Білім

Әлемдік деңгейдегі колледждер біздің облыста да ашылады

Әлемдік деңгейдегі колледждер біздің облыста да ашылады

Бүгінгі күн талабы түлектерге білікті кәсіптік білім беру қажеттігін көрсетеді. Табақтай дипломы бар қаншама жас жұмыссыз жүр. Мектеп бітірушілерді Астана және Алматы қалаларындағы әлемдік деңгейдегі колледждерге және Атырау қаласындағы APEC Petrotechnic өңіраралық мұнай-газ саласында мамандар дайындау және қайта дайындау орталығына оқуға тарту үшін кәсіби бағдар беру мақсатында «Кәсіпқор» холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілдері облысымыздаа болып қайтты. Холдинг мамандары Өскемен, Семей, Аягөз, Риддер, Зырян қалаларында оқушылармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
– «Кәсіпқор» холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ тапсырмасымен әлемдік деңгейдегі колледждердің жүйесін құру мақсатында 2011 жылы құрылған болатын, – дейді холдингтің менеджері Ерлан Муйтунов. – Астана мен Алматы қалаларында әлемдік деңгейдегі колледждер және еліміздің төрт аймағында мамандар әзірлеу және қайта дайындау орталықтарын ашу жоспарланған. Атырау қаласында мұнай-газ саласында, Екібастұзда энергетиктерді даярлайтын орталық, Шымкентте жеңіл тамақ өнеркәсібі мамандарын және Шығыс Қазақстанда металлургия және машина жасау саласына қажетті мамандарды дайындайтын және қайта дайындайтын орталықтар болады. Сонымен қатар, республиканның басқа аймақтарында да әр облыстың бейімділігін ескере отырып, он серіктестік колледжін ашпақпыз.
Бүгінгі таңда Атырау қаласында APEC Petrotechnic өңіраралық мұнай-газ саласында мамандар дайындау және қайта дайындау орталығы өз жұмысын бастаған. Астана мен Алматы қалаларындағы әлемдік деңгейдегі колледждерде сабақ 2015 жылдың қыркүйегінде басталмақ. Атырауда 600 студент пен жетім немесе әлеуметтік нашар қорғалған отбасыларынан шыққан, сондай-ақ, мұнайшылар әулетінің өкілдері болып саналатын 160 бала оқып жатыр. Қазір 600 жастың ішінен үздік оқитын елу бес студент Америка Құрама Штаттарында бір жыл тәжірибе жинақтауға таңдалып алыныпты.
Менеджердің айтуынша, студенттер он жарым ай дайындық курсында оқиды, содан кейін барып, оқығысы келетіндер таңдаған мамандығы бойынша оқуларын жалғастырады, ал жұмыс істеймін деушілерге еліміздің ұлттық біліктілік шеңберінде бірден екінші деңгейлі біліктілік беріліп, жұмысқа қабылданады. Мысалы, олар бұрғышының көмекшесі бола алады.
«Кәсіпқор» холдингі» инженерия, энергетика, құрылыс және ТҮКШ, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, дизайн, туризм және қонақүй бизнесі бағыттарында мамандар даярлайды.
– Оқу орындарында сабақ ағылшын тілінде жүреді. Оқу тегін. Шәкіртақы төленеді. Жұмыспен қамтылуға жүз пайыз кепілдік береміз, өйткені, біздің серіктестеріміз – халықаралық және қазақстандық компаниялар. Біздің оқу бағдарламаларымыз Қазақстанда жұмыс істейтін халықаралық мұнай-газ компанияларының талаптарын ескере отырып, әзірленген, – деп толықтырды Ерлан Муйтунов.
Ерлан Муйтунов оқуға түсу үшін оқушылардың математика мен ағылшын тілінен мектеп бағдарламасы шеңберінде тест тапсыратындарын айтады. Кездесу кезінде Семей мен Аягөздің қызығушылық танытқан жастары тест тапсырыпты. Қазір шығысқазақстандық оқушылардың жұмыстары холдингтің студенттермен жұмыс жөніндегі департаментіне жолданған. Бірінші турдан сәтті өткендерге сертификат тапсырылып, сынақтың екінші турына шақыру жіберіледі. Екінші кезең түлектер таңдаған оқу орындарында өткізіледі. Әлемдік деңгейдегі колледждердің алғашқы түлектері 2016 жылы бітіріп шығады.
Оқу орындарына қызығушылық танытқандар сонымен қатар www.kasipkor.kz сайтынан да қажетті мәліметтерін алуына болады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button