Невада-Семей

Әлемдегі ең ірі радиологиялық кластер құрылады

Әлемдегі ең ірі радиологиялық кластер құрылады

2010 жылдан бастап БҰҰ-ның күнтізбесінде 29-тамыз – «Бүкіләлемдік ядролық сынаққа қарсы әрекет күні» ретінде белгіленді. Бұл – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ ерен еңбегінің арқасы.
Қазір ядролық сынақтан зардап шеккен халықтың денсаулығын қорғауға ерекше мән беріліп отыр. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ тапсырмасымен қолға алынған сауықтыру орталығының эскиз-жобасы аяқталды. Орталық қарағайлы орманның арасында орналаспақ. Орманның таза ауасы мен санаторийлік ем жұртқа жақсы жағдай тудырмақ. Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтің айтуынша, жақын аралықта жоба инвесторымен келіссөздер жүргізілмек. Облыс тұрғындарының денсаулығын жақсарту үшін әлемдегі ең ірі радиологиялық кластер құрылатын болады. Оның құрамына ғылыми-зерттеу орталықтары, клиникалар, медициналық орталықтар, радиациялық медицина және экологиялық ғылыми-зерттеу орталығы және басқа да тиісті салалық мекемелер кіреді.
– «Невада-Семей» қозғалысының белсенділері мен ардагерлері 1992 жылы қабылданған «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңды қайта қарастыру жөнінде мәселені көтеріп отырмыз, – дейді қаладағы үкіметтік емес ұйымдардың президенті Сұлтан Картоев. – Біздің осы бастамамызға халықаралық антиядролық «Мэрлер бейбітшілік үшін» қозғалысының көшбасшылары да қосылатын болды.
Семейде өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» атты конференцияға әлемнің 75 мемлекетінен 200-ге жуық сарапшылар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен үкімет өкілдері келген еді. Осы орайда «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымы біздің облыспен тығыз байланыс орнатты. Аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ пен «Мэрлер бейбітшілік үшін» ұйымының бас хатшылығы арасындағы келісім нәтижесінде Семей қаласында аталған хатшылықтың өкілдігі ашылды. Содан соң Бельгия Корольдігі Ипр қаласының мэрі Люк Дехане бастаған Еуропа делегациясы қалаға келіп, Семей мен Ипр қалаларының арасындағы мәдени, экономикалық байланыстарды нығайта түсу мәселелері жөнінде келісімдер жасалды. Осындай халықаралық сапарлардың бірінде МАГАТЭ бас директоры Юкио Амано Семеймен қатар, Курчатовқа да ат басын бұрып, ондағы Ұлттық ядролық орталықтың жұмысымен танысып қайтты. Бұдан кейін осы қозғалыс мүшелерінің шақыруымен қала әкімі Айбек Кәрімов арнайы жиынға қатысып келді. «Мэрлер бейбітшілік үшін» халықаралық ұйымы Хиро¬сима мен Нагасаки қалалары мэрлерінің бастамасымен 1982 жылы құрылған. Басты мақсаты – ядролық қару қауіптілігіне әлем халықтарының назарын аудару. Сол арқылы ядролық қарусыз әлем құруда дүниежүзі қалаларының арасындағы байланыстың нығаюына ықпал ету. Қазіргі уақытта бейбітшілік үшін басталған бұл қозғалысқа қатысушы қалалардың саны бес мыңнан асқан.
– Биыл Хиросима қаласына тағы да іссапармен баратын боламыз, – дейді қала әкімі Айбек Кәрімов. – Онда «Мэрлер бейбітшілік үшін» қозғалысының басшылығы Семейді Қазақстандағы ядролық қаруға қарсы қозғалыстың халықаралық орталығы болуын ұсынады деп күтілуде.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button