ҰЛАНДА ӨТКЕН ҰЛАН-АСЫР ТОЙ

Биылғы Наурыз мерекесі ұландық жамағаттың жадында көпке дейін жатталып қалары сөзсіз. Қытымыр қыстың ызғарының қайтуына қарайлап, өткен жексенбіге белгіленген Ұлыс мейрамына ағылған жұрттың қарасы жылдағыдан әлдеқайда көп болды. Аудан орталығындағы «Ұлан» стадионына жиналған ұландықтар күнтізбедегі тауық жылын ашық аспан астында көтеріңкі көңіл күймен, шат-шадыман шаттықпен қарсы алды.
Әз Наурызға жиналған ұландықтар мен тойға келген меймандарды аудан әкімі Дәулет Бақытұлы құттықтап:
– Наурыз әр отбасына шаттық, құт-береке әкелсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деген тілегін білдірді.
Ақжарма тілектен кейін Ұлан аудандық «Ұлан таңы» газетінің бас редакторы, Мәдениет қайраткері, Ұлан ауданының Құрметті азаматы Жансап Жанғозинды зейнеткерлікке шығарып салып, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсүпова «Жастарға патриоттық тәрбие беруге қосқан үлесі үшін» медалімен марапаттап, теледидар сыйға тарту етті. Ал облыстық мәслихаттың депутаты Жасұлан Құдайбергенұлы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиевті «Ардагерлер ұйымына қосқан зор үлесі үшін » медалімен марапаттады.
Аудандық мәдениет үйінің өнер майталмандары күн мен түннің теңелгенін театрландырылған көрініс арқылы жеткізді. Осындай көңілді де мағыналы бастамадан кейін мерекелік концерт өз бастауын алды. Аудандық Мәдениет үйінің өнер саңлақтары мен аудандық музыка мектебінің жас таланттары бұл мерекеде өз өнерлерін аяған жоқ. Мерекеде әр ауылдық округтер мен кенттер және бөлімдердің қаз-қатар тіккен ақ шаңқан киіз үйлері, ежелгі қазақ ауылын көз алдыңызға елестетіп, нағыз мереке думанның орнына айналды. Ұлттық үрдістің жарқын үлгісін көрсетіп, жасау-жабдығы, безендірілуі наурыздың нақышын бейнелей білген, ұлттық тағамды да үйлесімді әрі дәмді етіп әзірлеген. Шалқыған ән, қайнаған қазан, дәстүрді паш еткен ақшаңқан киіз үйлер, ақ дастарқандағы ұлттық тағамның түр-түрі жаңару мен жаңғыру мерекесінің сәнін аша түсті. Наурыз мерекесіне арнап тігілген ақ отаудан мәртебелі меймандар да, кент тұрғындары мен еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін кіріп дәм татты. Наурызкөже отауға құтты болсын айта келгендердің барлығына ұсынылды.
Бұл күні сауда да қыза түсті. «Өскемен құс фабрикасы» акционерлік қоғамы мерекеге жиналған барша қауымға арнап, кәуәптарын сатылымға шығарса, аудандағы жеке кәсіпкерлер де арзан бағамен өнімдерін саудалады. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өздері әзірлеген ыстық бауырсақ пен палауларын көпшілікке тегін үлестірді.
Мерекеге жиналғандардың бір бөлігі өнерпаздардың ән-күйін тыңдаса, спортсүйер қауым гір көтеру, қол күресі, қазақша күрес, дойбы, тоғызқұмалақ ойнау, қой көтеру сайыстарын тамашалады. Алаңның екінші жартысында өткен спорттық ойындардан жігіттермен қатар, қыз-келіншектер де тыс қалмады. Сайыста жеңімпаз атанғандар марапатталды.
Наурыз-думан түс ауғанша толастаған жоқ. Аудандық мәдениет үйінің әртістері әзірлеген концерттік бағдарлама сауықшыл кент тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлады.
Эльмира Ахметова
Ұлан ауданы.