Білім

Латын қарпінде жазу дағдыларын жетілдірді

Латын қарпінде жазу дағдыларын жетілдірді


Ақпараттық технологиялар күннен күнге жаңарып, қарыштап дамып келе жатқан әлеммен бірлесе түсуімізге, жас ұрпақтың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне қолайлы жағдай туғызу мақсатында еліміз біртіндеп латын қарпіне көшуге бет бұрды. Осыған орай, Өскемендегі Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде қазақ тілінің латын графикасына көшуінің маңыздылығы мен қажеттілігін насихаттау мақсатында облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру және кадрларды даярлау орталығы «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығымен және лингвистикалық орталықпен бірлесе отырып, семинар-тренинг өткізді.

-Латын әліпбиіне көшу – халықтың санасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады. Қазіргі уақытта ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда. Ғаламтор желісінде де латын әліпбиіне аударатын транскрипция орнатылған, бірақ орыс графикасында ғана жасалған. Болашақта қазақ графикасында жасалады деген ойдамыз. Латын әліпбиіне көшуде бастапқы жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатқан латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты ой қозғап, оның маңыздылығын түсіндіру үшін өңіріміздің ғалымдары, колледждердің тіл мамандары бас қосып отыр,-деді облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру және кадрларды даярлау орталығының директоры Ришат Сағибекұлы.

Оқытушы – ғалымдарымыз айтып өткендей, қазіргі заман талабы әлемдік ақпарат кеңістігіне өтудің төте жолы – латын жазуы екендігін көрсетіп отыр.
-Кирилл жазуы санаулы елдерде, көбіне ТМД елдерінде ғана қолданыста болғандықтан еліміздің әлемдік өркениетке жақындауына тежеу болып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Жаһандық ақпарат кеңістігіне ене алмай қалған елдердің даму қарқыны бәсең болары анық. Латын әліпбиі – әлемдегі ең көп қолданыстағы графика. Бұл күнде латын әліпбиі Еуропа, Азия, Африка және Америка құрлықтарының көптеген мемлекеттерінің жазу құралы болып отыр. Латын қарпіне көшу арқылы еліміз әлемдік өркениетке, жаһандану үдерісіне жақындай түседі,-деді филология ғылымдарының кандидаты, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлектетік университетінің доценті, «Қазақ жазуы және латын графикасы» орталығының жетекшісі Айгүл Әсетқызы.

Тіл маманының айтуынша, латын графикасы бірнеше ғасырлық тарихы бар, ең жетілген, өзін-өзі тарих тезінде ақтап шыққан графика үлгісі болғандықтан осы үлгіге сай замануи әліпбиді қазақ жазуына пайдалану өз тіліміздің де өміршеңдігі мен бәсекелестік қабілетінің артуына әкелері сөзсіз. Латын графикасы түркі әлемін де айналып өткен жоқ. Бұл жазу жүйесін бірінші болып Түркия елі қабылдаса, кейінірек Өзбекстан, Әзербайжан мемлекеттері де қабылдады. Сондықтан бұл жағдай еліміздің туыстас мемлекеттермен рухани-мәдени байланысын арттыра түседі. Шет мемлекеттерде тұратын қазақтар күні бүгінге дейін латын әліпбиін қолданып жүргендіктен, қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі қазақ ұлты өкілдерінің жақындасуына, ұлт тұтастығына да қызмет етпек. Жаңа графикаға көшу арқылы әліпбиіміз артық таңбалардан арылады. Әріптер саны азайған соң орфоэпия, емле ережелері де жеңілдей түседі. Бұл жәйт қазақ тілін оқып-үйренуді жеңілдете түседі.

Әрине, жазуымызды латын әліпбиіне көшіру бір күннің ісі емес. Сондықтан мемлекет тарапынан латынға негізделген жазумен бірге қазіргі жазуымыз да қатар қолданыста жүріп, елдің көзі үйреніп, жаңа әліпбиді әбден меңгеріп кеткенінше қолайлы мүмкіндік жасалады.

Семинар – тренинг барысында өңір колледждерінің тіл мамандары лингвистикалық орталық әзірлеген, латын графикасы негізінде жұмыс жасау дағдыларын жетілдіруге арналған жұмыс дәптері бойынша білімдерін жетілдірді. Осындай семинар-тренинг Өскеменнен кейін Семей өңірінде жалғасатын болады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button