Ұланның үміткері топ жарды

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйтқы болуымен жастар арасында дәстүрлі Абай оқулары өтті. Байқау Алаш қозғалысының 100 жылдығына орайластырылды.
Осы байқау бойынша аудандар мен қалалардан іріктеліп келген кіл мықтылар Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентіне жиналды. Әр өңірдің үкілеп әкелген үмітті жүйріктері әуелі жазушылар шығармасынан үзінді оқыды. Бұрынғы жылдардағы қатысушылардан әжептәуір көрім екен биылғылар. Әркім әлі жеткен жерге дейін ойнады. Екінші айналымда ақындар шығармасына ат басын бұрған сайыскерлер елді өлеңмен елітті.
Қатысушылардың бәрі ұлттық үлгіде киім киіп, шығарманы жатқа оқуы керек болатын. Бұл – ұйымдастырушылардың қойған талабы. Өнерпаздар да осы үдеден шыға білді. Шара да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осы орайда сайыскерлер Серік Ғабдуллин, Мүсілім Құмарбекұлы, Ғалым Байбатыров сынды жергілікті ақын-жазушылардың да шығармасын ескерсе ғой деген ой келді бізге. Бұл бұрын айтылып жүрген сын болса да, әлі күнге нәтиже жоқ содан. Бар ғұмырын туған жерде өткізген тұлғаларды туған жұрты қадірлемесе болмас. Бұл олқылықтың орнын келесі шаралар толықтырар деп сенейік.
Сайысқа басқарма басшысы Айдын Шаймарданов бастаған алты қазы төрелік етті. Алтауы әр сайыскерге қойған бағасын қосып, үздіктерді анықтады.
Сонымен, ұландық Мейіржан Әлібеков бас жүлдені қанжығаға байласа, Семей қаласынан келген Шынар Адамзатова бірінші орынды, риддерлік Айым Айдынқызы екінші орынды, Зайсан ауданынан келген Жадыра Түсіпханқызы үшінші орынды еншіледі. Жадыра бірінші айналымда Оспанхан Әубәкіровтің «Қалпақ пен талтақ» атты сатирасын сахналап, ел ықыласына бөленген еді. Бірақ кейбір қазылардың сатираны көркем әдебиетке жатқызбағаны себепті үшінші орынға сырғығанын түсіндіре кеткен ләзім. Байқауда басқалардан бәсі жоғары болған Курчатов қаласынан келген Тоқтарғазы Жұмаш «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы», Өскемен қаласының намысын қорғаған Жүрсін Жұмабаев «Қара сөздің қас шебері» аталымымен марапатталды.
Қатысушылардың бәрі құр алақан қайтқан жоқ, сайыскерлер бағалы сыйлықтарға қол жеткізді.
(Мақала облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырмасымен жазылды.)
Мұратхан Кенжеханұлы