Білім

Ұлағатты ұстаздың ұстаханасынан үйренеріміз көп

Әр ұстаздың өзіндік ұстанымы, тәлімі мен тәрбиесі, өзгелерге ұқсамайтын ерекшелігі болу керек дейтін болсақ, осы қасиеттердің барлығын бар саналы ғұмырын бала тәрбиесі мен біліміне арнай жүріп, Шығыс елінің мақтанышына айналған, білікті ұстаз Қанипа Бітібаеваның бойынан көруге болады.

Ұлағатты ұстаздың ұстаханасынан үйренеріміз көпБұл күнде Қанипа Омарғалиқызының есімі – облысымызға ғана емес, барша қазақ жұртшылығына, қала берді шет мемлекеттерге де танымал. Оның жас жеткіншектер санасына қазақ әдебиетін, оның ішінде Абай, Шәкерім, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сынды қазақ халқының біртуар арыстарының шығармашылығы мен соқтықпалы-соқпақты ғұмырларын тереңдей, зерделей құйып, оқытудағы өзгелерге ұқсамас өзіндік әдістемелері кез келген әдебиет пәнінің мұғалімдеріне үлгі-өнеге екені дәлелдеп жатпайтын шындық.

Содан да болар, бірнеше күннен бері еліміздің түкпір-түкпірінен келген 40 мұғалім Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жанындағы ғылыми-педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен «Білім беруді кіріктіру жағдайында қоғамдық-гуманитарлық бейін педагогтарының шығармашылық әлеуетін дамыту» атты екі апталық курсқа қатысып, Қанипа Бітібаеваның зертханасынан және дәріс беру ерекшеліктерінен мол мағлұмат алуда.

Осымен үш жыл қатарынан өткізіліп отырған аталмыш курстың тұсауын 2010 жылы облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ өзі кесіп, курсқа қатысқан ұстаздар қауымына, сондай-ақ, 45 жыл жалықпай ұстаздық етіп келе жатқан Қанипа Омарғалиқызының еңбегіне жеміс тілеп, шынайы ризашылығын білдірген болатын.

Біз биыл да Шығыс жеріне еліміздің барлық аймағынан келіп, біліктілігін жетілдіріп жатқан педагогтармен жолығып, пікірлерін білгенбіз.

Айтгүл ТӨЛЕУХАНОВА, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Қарағанды қаласы:
– Өскемендегі семинар-курсқа келгендегі мақсатымыз – ұлтымыздың мақтанышына айналған ұстаз Қанипа Бітібаеваның дәрісін алу. Мен ол кісі жайында көп естіп, оқулықтарын көп оқығанмын. Тіпті, студент кезімізде апайдың әдістемелік кітапшаларына қызығушылығымыз керемет еді. Енді оның зертханасымен танысып, өз аузынан дәріс естіп, педагогтық тәжірибемді жетілдіру бақытына ие болғаныма өте қуаныштымын. Қалаларыңыз кереметтей әдемі, шағын әрі тап-тұйнақтай таза екен. Өскеменнің қонақжай халқына ризашылығымды білдіргім келеді.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button