Өлеңмен сөйлейтін әжей

Сүйегі асыл адамның зердесін де тот баспайтын болса керек. Өлеңмен сөйлейтін 90 жастағы Майсара әжеймен кездесу бізді осындай ойға жетеледі.
«Әже, өткен өміріңіз жайында қысқаша айтып беріңізші» – дедік айқайлап. Сөйтсек, әжейдің құлағы мүлтіксіз естиді екен. Ал жанары қара танудан қала бастапты.
«Өткен өмір дейсің бе, қарағым? Ендеше менің «Термеме» құлақ сала отыр» деді де, ескі сарынмен ыңылдап әкетті. Бұл – қазір жасы тоқсанға жеткен Майсара Нұрғазина дейтін ақын апамыз. Кезінде сан айтыстың көрігін қыздырып, қарт Каспий мен Алатауға, Мәскеудің Қызыл алаңына табаны тиген тарланбоз жүйрік.
Жасы келіп, айтыстан қол үзген шағында жазба әдебиетке ден қойып, поэма да жазған екен. Ол қолжазбасы Жазушылар одағының жергілікті филиалына өткізген жерінен ұшты-күйлі жоғалыпты. Өйтпегенде «Шарап-Зухра» дастаны ғашықтар жырының қатарын толықтырар ма еді? Ұланның Қарақол дейтін жерінде болған бұл оқиға өз заманында елді қатты толқытқан екен.
Ұлан ауданының Манат ауылында туған әжеміз бүгінде балаларының қолында. Негізгі тұрағы – Серебрянка деп аталатын шағын шаһар. Ақын апа деп арнайы хабарласқан соң үміт үдесінен шыққысы келді ме, әлде өзіне қара сөзден өлең оңай болды ма, әйтеуір барлық сұрағымызға өлеңмен жауап беріп отырды.
Оның алғашқы өлеңдері майдандағы қандастарының жүрегін жылытыпты. Еркінен тыс жазылған хаттардың естелігі енді өзінің көңілін жылытып жүр.
«Майданға арасында хат жазамыз,
Ғашықтай сағынғаны болып нағыз.
Майдангер үш бұрышты хат алады,
Жазғанын қайдан білсін қаршадай қыз», – дейді күрсініп. Сөйлеп кетсе, тарихты күңірентетін кейуананың жыр шумақтарынан бір дәуірдің тынысын тыңдағандай болдық.

«Есепші һәм жөндеуші еркекшора,
Биемен су тасушы мен Майсара.
Атқардым жалғыз өзім үш жұмысты,
Болса да сыртым жадау, ішім жара». Бұл – ақын апамыздың тылға сіңген еңбегіне куә шумақтар.
37 жыл бойы қазақ сыныптарына орыс тілін үйреткен ардагер ұстаз өңірдегі айтыстың дамуына да бір адамдай атсалысыпты. 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған үлкен айтыс өтіп, сонда жерлес інісі Хамит Балшабековтің үлкен сахнадағы тұсауын кескен екен. Кейін сол Хамит Шығыстың Мұқағалиы атанғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Жыр додасының дүбірін естігенімен, құндақтағы баласына қарайлап, Алматыға барудан бас тартса керек. Сол кезде жалындап тұрған Хамит ақын өзіне қарсылас керектігін айтып, өтініш білдіреді. Сол өтінішпен Кененнің ауылын көріп, Дінмұхамет Қонаевпен дидарласады.
Әйгілі жазушы Ғабит Мүсірепов отбасымен Шығысқа келген сапарында осы Майсара апамыздың жанұясы күтушілердің арасында болып, батасын алған. Ақын әжейдің сол кездің идеологиясы үшін өлеңді орыс тілінде суырып салған кездері де аз болмапты.
«Дегенде дүние түлкі, дүние жалған,
Тұрғанда қайрат қайнап кім тыңдаған?
Бұйымдай сан жоғалып табылатын,
Жастық шақ, оралсаңшы қайта маған». Бұл жолдарды ақын көңілдің жалынды жастығын аңсауы деп түйдік.
«Сеземін жастық қайта оралмасын,
Дүрсілдеп жүрек қайта соға алмасын.
Болғанда тумақ – сүннет, өлмек – парыз,
Аллаға ризамын, бүгін алсын». Бұл – дүниеге төрт бала әкеліп, оның үшеуін аман-есен жеткізген ана жүрегінің шүкірі. Осылайша түйдек-түйдек жыр төккен апамыз бүгінгі қоғам өзгерісіне де мән беріп, ойша сараптап отыратынын байқадық. Жаңалыққа құлағы түрік әжеміздің соңғы екі жылда жанары суала бастапты. Тысқа өз бетімен кріп-шыға алатынына шүкір айтады. Қазір «Дидар» газетін немерелеріне оқытып алады екен. Бала күнгі балауса өлеңдері сол кездегі «Коммунизм туына» жарияланып тұрғанын айтады. Кейін мұғалім болып жүргенде де мектебінің жылт еткен жаңалығын облыстың бас газетіне үнемі жолдап тұрыпты.
Өз заманында ұлт руханиятына қатысты істердің ортасынан табылған ардақты ақын апаны бүгінгі ұрпақ ұмытып барады-ау деген оймен қолға қалам алғанымызды несін жасырайық. Сөйтсек, Майсара апа ғаламтордың жұлдызы екен. Оның өз өмірін өлеңмен өрнектеген термелері «Ютуб» порталында кеңінен танымал болып шықты. Кітапқа деп жинаған қолжазбасы жоғалғанына қатты өкінеді әжеміз. Алматыға жолы түскенде өзінің қолжазбасын жоқтап, Жазушылар одағының мұрағатына сұрау салыпты. Ақынның құнды дүниелері ол жақтан да табылмаған. Кеудедегі көп өлең жанмен бірге ұшпас үшін ойында қалған жырларын интернетке жүктетіп жүрген жайы бар. Жастың егделігі, қолдың қысқалығы, рухани байлықтың екінші орынға ысырулы сияқты себептер Майсара Нұрғазинаны заманауи тәсілге көшуге мәжбүрлеп отыр.
Ақын апамыз биыл тоқсаныншы Наурызын қарсы алып отыр. Сөз соңында әжейден «Дидардың» оқырмандары үшін бата сұрадық. Бізді ол батаның айналымда жүрген кезекші баталардың ешбіріне ұқсамайтын мазмұны таңғалдырды. Батадан гөрі аштық пен жоқшылықты қатар көрген буынның бүгінге шүкір айтуына көбірек келетіндей.

Төрт құрсақ көтерген әжеміздің бір ұлы тым жас шетінеген екен. Қазір екі ұл мен бір қыздан тараған ұрпақтың тілеуін тілеп отыр.
-Үрім бұтағымның санын есептеген емеспін. Қазақ бала түгіл төлдің де санын айтпаған ғой, – дейді әжей.
Жасына сай түйгені бар адамның сөзі бұл. Қазағына қайта оралған Наурыздай жоғалған қолжазбаңыз да өзіңізбен қайта қауышсын деген тілек айттық ақын апамызға.
Майсара апаның Наурыз батасы:
Басталсын батам бидайдан,
Бидай – ырыс, бидай – нан.
Диқан иіп, құт құйып,
Қырманға толсын алтын дән.
Екіншісі – ақ тарым,
Халқыма кәсіп ақтарыл.
Қызыл қырман үйіліп,
Толтырсын астық қаптарын.
Үшіншісі – ақ күріш,
Әкелсін елге бақ ырыс.
Палауын баптап қонаққа
Ғанибет болсын отырыс.
Баданадай арпа бар,
Сүйген ас екен пайғамбар.
Өткенді еске алайық,
Тарихтан болмай бейхабар.
Бесіншісі – көкөніс,
Көкөніс өнбес еңбексіз.
Еңбегі жанып елімнің,
Жыл сайын берсін мол жеміс.
Қатық қосып, ет салдым,
Аруақтарды еске алдым,
Төрт түліктен төл еріп,
«Мал мыңғырсын» деп салдым.
Суым және тұзым бар,
Сусамасын жан-жануар.
Шипа болсын халыққа,
Науқастар дерттен сауығар.
Құтты болсын жаңа жыл,
Әлдилесін ән мен жыр
Көктен күміс күн күліп,
Гүлге орансын ой мен қыр!
Есімжан Нақтыбайұлы