Мәдениет

Ұлағатты ұстаздың жүрегіндегі жазулар

Өскемендегі орталық қалалық кітапханада Қазақстан Республикасы халық ағарту ісінің үздігі Нағима Сатыбалдинаның «Жүректегі жазулар» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Ұлағатты ұстаздың жүрегіндегі жазуларҰлы ойшыл Абай бабамыздың:
– Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға, – деген ғибратты сөздері осы бір қасиетті де, қадірлі ұстаз мамандығын таңдап, 50 жыл жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берген, ұл өсіріп ұяға, қыз өсіріп қияға қондырған ерлі-зайыпты Асқар Ісләмов пен Нағима Сатыбалдинаға арналғандай.

Өткен өмір жолдарынан сыр шертетін кітап авторының айтары да мол екен. 1932 жылы Семей өңірінің Қайнар ауылында дүниеге келген Нағима анамыздың балалық шағы кісі қызығарлықтай емес. Бүкіл қазақ даласын қолдан ұйымдастырылған аштық атты айдаһардың отты жалыны шарпып тұрған кезеңде дүниеге келіп, миллиондап қырылып жатқан бейкүнә жандардың арасынан қорғансыз сәбидің аман қалуының өзі үлкен олжа деуге болады. «Басқа түссе – баспақшыл» деп, жазмыштың жазғанына көнген халық аранын ашқан аштықтан құтылар-құтылмаста жер-дүниені дүр сілкіндіріп, Ұлы Отан соғысы басталады.

Алапат аштық пен сұм соғыстың салған ауыртпашылығын бір кісідей көріп өскен қаршадай қыз қайсарлық атты қасиетті ұғымды өміріне серік етуді мақсат тұтады. Сол қайсарлық осы күнге дейінгі кездескен кедергілер мен келеңсіздіктердің барлығын жеңіп шығуға, ұлағатты ұл-қыз өсіріп, «Батыр ана», «Ана даңқы» ордендерінің иегері атануына, Асқардай абзал еріне адал жар, еліне сыйлы әулеттің ұйтқысы болуына, ең бастысы, ұзақ жыл шеккен бейнеттің зейнетін көруге жеткізіпті.

Нағима анамыздың 80 атты сеңгірге қараған шағында біраз жыл көз майын тамызған еңбегінің негізгі айтары да – осы. Әрине, кітапта бастан-аяқ қайғы мен мұң, жоқтық пен аштық, жетімдік пен жесірлік жайында баяндалмайды. Кеше ғана отау құрған екі жастың қол ұстасып, сонау Тарбағатай өңірінде еңбек жолдарын бастаулары, ұстаздықтың алғашқы қадамдары, сол елдегі игі жақсылардан көрген шапағат шуағы, қызметтес-сыйлас дос-жарандар пейілі, дүниеге келген тұңғыш сәби шаттығы, барлығы да ыждағаттылықпен қамтылған.

Жылдардың жықпылы мен айлардың аңғарында қалған өткен күндерді шатастырмай, рет-ретімен, қарапайым да көркем тілмен баяндай білгеніне қарағанда, Нағима анамыздың санасы әлі де сергек, тың екендігін аңғару қиын емес.

Кеш барысында көзі тірісінде халқына қалтқысыз қызмет еткен, ұл-қыздарына тағылымды тәлім-тәрбие беріп, мыңдаған шәкірттерді тұғырынан түлете білген ұлағатты ұстаз Асқар Ісләмов жайында естеліктер де көп айтылды.

– Өткен күндерді тебіренбей, толқымай еске алу мүмкін емес екен. Осы кітабымды жазу барысында басымыздан өткен небір қиын күндер, отағасы екеуміздің балалы-шағалы болып, кейін немере-шөберелерімізбен бірге өткізген шаттыққа толы шақтарымыз көз алдымнан тізбектеліп өткенде жанарымды еріксіз жасқа да малдым.

– Асқар марқұм дүниеден өтерінде:
«Мен өмірімде ешкімді сатпадым, бір адамға қиянат жасамадым, бар саналы ғұмырымда ұстаз мамандығына адал болдым және ол үшін мемлекеттен ешқандай сый-сияпат, атақ-абырой дәметкен жоқпын» деген еді. Менің де жастарға айтарым осы, – дейді ұл-қызынан 24 немере, 18 шөбере сүйіп отырған аяулы ана Нағима Сүлейменқызы.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button