейінен субұрқақтай атылды. Бір шеттен «Менің Қазақстанымды» бастаған жігіт даусы естіліп еді, барлығы қостай жөнелді.  Жиналғандар талабын жеткізуші топ жасақталып, олар үкімет үйіне қарай кетті. Көпшілік арасында ол топтың қайтқан-қайтпағанын  біле алмадық, себебі наразылық білдірушілер, пікір айтушылар өте көп еді, жиылғандар арасынан олар туралы нақты сұрастыратын жанды таба алмадық.    Қараңғы түскен кез еді, орталық алаңның ортасында жарық жанып тұрғанмен де шетте тұрғандарға сәл көмескілеу жерде тұрған жастар шу ете қалды әлденені нұсқай. Не болғанын ұқпай,  байырқалап болғанша «Шегініңдер, қашыңдар!» деген қыздардың дауысы естілді. Алаңның күнбатыс жағынан аузынан су бүркіп келе жатқан машина көрінді, ес жинап, бір-бірімізді сүйреп шетке ығыстық, су шашқан машинаны  аңдамай қалғандар суға малшынды. Алаңның  басқа жағы әлі ұрандатып жатыр, өмірімізде көріп-білмеген жайт орын алды. Алаң уда-шу болды. Манағы талап-тілектерін білдірмекші боп үкімет үйіне кеткендерден еш хабар болмады. Болуы да мүмкін емес еді, бірін-бірі біліп болмайтын жағдай орын алды, өйткені адам саны тым көп, өзіндік мүдделерін айтушылар да бар. Алаңның күншығыс жағында қарына қызыл белгі байлағандар, темір  құрсауланғандар пайда болды. Жастар жағы мүлдем дайын емес, қарсылық білдірушілерді ұстамақ болғандарға кейбір жігіттер жентектелген қар лақтырып қана қарсылық білдірді.  Иә, күш мүлдем тең емес еді. Жалаң қолмен шыққан көзсіздерге орталықтың адуын бұйрығын орындаушылар қарсы шықты. Жастар талабын тыңдап, орындай қоятын жан байқалмады, адам қарасы мүлдем көбейе бастады. Тағы да дос-жаран, курстастарымызды ертіп келмек боп кері қайтпақ болдық.  Жатақханамызға қайтатын көлік жолдары адамға толы, ол жаққа бару мүмкін емес. Пушкин кітапханасына барар жолға әрең шығып, такси тоқтататайық десек, басқа күндері сылаң қағып жетіп келер таксиі құрғырлар зуылдап өтіп жатыр, ешқайсысы мойын бұрмайды. Әбден құр сүлдеріміз қалғанда бір жеңіл машина тоқтап, отырғызып, жүргізуші қалада жағдайдың қиын екендігін, жастар талабының бәрібір орындалмайтындығын айтты. Ол кісінің көзқарасына  қарсылық білдірген біздер біразға дейін айтысып қалдық.  Жатақханаға түнгі сағат 11 мөлшерінде келдік. Не десе де,  рухты жастардың талабы жауапсыз қалмады. Бұлттан кейін, жарқыраған күн шықты, деп сол бір қайталанбас сәтті кино лентасындай көз алдымыздан өткізіп  баяндап берді.

Көгедай Шәмерханұлы

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button