Білім

Әліппеге арналған көрме

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан  университетінде Білім күніне арналған «Әліппе – білімнің қайнар бұлағы» атты іс-шара болып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат қатысты.

 Іс-шара аясында «Әліппеден басталған, Даналықтың данасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ғалым Федор  Головановтың  63 букварьдан тұратын  коллекциясы қойылды. Олардың ішінде жиырмасыншы ғасырдың басында ТМД халықтарының тілінде шыққан 30 букварь бар.

-Барлық әліппелер өткен ғасырдың 50-60-шы жылдары басылып шыққан. Бүгінде бұлардың барлығы библиографиялық сирек құндылық болып табылады, ал 1917 жылы Мәскеудегі И.Сытиннің баспаханасынан шыққан ағайынды Сатаровтардың әліппесі раритет болып саналады, – дейді ғылыми кітапхананың директоры Перизат Нұралиева.

Бір қуанарлығы, мектеп бағдарламасынан алып тасталынған «Әліппе» мен «Букварь» оқулықтары 2021 жылдың қыркүйегінен бастап қайтадан оралмақ. Білім министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, жаңа «Әліппе» Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесіне негізделетін болады.

Сондай-ақ жаңа оқу жылының басталуына арналған мерекеде цифрлық педагогиканың жаңа зертханасының да тұсауы кесілді.

-Бүгінде адамзат жаһандық ақпараттық-цифрлық қоғамды құруға байланысты өз дамуының сапалы жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Жаңа уақыт талабы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында қамтылған. Біз бағдарламаларды іске асыру IT-құзыреттіліктерге ие кәсіби кадрларды қажет ететінін түсінеміз. Жаңа технологиялар дәстүрлі оқыту жүйесін де, білім беру ортасын да өзгертуде.  Цифрлық педагогика – бұл әртүрлі цифрлық технологияларды қамтитын және осының нәтижесінде білім беру қызметтерінің неғұрлым жоғары сапасын қамтамасыз ететін педагогикалық процесс. IT-технологияларды дамыту саласы біздің оқу орнымыздың даму тұжырымдамасында да басым болып табылады. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан  университетінде осы бағытқа көп көңіл бөлінеді, заманауи цифрлық жабдықтармен жарақталған жаңа зертханалар мен оқу аудиториялары ашылуда. Мұның бәрі біздің студенттерге жақсы білім алуға және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Ал бүгін  тұсауы кесіліп отырған цифрлық педагогикалық зертхана университетте жаңа үлгідегі білім беру технологиялары бойынша кадрлар даярлауға мүмкіндік береді, – деді университет ректоры Мұхтар Төлеген.

Универсиет ректорының айтуынша, оқу орны үй шаруасындағы әйелдерден бастап, жоғары оқу орындарының оқытушыларына дейінгі азаматтардың барлық санаттары үшін курстық дайындықтарды жүргізуге әзір.

Тағы бір жақсы жаңалық, ұлы Абайдың 175 жылдығына орай университетте «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты ашылды. Институттың ашылу салтанатында лентаны  облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат пен академик Надежда Завалко қиды.

-Университеттің абайтанушы ғалымдары көптеген жылдар бойы Абай шығармаларын зерттеп, абайтану бойынша көптеген әдістемелік әдебиеттер шығаруда. Бүгін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының ашылуы – ғалымдар үшін зор қуаныш, – дейді абайтану бойынша көптеген ғылыми еңбектер мен оқу құралдарының авторы, филология ғылымдарының докторы Айжан Картаева.

Бүгінде ақынның мерейтойы әлемнің көптеген елдері мен жоғары оқу орындарында, соның ішінде Польшаның Свече қаласының лингвистикалық-техникалық университетіндегі «Абай» мәдени-білім беру орталығында да аталып өтуде. Орталық Жастар жылында облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен ашылған болатын.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button