Әлеуметтік желі арқылы танысу дұрыс па?
Иә, күн санап өміріміз әлеуметтік желіге тәуелді болып барады. Қазіргі таңда әлеуметтік желіні «әлеуметтік медиа» деп те атап жүр. Алайда, бұның салдары қандай? Жалпы, ақпарат, ғылым саласы, тіпті, нарықтың өзі интернетке тел¬міріп отыр. Бүгінде әлем халқының 57 пайызы кездесіп, сөйлескеннен гөрі, әлеуметтік желіде әңгімелесуді жөн көретіні анықталды.
Ал, ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде әлеуметтік желіні қолданушылар саны, тіпті, сайт, порталды оқитындардан да көп екен. Дегенмен әркімнің өз өмірі бар. Оған ешкім сіз ғаламторға кiрмеңіз, әлеуметтік желіні пайдаланбаңыз деп шектеу қоя алмайды. Бүгінде жастардың көбісі, «қой көрмеген қуалап жүрiп өлтiредi» дегеннiң керiн келтiрiп жүр. Сондай-ақ, бір тәулік бойы әлеуметтік желіде байланып отыратын баласының өміріне ата-анасы да алаңдайды. Бұл жайында мамандар мен жастардың өзі не дейді?
Махаббат Омарова, психолог:
– Жалпы, ғаламторды ақпарат алу немесе тарату үшiн пайдалансақ, сол дұрыс болар еді. Бірақ жастар оны өз тiлдерiне аударып алған. Ал біз интернетті пайдаланушыларға кедергі жасай алмаймыз. Тек қана уақытымен отырыңыз деген кеңес береміз. Егер әлеуметтік желіде көп отыра берсеңiз, ол сiздiң жүйкеңізге әсер етедi. Мысалы: ұйқысыздық, уақытты босқа кетіру дегендей… Әрине, мұның аяғы орны толмас жағдайға да әкелiп жатады. Сол себептен жастарға интернетті танысу үшін емес, ақпарат алу құралы ретінде қарауға кеңес беремін.
Назира Бурханова, блогер:
– Қоғамда болып жатқан жайттардан хабардар болу, әлеуметтік мәселелерге белсене араласу тұрғысынан келгенде әлеуметтік желінің пайдасы көп. Дегенмен, көбісі әлеуметтік желіні ішкен-жегенін, бос әңгімелерін жазу мақсатында пайдаланатыны өкінішті. Бірақ айтпағым ол емес. Айтқым келгені, сол әлеуметтік желідегі кездейсоқ танысу, виртуалды махаббат жайында. Жалпы, мен, виртуалды махаббат дегенді мүлдем қолдамаймын. Виртуал басқа шынайы өмір бір басқа…
Меруерт Жанбосынова, ШҚМУ студентi:
– Мен агентпен кездейсоқ бір жанмен таныстым. Екеуміз жап-жақсы бір жыл уақыт араластық. Кейін кездестік. Қазір белгілі бір себептермен онлайнда араласпаймыз. Ал агент негізі жақсы нәрсе емес. Агентпен танысуға өз басым қарсымын.
Сондай-ақ, интернет серкелерінің пікірінше, әлеуметтік желілердің «ең қызатын» уақыты – түскі үзіліс кезі мен кешкі 21.00-ден 24.00-ге дейінгі аралық екен. Өйткені, осы кезде әлем бойынша миллиондаған адам желіде отырады. Ал қалған уақытта, іші пысқандар мен жұмыс бастылардың үлесінде көрінеді.
Өкінішке қарай, әлеуметтік желінің тағы бір зиянды жағы бар. Ол онсызда грамматикалық сауаттылығы төмен жастарды одан сайын сауатсыздыққа бейімдейді. Мысалы: нестеватсын.., келсейш.., барсайш.., айтсайш.., келш.., кетш.., баратрм.., келатрм… Иә, мұның бәрі әдет болып қалыптасады да, кейін бұдан құтылу қиынға соғады. Сөйтіп, ол әдет бірте-бірте қанға сіңіп, «онда тұрған не бар?» дейтін дәрежеге жетеді. Нәтижесінде сауатсыздар қоғамы қалыптаспасына кім кепіл?
Ажар Сағатбекова