Білім

Ұланда екі мектеп пен бір шағын орталық ашылды

Ұланда екі мектеп пен бір шағын орталық ашылдыКеше Өскемендегі №35-ші қазақ орта мектебінде жаңа оқу жылының жаршысы – алғашқы қоңырау мерекесі болып, оған арнайы қатысқан облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ білім ордасының табалдырығын алғаш аттаған балаларды, ұстаздар мен ата-аналарды құттықтады.

Мемлекеттік тілде білім беруді бастағалы небәрі 5 жыл ғана болған бұл мектепте ол кезде 426 бала болса, қазір 1326-ға жетіп, 41 сынып жиынтығын құрап отыр. Мектепте бала санының көбеюіне байланысты биылдан бастап қаладағы №19 орта мектептен 180 балаға арналған мектепалды даярлық тобына орын беріліпті. Өткен оқу жылы мектептің жаппай оқыту қаражатынан 142 оқушы тегін тамақтандырылған. Бүгінде мектеп ұжымы тек бюджет қаражатына ғана қарап қалмай, «Туған жерге – тағзым» акциясы бойынша демеушілермен бірқатар жұмыстар атқаруда.

Өзі басқаратын білім ұясының жетістіктерін оның директоры Анна Тайымова осындай деректермен баяндады. Ал облыс әкімі жиналғандарға қарата:

– Соңғы кездері еліміз көлемінде көптеген мектептер мен жаңа сыныптар, спорт модульдері ашылып жатыр. Бұл мектеп білім беруде де, спортта да жақсы нәтиже көрсетіп келе жатыр. Мен бүгінгі бала, ертеңгі ел тұтқалары – жас өскінге ағаларыңның сенімін абыроймен ақтап, ел көкжиегін кеңейтіңдер, ал мұғалімдерге білікті маман болыңдар дегім келеді, – деген тілек арнап, мектепке заманауи плазмалық теледидар сыйлады. Одан соң кезекті жөндеуден өтіп, сыңғырап тұрған сыныптарды, спорт залы мен асхананы аралап көрді.

Украинкадағы 80 орындық мектеп жарқырап тұр


Қала мектебінен соң бірден ауыл мектебіне – Ұлан ауданы, Украинка ауылындағы мектептің жаңадан ашылу салтанатына барған аймақ басшысы бір қауым ел жиналған салтанатқа қатысты. Мемлекеттің білім мен денсаулық саласына ерекше көңіл бөліп, ел болашағы – балалардың игілігі жолында тиянақты қамқорлық жасап отырғанын тілге тиек етіп, барша қауымды білім мерекесімен құттықтады.

– Нақты айтар болсақ, Ұлан ауданында соңғы 30 жылда бірде-бір мектеп пайдалануға берілмепті. Осыдан екі жыл бұрын аудандарыңызда екі мектеп салынса, қазір төрт мектеп салынып жатыр. Соның екеуі дәл бүгін пайдалануға берілмек. Жаңа ғимаратта жақсы білім, саналы тәрбие берілуі керек. Мен бұл құрылыс жүріп жатқанда бірнеше рет келгенмін, – деген Бердібек САПАРБАЕВ облыс басшылығы атынан осынау ғимаратты белгіленген уақытта іске қосқан «Дакар-групп» ЖШС-нің басшылығына алғысын білдіре отырып, оларға алдағы бір ай ішінде мектептің маңайын абаттандыру ісін бітіруді тапсырды және бұл білім ордасына да үлкен теледидар сыйлады.

Аталған мектептің директоры Марина Ташимованың айтуына қарағанда, жалпы құны 287 млн. теңге болған және небәрі бір жарым жылда салынып біткен 80 орындық бұл мектепте 17 сынып кабинеті (оның үшеуі жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған) және 31 компьютер болмақ. Бұдан әрі биыл мектеп табалдырығын аттап отырған Ақжібек Төлеуғали мен 11 сынып оқушысы Данилл Акентьев соққан алғашқы қоңыраудың үнімен, ауыл әжелерінің шашуымен мектепке енген аймақ басшысы ондағы кабинеттерді, облыстық мұражайлар байқауында 1-ші орынға ие болған мектеп мұражайын аралап шықты. Осы жерде бір айта кетерлік нәрсе, жаңа мектептің жанындағы ескі мектепте алдағы уақытта 75 балаға арналған мектепке дейінгі білім беретін шағын орталық болмақ.

Омарташы мен маралшы дайындау әлі де төмен деңгейде

Саратовка ауылындағы Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы колледжінің жатақханасында ашылған шағын орталықтың мерекесі балалардың ертегі кейіпкерлерінен көрсеткен қойылымымен басталды. Мұнда облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ оқу орнының бір сыныбында жиналып отырған оқушылармен кездесіп, алдымен олардың қаншасы ара шаруашылығына қатысты, қаншасы марал шаруашылығына қатысты білім алатынын сұрап-білді. Олардың тек үшеуі ғана аталған мамандық алып жатқан болып шықты, ал қалғандары ветеринария мен механизация бойынша тәлім алуда екен. Олардың барлығы да (123 бала) грантпен оқымақ көрінеді.

– Мен мұнда бірнеше рет болып, бірқатар ескертпелер жасаумен келемін. Ең бастысы, біз нағыз маман даярлауымыз керек. Бізде металлургия мен ауыл шаруашылығынан басқа, марал және омарта шаруашылықтары да аймағымыздың бренді болып саналады. Биыл бесінші рет омарташылардың фестивалін өткіздік. Бұл колледжде үшінші жыл марал шаруашылығының мамандарын даярлап жатсақ та, әзірге бірде-бір маман көріп отырған жоқпыз. Бұл – білім басқармасына қарата айтылған сын. Сіздер осында оқиды екенсіздер, тиянақты білім алып, келешекте өз мамандықтарыңыз бойынша қызмет етуге тиіссіздер. Өйткені, ертеңгі күні сіздер осы елді көркейтесіздер, – деген облыс әкімі балалардың тұрмыстық жағдайларын сұрап-білді.

Колледждің акт залын көрген аймақ басшысы «бұл жер осы ауыл тұрғындарының демалатын, түрлі концерттер көретін орны болмаса, спорт залында осындағы тұрғындар спортпен айналыспаса, несіне қаңырап тұрады? Тиіп тұрған Өскеменнен әртістерді шақырып, концерт ұйымдастыруға әбден болады ғой» деп, облыстық білім басқармасының басшысы А.Нұрғазиевке нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімі ауданға жасаған іссапары барысында Жаңа Азоводағы су жүргізу жүйелерін қайта жаңғырту жайымен танысты. Онымен үш жылдан бері айналысатын «Семей еңбек» ЖШС-нің салғырт жұмысының кесірінен 159 түтіні бар мекеннің қазіргі күнге тек 27-сіне ғана су тартылған. Жалпы, тоғыз шақырымға тартылуға тиіс судың шаруасы әзірге мәнсіз болып тұрған сыңайлы. Бұл шаруаға көңілі толмаған аймақ басшысы қыркүйектің соңына дейін шаруаны бітіру керектігін қадап айтты.

Привольное ауылында жаңадан бой көтерген мектеп 180 балаға арналған. Бұрындары жай ғана мектеп болып келген бұл мекенге жақында осы жерде білім алған, ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан «Қызыл Жұлдыз» және «Қызыл Ту» ордендерінің иегері, гвардия майоры Мұрат Қожановтың есімі берілмек екен. Ал бұл әдемі мектепті «Тасымал көлігі» ЖШС мерзімінде ел игілігіне табыс етіпті.

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ ауданның елді мекендеріне барған сапарын осы ауылда орналасқан «Багратион-2» шаруа қожалығында аяқтады, ондағы жануарлар мен құстардың жеміне қосылатын биологиялық қоспалар шығаратын орында болып, құны 32 млн. тұратын жобамен танысты.

Биыл облыс бойынша 22213 оқушы (бұл былтырғы көрсеткіштен 2670 оқушыға көп) мектеп табалдырығын аттаса, 9 мыңнан аса оқушы 11 сыныпқа барды. Қазір облыста 40 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Олардың 14-і биылғы жылдың соңына дейін ашылса, 8-і кеше пайдалануға берілді. Олар: Ұлан ауданының Украинка және Привольное орта мектептері, Күршіи ауданындағы Жанауыл, Шенгелді және Қойтас орта мектептері, сондай-ақ, Тарбағатай ауданындағы Дәулетбай, Жамбыл және В.Чкалов атындағы орта мектептер болып отыр.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button