Латын әліпбиіне көшу – заман талабы

Өскеменде «Жаңа әліпбиді меңгертудің жаңартылған-жаңғыртылған әдістемесі» атты облыстық семинар-тренинг өтті. Оған қатысушылар латыннегізді қазақ әліпбиінің маңызын, емле ережелерінің құрылымын, сондай-ақ әдістемелік мәселелерін кеңінен талқылады.
Семинар-тренинг екі бөлімнен тұрды. Онда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Шынар Құрманбаева қатысушыларға жаңа емлені меңгерудің әдістемесін кеңінен түсіндірді. Бұдан бөлек ғалымкейбір кирилл әріптері мен шеттілдік сөздердің емлесіне мысал келтіре отырып, қатысушылар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді.
– Латын графикасына көшу үдерісінде ең алдымен білім беру жүйесі түбегейлі өзгерістерге ұшырайды. Бірінші кезекте латын әліпбиі негізіндегі жаңа жазу мен емле ережелерін жалпы көпшілікке меңгерту қажеттілігі ортаға шығады. Балабақшаларда, мектептерде, орта арнаулы, жоғары оқу орындарында, арнайы курстарда – жалпы оқу үдерісінде жаңа қазақ жазуы мен емлесін үйрететін мамандар қажеттігі туындайды. Бұл үшін ең алдымен осы жаңа графика негізінде оқу-жазуды үйрететін педагог мамандардың білімін жетілдіру маңыздылығы айқындалады, – деді Шынар Құрманбаева.
Семинар-тренингтің практикалық бөлімінде арнайы курстан өткен оқытушы-тренерлердің бірі, Бородулиха ауданының мемлекеттік және басқа тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлмира Иляшева қатысушыларға кейбір шеттілдік сөздердің жаңа емлесін меңгерудің тың әдіс-тәсілдерін көрсетті. Ал Бесқарағай ауданындағы тілдерді оқыту орталығының директоры Айнаш Әменова болса, төл және кірме сөздердің емле ережелерін үйрету үшін шеберлік сағатын өткізді.
Семинар-тренинг барысында қатысушылар берілген тапсырманы уақытында орындап, жаңа әліпбидің түсініксіз тұстарына толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарын жеткізді. Шынар Құрманбаеваның айтуынша, жалпы түркі халықтарының латын графикасындағы әліпбиге көшу кезеңінде және емле әзірлеу барысында қиындық тудырған кірме (шеттілдік) сөздердің жазылуы мәселесі оқыту барысында да көптеген сұрақтар туындатуда. Тіпті, кейбір тілші мамандардың өзі жіңішкелік (ь) белгісін алып тастауға, «әп-әдемі» сөздердің қазақи үлгіде айтылып, жазылатынына қарсы пікір білдіруде.
– Кирилл әліпбиіне негізделген қазіргі қазақ жазуында орыс тілінен енген кірме сөздерді еш өзгеріссіз қабылдау және өзіндік айтылым нормасына бейімдемеу сияқты кеңестік тоталитарлық саясаттың салдарынан санамызда қалыптасқан теріс стереотиптер оңайлықпен жойыла қоймайды. Оған уақыт керек, түсіндіруге мықты білім мен білік, әдіс керек. Көп жағдайда осы біз айырылғымыз келмей жүрген сол «әдемі» сөздердің өзі орыс тіліне де басқа шет тілдерден енгенін, орыстар оларға жіңішкелік (ь) белгісін қосып, өз тілдеріне бейімдеп алғанын, түпнұсқа тілінде ол сөздер мүлдем басқа екенін, тіпті қазіргі біздің жаңа емледегі нұсқамызға жақын екенін біле бермейміз. Мысалы, «альбом» сөзі ағылшын тілінде (album) – «албұм» деп айтылса, «ателье» сөзі француз тілінде (atelier) – «әтөли» деп айтылады. Швед астрономы А.Селсиустың (Anders Celsius) құрметіне аталған температураны өлшеу шкаласының атауы «цельсий» сөзі «селсиус» деп айтылады. Сонда біздің «қия алмай» жүргеніміз қандай сөздер болғаны? Орыс тіліндегі жіңішкелік белгісі қосылған қате нұсқасын емес, түпнұсқа тілдердегі айтылуына жақын етіп өз тіліміздегі нұсқасын қолдануымыз керек емес пе! Міне, оқыту барысында осындай уәждерді келтіре отырып, дәлелдей көрсету арқылы тілдік сананы жаңғыртуымыз қажет, – деді Шынар Құрманбаева.
Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру мәселесі – заман талабынан туындаған келелі мәселе. Ұлт болашағы үшін орындалып жатқан бұл реформаның келер ұрпаққа берері мол. Ал тілшілер қауымы алдында тілдің қолданбалы аясын жетілдіру міндеті тұр.Мұны облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тілдерді дамыту және үйлестіру бөлімінің басшысы Сәуле Қалиғазина да ерекше атап айтты.
– Семинар-тренингке қатысушылар жаңа әліпбиді жетік меңгерген соң әріптестеріне үйрететін болады, – деді Сәуле Қалиғазина.
Семинар-тренинг соңында қатысушыларға сертификат табысталды.
Мақала облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша әзірленді
Ажар Сағатбекова