Мәдениет

Ұландағы айтыстың бас жүлдесін Ринат алды

Ұландағы айтыстың бас жүлдесін Ринат алды


Ұлан ауданында дүбірлі айтыс өтті. Алашорданың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған айтулы аламанға елімізге есімі белгілі жүйрік ақындар мен өңірдің өрімдей жастары қатысты.

Айтысқұмар халық әуелі Райымжан Мәрсеков атындағы орта мектептің алдына жиылды. Мұнда Алашорданың айтулы өкілдерінің бірі, алғашқы болып Алашорда әскерін құрған, ұландық Райымжан Мәрсековке кеуде мүсін қойылды.

Аудандық мәдениет үйінде өткен айтыс белгілі кәсіпкер, Ауған соғысының ардагері Қайрат Мусиннің демеушілігімен өтті.

Айтыс тізгінін ұстаған Аслан Ғафуров сегіз ақынды сахна төріне шақырып, қазылар алқасын таныстырды. Қазақстан жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, белгілі қаламгер Әлібек Қаңтарбаев төрағалық еткен қазылар құрамында айтыстың ардагерлері Серік Құсанбаев, Абаш Кәкенов, Серікхан Жақиянов, Мұрат Тастағанов, Нұртай Тілеужанұлы болды.

Айтыстың алғашқы жұбы болып «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев пен аягөздік Қазыбек Байжұманов сөз қағыстырды. Соңғы жылдары үлкен айтыстардың бәрінен жүлдесіз қайтып көрмеген Аспанбек қарсыластан басымдығын байқатты.

Осы айтыстағы жалғыз қыз өскемендік Гүлнұр Зұлқаршынды қыз-жігіт айтысының майталманы қарағандылық Мақсат Ақанов ертіп шықты сахнаға. Қарсыластың мысы басты ма, жоқ әлде көптен бері шаң көрмей кеткендіктен бе, жерлесіміз бауырын жазып шаба алмады. «Қарсыласың тұрғанда келіншек боп, айтысқың келмейді екен еріншектеп» деп шын сырын ақтарды жұртқа Сарыарқаның сал-серісі.

Көркем тілімен көзге түсіп жүрген Жүрсіннің жас жүйріктерінің бірі қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан мен ұландық жас пері Қуаныш Еркін жұпталыпты. Ұландық жұрт Мейірбектің шабысына бұрыннан қанық. Бір жыл бұрын ғана дәл осы сахнадан темір тұлпар тізгіндеп қайтқан. Сондықтан болса керек, айтыс басталмай жатып өз ұлдарынан гөрі жұлдыз ақынға көбірек қолдау көрсетіп жатты жергілікті жұрт. Бірақ айтыс барысы елдің ойын кері қайтарды. Мейірбектің қатарынан қалыспай шапқан жас жүйріктің аяқ алысына шын сүйінді жұрт. Қазылар да қос ақынның бетінен қақпады.

Ақырғы жұп сахнаға көтерілгенде халық ұлардай шулады. Өйткені осы сәтте ақиқаттың алдаспанын жарқылдатып, ел ықыласына ерекше бөленіп жүрген Ринат Зайытовтың аты аталған еді. Ал оның қарсыласы болып өскемендік жас ақын Нұржан Қайратұлы шыққанда, шыны керек, арыстанның аузындағы қоянды көргендей, жұрт аяушылықпен қарады. Шыға салып, азу тісін көрсеткен айбарлы ақынның мысы Нұржанды баса алмады. «Бұл ағам осы айтыстың абаданы, абаданның ішіндегі қабағаны» деп әзіл шыны аралас өлеңді ақтара жөнелген жас ақын, өзі де Аягөзде туғанын айта келіп, «Ешқандай тарихта болмапты ғой, ұяластар бір-бірін талағаны» деп түйіндеп барып, «… Сен Дулат болсаң дауылпаз, артыңнан ерген Әріппін» деп кезек берді ағасына. Ринат та аталы сөзден аттаған жоқ, аға мен інінің тамаша ой жарысымен өрбіді айтыс. Нұржан да сол биігінен құламай айтысты аяқтады. Қазылар қос ақынға ең жоғары ұпай берді. Әсіресе, айтулы ақынның азуына түспеген Нұржанның нұры тасыды.

Екінші айналымға алты ақын өтті. Бұл сынның алғашқы жұбы болып Мақсат пен Нұржан шықты. Алғашқы кезегінде ашыла алмаған айтулы ақын ширығып шықты сахнаға. «Саудагерлер шығады Шым қаладан, заңғар ерлер шығады Шымқорадан» деп елдің игі-жақсыларын түгендеген Ақанов, қарсыласына қарата «Тамырымды басқалы келсең, тақымымда кетесің» деп соқтығып еді, Нұржан тақымыңның күшін маған емес, тағдырдың тәлкегіне түсіп, өзге ұлттарға кетіп жатқан қазақтың қаракөз қыздарына көрсет деп салды. Сол күні шаршы алаңға шыққан Головкиннің жерлесіне де қазылар тең деген баға берді.

Сахнаға аспандап шыққан Аспанбектің аптығын тағы бір жас ақын Қуаныш басқандай болды. Көркем сөзден керуен жасаған қонақ ақын Қуанышқа әртүрлі амалдарын істеп бақты. Қуаныш та қарап қалған жоқ. Қарсыласы қай биікке талпынса да қасында болды. Қазылар алқасы Аспанбекті алға оздырды. Жалпы, Ұландағы айтыста Қуаныш пен Нұржанның аяқ алысы қуантты бізді. Өскемен өңірінде айтыскер ағаларының көшін осы қос ақын жалғастыратынына жұрт сенім білдіреді.

Нағыз айтыстың үлгісін Ринат пен Мейірбек көрсетті. Алашорданың арғы-бергісін ақтара жырлаған қос жүйрік, айтыс жасап, ас беріп жатқан кәсіпкердің әкесі Мараттан тартып, өнерімен көпке үлгі бола білген, мезгілсіз өмірден өткен інісі Талғатқа дейін жырлады. Ешкім де ақындардың аузына қақпақ болған жоқ. Еркін көсілді екеуі. Елдің жарасын да қандауыр тілдерімен шабақтап, шаттығын да жырлады. Жалпы, бұл күні халық еркін айтыстың куәсі болды. Нәтижесінде Ринат ілгері шықты.

Ұландағы айтыстың бас жүлдесін Ринат алды

Елдің сұрауы бойынша ақтық сында Аспанбек пен Ринат айтысты. Екеуі ел күткен айтысты жасап берді. Ринаттың шығыс өңіріндегі шырайлы жерлерде көбірек демалып жүретінін айта келіп «Зайттың немересі есенбісің, кәйіптің жеті атасын жатқа білген» деп күлдірді елді Аспанбек. Інісіне разы болған Ринат шапанын сыйлады.

Сонымен республикалық айтыстың 50 мың теңгелік ынталандыру сыйлығына Гүлнұр Зұлқаршын, Қазыбек Байжұманов, Нұржан Қайратұлы ие болды. Талғат Мусин атындағы атаулы сыйлықты Мақсат Ақанов алды. Үшінші орынның 100 мың теңгелік бәйгесі Қуаныш Еркінге, 200 мың теңгелік екінші орын Мейірбек Сұлтанханға, 300 мың теңгелік бірінші орын Аспанбек Шұғатаевқа бұйырды. Ал бас жүлдеге тігілген жарты миллион теңгені Қайрат Мусиннің анасы Мәрзия апай өз қолымен Ринат Зайытовқа табыстады.

Айтыстан кейін жиналған жұртты облыс орталығындағы «Халифа Алтай» мешітінде болған асқа қатысып, бабалар рухына бағышталған құран-хатымға қол жайды.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button