Әлемдік сұранысқа ие тауарды шығарады
OSB плиталарын шығаратын зауыт елімізде тұңғыш рет салынып жатыр. Құрылысқа қажетті мұндай плиталардың жылына 30 мың текше метрін шығаруға қауқарлы өндіріс орнының өңірімізде бой көтеруі ел экономикасын әртараптандыруда маңызды рөл атқарады. Жобаны өскемендік «Мелисса» ЖШС қолға алды. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асатын зауытқа қажетті қаржының бірінші траншы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары қызу жүріп жатыр.
OSB технологиясы ағашты терең өңдеуге негізделген. Плитаның бұл түрі ЛДСП, ДВП, фанераға қарағанда заманауи әрі сапалы болып табылады. OSB плитасы – ағаш жоңқасынан көпқабатты етіп жасалатын материал. Ішкі жоңқалар көлденең, сыртқылары тігінен үш қабат болып орналасып, өзара желімденетін плитаның бұл түрі берік әрі ылғалға төзімді. Плита бүгінде үй құрылысы саласында кеңінен қолданыс тапқан. Қазақстан мен ТМД елдерінде мұндай материал өндірілмейді. Осы күнге дейін Латвия, Чехия мен өзге де европалық елдерден импортталып келеді. Өндіріс технологиясы алғаш рет өткен ғасырдың 80-жылдары Канадада пайда болған көрінеді. Соңғы он жылда әлемде бұл тауар түріне деген сұраныс артып отыр.
«Мелисса» ЖШС бас инженері Сергей Скрепниктің айтуынша, облысымыз ағаш қорына өте бай. Қазақстандық кәсіпорындар осы байлықты пайдаланса, өзіндік құны төмен плиталарды өндірулеріне мүмкіндік мол. Мәселен, Словакияның Кроношпан зауытында плитаның бір текше метрі 306 доллар тұрады. Бұл – Еуропадаға ең төмен бағалардың бірі. Өскеменге дейін бір вагонға сиятын 85 текше метр плитаны жеткізу 12500 долларға түседі. 15 пайыздық кедендік баж салығы тағы бар.
– Осының бәрін есептей келе, словакиялық плитаның бір текше метрінің бағасы 521 долларға тең болып шықты. Ал біз қажетті материалды, энергияны, жылу энергиясын, айлықты есептей келе, бір текше метр плитаның құнын шығардық. Шамамен 212 долларға бағалап отырмыз. Демек, 320 долларға арзан. Өткен жылдың он бір айының ішінде елімізге сырттан 90 мың текше метр плита енгізілді. Біз жылына 30 мың текше метр шығарамыз деп отырмыз. Сонда қазақстандық нарықтағы плитаға деген сұраныстың тек үштен бір бөлігін ғана жаба аламыз, – дейді кәсіпорын басшысы Александр Воробьев.
Зауыт ғимараты мен қосалқы қоймалардың құрылыс-монтаж жұмыстарын «Мелисса» ЖШС өз қаражаты есебінен жүргізуде. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы бөлінген 400 миллон теңгеге Қытайдың Шанхай қаласынан өндіріске қажетті құрылғылар сатып алынды. Қондырғыларды сол елдің мамандары келіп құрап, өндіріске даярлап бермек. Сондай-ақ, мұндағы мамандарды оқытуды да өз мойындарына алған екен. Қор арқылы тағы 200 миллион теңге тауар айналымына бөлінбек.
Ақпанның ақырған аязына қарамастан, жұмысшылар ширақ қозғалады. Жұмыс бір күн де тоқтаған емес. Аумағы 1850 шаршы метрді құрайтын цехтың құрылысы аяқталып та қалды. Өндірісті іске қосуды басшылық қана емес, мұндағылардың бәрі асыға күтуде. Өйткені, жұмыс күші көбейеді, жалақы артады. Кәсіпорында осыған дейін 120 адам жұмыспен қамтылса, монтаждау жұмыстары аяқталып, толығымен іске қосылғанда, тағы 130 адамға жұмыс табылады деп күтілуде.
– Ақпанның орта шенінен бастап зауытқа қажетті мамандарды жұмысқа ала бастаймыз. Бізге инженерлер, шеберлер, ағаш өңдеушілер, зертханада жұмыс істейтін химиктер, сондай-ақ, әртүрлі жұмыс күші қажет. Алдын ала есептеулер бойынша олардың орташа айлығы шамамен 100 мың теңге болады деп жоспарланған, – дейді кәсіпорын басшысы.
Осыдан ширек ғасыр бұрын құрылған «Мелисса» ЖШС бірнеше бағытта жұмыс істейді. Ағашдайындау, ағаш өңдеу, ағаштан әртүрлі бұйымдар мен құрылыс материалдарын жасаумен танылған кәсіпорын бүгінде 70-тен астам тауар түрін өндіреді. Ағаштан әртүрлі ғимараттар салып, фин үйлері типтес баспананың жылына бірнешеуін тұрғызады.
Кәсіпорынның бас инженері Сергей Скрепниктің айтуы бойынша, плита канадалық технология бойынша дайындалатын болады. Өндіріске қажетті шикізат Быструха, Шүлбі жақтан кәсіпорынға бөлінген орман учаскесінен жеткізіледі. Шикізат ретінде негізінен көктерек пайдаланылады.
– Өңірімізде ағаштың бұл түрі кең таралған. Келісім бойынша қанша тал кессек, сонша тал отырғызатын боламыз. Ұзындығы шамамен 2,6 метр бөренелер қоймада сақталады. Ол жерден гидротермиялық өңдеу бассейініне жөнелтіледі. Өндіріске қажетті геометриялық параметрлі жоңқа (ұзындығы – 60-150 мм, ені 6-40 мм, қалыңдығы 0,5-0,9 мм) дайындау үшін ағаштар бассейнде жылытылуы қажет. Гидротермиялық өңдеуден өткен жоңқадан жасалған материал ұзақ қызмет етеді. Бассейннен бөренелер арнайы құрылғымен жоғары өнімді конвейерге түсіп, жоңқаға айналады. Олар сыртқы және ішкі болып іріктелетін бункерге түседі, жоғары температурада тығыздалып, желімденеді. Қалдықтар бункерге жиналып, артынан пешке отын ретінде пайдаланылады. Қалдықсыз өндіріс десек те болады,-деп өндіріс үдерісімен қысқаша таныстырды бас инженер.
Жұмысшыларың жүздерінде ертеңгі күнге деген сенімділік бар. Өйткені, олар әлемдік сұранысқа ие болып отырған плитаның тұңғыш отандық зауытының ірге тасын қалап жатыр.
Лаура Тілеубайқызы