Қоғам

Әлеуметтік әріптестіктің әлеуеті артып келеді

Кеше облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВТІҢ төрағалық етуімен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша облыстық үшжақты комиссияның мәжілісі болып өтті.

Әлеуметтік әріптестіктің әлеуеті артып келедіКүн тәртібінде мынадай негізгі төрт мәселе қаралды: 2011–2020 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналды шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының Өскемен және Семей қалаларында жүзеге асырылу барысы; «Ұжымдық келісімшарт жасасыңыз!» жалпыреспубликалық акцияның өткен жылғы облыстағы қорытындысы мен 2012 жылға арналған міндеттер; «Семей сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заң нормаларының облыс кәсіпорындарында, мекемелер мен ұйымдарында орындалуы; 2011–2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыстағы тұрғындарды еңбекпен қамту деңгейін жоғарылату, жаңадан өндірістерді құру және қосымша жұмыс орындарын ашу.

Алғашқы мәселе бойынша Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Оксана Желякова мен Семей қаласы әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков баяндады.

– Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында өткен жылы 446 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 83 тұрғын үйге тиісті жөндеу жүргізілді. Мәселен, 80 үйдің төбесіне, 13 үйдің қасбетіне, 2 үйдің электрмен қамту жүйесіне, 17 үйдің жылу жүйесіне, 18 үйдің кәріз құбырына жөндеу жұмыстары атқарылды. Биыл осы бағдарламаны ары қарай жалғастыруға бюджеттен 300 миллион теңге бөлініп отыр, – деп нақтылаған Оксана Желякова бүгінгі таңда жоғарыда көрсетілген қаржыға 62 тұрғын үйді жөндеуге қажетті сметалық құжаттамалардың әзірленіп қойғандығын ескертті.

Дәл осындай қыруар шаруа Семейде де атқарылып жатқан көрінеді. Бағдарламаның бірінші механизміне сәйкес барлығы 240 миллион теңге қаржы қарастырылса, оның 120 миллион теңгесі Семей қаласында игеріліпті. Ал кәдеге жаратылмай қалған біраз ақша ағымдағы жылы орындалатын жұмыстарға жұмсалмақ. «Ертіс» ӘКК арқылы бұл қалада жобаға қатысуға 13 үй тіркелген болса, Қарауылда бір нысан жөндеуден өткізіліп қойған екен.

– Екінші механизм бойынша 171 875 мың теңге мөлшерінде нысаналы трансферт бөлінді. Бұл бағытта қолға алынған 10 тұрғын үйдің бәрінде жаңғырту жұмыстары межелі мерзімінде толық аяқталды. Қаржы бір тиынына дейін игерілді. Тұрғын үй-коммуналды шаруашылығын жаңғырту биыл да өз жалғасын табады, оған қажетті қаржының алғашқы мөлшері, яғни 200 миллион теңгедейі бөлінеді деп күтілуде, – деді баяндамашы Дмитрий Гариков.

Мәжілісте қаузалған келесі мәселені Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің ШҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Бақытбек Қизатов пен облыстық кәсіподақтар кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Құдабаев тарқатып айтып берді.

Департамент директоры келтірген деректерге ден қойсақ, 2010 жылмен салыстырғанда былтыр жасалған ұжымдық келісімшарттардың саны 11,2%-ға, яғни 875-ке өскен. Ағымдағы жылдың 1-сәуіріндегі нәтижеге көз жүгіртсек, барлығы 8682 келісімшарт жасалған немесе 78%. Жұмыс істеп тұрған барлық кәсіпорындарда тиісті шарттар жасалған. Атап айтсақ, бұл көрсеткіш Көкпекті мен Шемонайха, Бесқарағай аудандарында – 99,1%, Бородулихада – 98,1%, Тарбағатайда – 95,7%, Абайда – 96,4%, Глубокоеда – 96,2%, Күршімде – 91,4%, Өскеменде – 76,4%, Семейде – 60,4%-ды құраған. Байқап қарасақ, орташа облыстық көрсеткіштен төмен нәтиже тек Өскемен мен Семейде ғана екен.

– Былтырғы бір жыл бойында жасалған ұжымдық келісімшарттар көптеген қалалар мен аудандарда 100 пайызды құрады, бірақ жұмыс істейтін кәсіпорындар санының ай сайын өзгеріп отыруына байланысты бұл көрсеткішті нақтылау қиын. Облыс аумағында жұмыс істейтін барлық мемлекеттік кәсіпорындарда тиісті шарттар жасалған. Сол сияқты жұмыс істейтін 96 жеке меншік ірі кәсіпорынның бәрінде, 340 орташа жеке кәсіпорынның 338-інде, 8457 шағын жеке кәсіпорынның 6006-сында немесе 71%-да ұжымдық келісімшарт бар, – деп түсіндірді Бақытбек Қизатов.

Оның айтуына қарағанда, қалған шағын кәсіпкерлік өкілдері адам санының аздығына байланысты қажетті шартты жасаудан бас тартып, еңбек заңдылығын жұмыскерді қызметке қабылдағанда жасалатын еңбек келісімшарты арқылы жүзеге асыратындығын жеткізген.

Комиссия отырысында қызу талқыға түскен мәселенің бірі ол – Семей полигонынан зардап шеккендерді әлеуметтік қорғау. Жалпақ тілмен айтсақ, қарапайым
жұрт ішінде «экологиялық төлем» деп аталып кеткен еңбекақыға қосымша берілетін төлем бұл. Көпшілік адамдардың көкейінде жүрген бұл түйткілді проблеманың күрмеулі жүрген кейбір тұстарын облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы Нұржан Түсіпова нақтылап көрсетті.

– Кейбір мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда жұмыскерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтары бұзылуда. Жұмыс беруші өзінің қызметкерлеріне айлық жалақысына қосымша төлем мен қосымша еңбек демалысын бермейді, себебі тексеруші органдар (ревкомиссия) аталған заңның 13-бабында көрсетілген бойынша төлемдерді беруді тоқтату жөнінде талап қойған, онымен қоса бұрын төленген экологиялық қосымша төлемдерді қайтаруды ескерткен, – деді Нұржан Түсіпова.

Алайда, жиналғандардың пікірін ден қойып тыңдаған облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВ бұл мәселені уақыт оздырмай шешіп беру керектігін тапсырды. Оның айтуынша, туындап отырған сұрақты ұжымдық келісімшарт арқылы да бір жағына шығаруға болады.

– Үшжақты келісімнің мәртебесі мен заңдық күші Еңбек кодексінде анық көрсетілген. Сол сияқты ұжымдық келісімшарттың да құқықтық құзыры айқындалған. Бүгінгі күні біздің қолымызда аталған мәселеге байланысты соттардың шығарған шешімдері бар. Осы орайда бақылаушы (тексеруші) органдар тарапынан талап қойылып отырғанын ескерсек, нақты бір ғана қорытынды шығарып оны бүкіл облысқа тарату керек. Осы қорытындыны барлығы басшылыққа алып жұмыс істейтін болады. Ал енді қаржыландыруға келсек, мұнда да жағдайға қарау керек. Егер қандай да бір ұйымның қоржынында қаражаты болса, сол қаражаттың есебінен қосымша төлемдердің көлемі белгіленеді. Бұл ұжымдық келісімшарт арқылы шешілетін мәселе, – деп мәжілісті түйіндеген облыс Әкімінің бірінші орынбасары Серік ӘБДЕНОВ комиссияның ұйғарымын барлық жауапты орындарға жеткізуді тапсырды.

Жиында сонымен қатар облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының бастығы Шәкәрім Бұқтұғытов аймағымызда ашылып жатқан жаңа жұмыс орындары мен өнеркәсіп ошақтарының жайына тоқталып, үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде орындалған инвестициялық жобалардың бір парасын тілге тиек етті.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button