Білім

«Әлем мұғалімі» сыйлығының номинанты атанды

Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәні мұғалімі Асхат Жұмабеков «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығы номинанттары қатарына кірді.  

«Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі, «Үздік педагог-2018» республикалық сайысының жеңімпазы бұл дәрежеге өзінің еңбекқорлығы мен білім саласында көрсеткен жоғары нәтижелерінің арқасында жетіп отыр. «Әлем мұғалімі» сыйлығы – ұстаздарға арналған Нобель сыйлығы. Елімізде алғаш рет бұл марапатты Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры және Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырды. Әлемдік байқауға біздің ел алғаш рет қатысады. Отандық ұстаздардың байқауда бақ сынауына Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының төрайымы Әлия Назарбаева мен «Варка» қорының «Әлем мұғалімі» халықаралық байқауын ұйымдастырушылар арасындағы ынтымақтастық меморандумы нәтижесінде қол жетті, деп хабарлайды Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.

«Әлем мұғалімі» ғаламдық сыйлығына үміткерлерді марапаттау рәсімі Нұр-Сұлтандағы «Қазақстан» орталық концерт залында өтті. Еліміздегі сайыстың финалына республиканың әр өңірінен 11 мұғалім іріктеліп алынған. Енді олар алдағы желтоқсан айында халықаралық сарапшылар кеңесінің іріктеуінен өтеді. Нәтижесінде бір мұғалім таңдап алынып, әлемнің 50 елінен келетін үздік ұстаздармен сынға түсіп, ел намысын қорғайды.

– Мен бұл әлемдік байқауға қатысуға 2018 жылдың қазан айынан бастап дайындалдым. Қазақстанның білім саласы өзге елдерден еш кем емес деп сенімді түрде айта аламын. Әлемдік сайыстың әр кезеңіне мұқият дайындалып, олардың тарапынан берілген әрбір тапсырманы тиянақты орындадым. Бұл істе өзім еңбек ететін мектеп ұжымы, оқушыларым атсалысты. Шараға қатысу мен үшін педагогтік қызметімнің жаңа бір белесі деп түсінемін. «Болашақ» бағдарламасының түлегі ретінде біз өз Отанымыздың өркендеуіне үлес қосуымыз керек. Маған осындай мүмкіндік сыйлаған ұйымдастырушы қор мен еліміздің Білім және ғылым министрлігіне алғысым шексіз. Өз жетістіктерімнің барлығы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ-да  құрылған тиімді басқару мен қалыптасқан менеджменттің арқасында деп білемін, – дейді Асхат Жұмабекұлы.

Қоса кетсек, ғаламдық мұғалімдер сыйлығының финалы Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Дубайда 2020 жылдың наурыз айында өтеді.

Осы айдарда

Back to top button