Білім

Латын графикасы – өркениет жазуы

Латын графикасы - өркениет жазуы


Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесінде облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Өскемендегі Республика алаңында үлкен бір шара өткізді. Латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиді халыққа таныстыру және жұрттың жаңа әліпбиге қызығушылығын арттыру мақсатында өткен «Латын графикасы – өркениет жазуы» атты акцияға қала тұрғындары мен қонақтары ерекше қызығушылықпен қатысты.

Иә, қазақ – тойды жақсы көретін, думанды жаны сүйетін халық. Облыс орталығындағы Республика алаңында өткен бұл жолғы Наурыз мерекесі де керемет дүрілдеп өтті. Жиналған халықтың да қарасы өте көп. Міне, осынау мерекенің маңызын арттырып, ажарын ашқан шаралардың бірі – «Латын графикасы – өркениет жазуы» атты акция болғанын ерекше атап айтқымыз келеді. Акцияның Наурыз мерекесінде ұйымдастырылуы өте құптарлық. Өйткені латын әліпбиіне көшу – ұлтымыздың алдындағы ұлы істердің бірі болғалы тұрғаны сөзсіз. Иә, әлемнің озық елдерімен тереземізді теңестіргіміз келсе, қазақтың латын әліпбиіне көшуі қажет. Осы орайда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың осынау шарасы акцияға жиналған жұртшылықтың көңілінен шыққаны рас. Акцияға жаңашылдыққа жаны құмар қала тұрғындары мен қонақтары ерекше бір белсенділікпен атсалысты. Бір қарасаң, бірнеше кезеңдерден тұратын байқауға қатысушылардың ешқайсысының жүзінен қобалжу сезілмейтін секілді. Барлығы да жаңа әліпбиде жазып, сыза алатындарына сенімді.

Латын графикасы - өркениет жазуы

Осылайша, көптен күткен байқау да басталып кетті. Бірінші кезеңнің тапсырмасы бойынша қатысушылар тақтада ілінген шарларды таңдауы қажет. Бұл шарлардың ешқайсысы да сіз ойлағандай сәндік үшін ғана ілінген шар емес. Оны жарсаң, ішінде арнайы тапсырмалар бар. Әр шардың ішінде бес сөз жазылған. Қатысушылар шарды жарып, ішіндегі бес сөзді 60 секунд ішінде латын графикасында қатесіз жазуы тиіс. Тапсырманы толық орындағаны келесі кезеңге өтеді.

Әрине, бір қарағанда, аспан, наурыз, қала, дос, ынтымақ секілді бес сөзді жаңа латын әліпбиімен жазу ешқандай қиындық тудырмайтын секілді көрінуі мүмкін. Бірақ бағана ғана ортаға жұлқынып шыққандардың біразы осы бірінші кезеңнің өзінен-ақ сүрініп, ойыннан шығып қалып жатты. Солардың бірі – Өскемен қаласындағы Мұхамади мешіті имамының көмекшісі Ерқанат Тұрымтайұлы.

– Шынымды айтсам, тез жазамын деп сасқалақтап қалдым. Латын әліпбиіне енді көшіп жатқандықтан, әлі жазуға дағдылана қоймағанымыз көрініп тұр, – дейді ол жымиып. – Негізі, халқымыздың латын графикасына көшкенін құптаймын. Бұл әліпбиге көшсек, біз түркі халықтарына жақындай түсеміз, – деді әңгімесін әрі жалғап.

Байқаудың екінші кезеңі де қатысушылар үшін өте қызықты өтті. Бұл кезеңге өткендер киіз үйдің ішіндегі конверттегі қағазда жазылған мақалдың бірінші бөлігін тақтаға кириллицамен жазса, қалған бөлігін латын қарпімен жазды. Тапсырмаға берілген уақыт 120 секунд. Десе де бұл кезеңде кейбіреулерге сәттілік серік болса, тағы біреулерге бұл кезең оңай соқпады.

– Мен бұл кезеңде латын әліпбиінен қиналған жоқпын. Маған бұл жолы қазақтың мақал-мәтелдерін жақсы білмейтінім кедергі болды. Сыннан сол себепті сүріндім, – дейді Өскемендегі №15 мектептің 4-сынып оқушысы Ералы Ержанұлы. Ол өз қателігін дөп басып түсініп тұр. Сөйтсе, Ералы «Қарға баласын аппағым дер» деген мақалдың «Кірпі баласын жұмсағым дер» деген екінші бөлігін білмей қалған екен.

– Жалпы, мен балаларымның жан-жақты білімді азамат болып өсуіне ерекше мән беремін. Ералыдан үлкен екі балам да бүгінде шетелде білім алып жатыр. Қазақ, орыс тілдерімен қатар, ағылшын тілін де өте жақсы біледі, – дейді Ералының анасы Раушан Асқарова әңгімеге араласып. Раушанның өзі қаладағы «Я
сам» балаларды ерте дамыту орталығында қызмет істейді екен.

Латын графикасы - өркениет жазуы

Үшінші кезеңнің тапсырмалары да қатысушылардан жылдамдық пен алғырлықты талап ететіні бірден-ақ белгілі болды. Қатысушылар экранда берілген күрделі үш сөздің құрамындағы әріптерден 60 секундтың ішінде барынша көп сөз құрап, латын графикасында жылдам әрі сауатты жазуы керек. Акцияға қатысушылардың жұмысын арнайы сарапшылар тобы бағалап, келесі кезеңге өтетін жеңімпаздарды анықтап отырды.

Ал финалға жеткен ойыншыларға қойылатын талап тіпті жоғары болды. Қатысушылар 120 секунд ішінде экранда берілген суретке қатысты сөйлем құрап, латын графикасында сауатты жазуы тиіс. Дегенмен қатысушылардың үшеуі де бұл сынды өз деңгейлерінде орындап шықты. Сөйтіп, Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұпар Қуан жүлдеге тігілген басты сыйлық – домбыраға ие болса, Өскемен қаласындағы «Алтын ұя» жекеменшік зияткерлік білім беру орталығының жетекшісі Ерлан Мағданов пен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың 1-курс студенті Еркежан Мұратқызы ұлттық нақыштағы usb-флешкаларға ие болды. Ал қалған қатысушылар әдемі брелоктар мен латын қаріптері жазылған кружкаларды, мерекеге арнайы жасалған ұлттық нақыштағы қабырға сағаттарды қанағат тұтты.

Латын графикасы - өркениет жазуы

¬- Бүгінгі акция маған өте ұнады. Осындай қазақтың ұлттық мейрамын ұлықтап, кішігірім болса да «Рухан жаңғыру» бағдарламасы аясында халықпен жұмыс істеп жатқаны үшін облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармаға ризашылығымды білдіремін. Жеңіске жету мен үшін аса қиын болған жоқ. Жаңа алфавитті жатқа білуім көп көмектесті. Шындығында, латын әліпбиі бұл телефонның тілі, компьютердің тілі ғой. Сондықтан да оны енді әр қазақ білуі тиіс деп ойлаймын, дейді байқау жеңімпазы Жұпар Қуан.

Бүгінгі акцияны ұйымдастырудағы мақсатымыз – халықты латын қарпіндегі жаңа әліпбимен таныстыру болатын. Алға қойған мақсатымызға жеттік деп ойлаймын. Акцияға қатысушылардың көпшілігі ағылшын тілін білетіндеріне сенгенімен, қазақ тіліндегі жаңа латын графикасының өзіндік ерекшеліктері бар екенін ескермей, қателікке ұрынып, сыннан сүрініп жатты. Десе де жаңа әліпбидегі жазу дағдысы бірте-бірте қалыптасатынына сенеміз, – дейді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Сәуле Қалиғазина.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button