Әлі күнге дейін түсіне мектеп кіреді

«Мұғалім деген – асып-саспайтын, ешкімге жалтақтамайтын, жанына батып тұрса да, сыр бермейтін салқынқанды жандар ғой. Бұл қасиеттер жасанды дүние емес, мұғалімнің бойында өзінен-өзі қалыптасады. Оқушының кейбір оғаш қылықтарын оларды ұялтпау үшін көрмеген болып кетіп қалады. «Бала жасымасын» деп ойлайды. Бұл тек менің тұсымдағы ұстаздардың бойындағы ерекшеліктер емес. Осы ардақты мамандықты таңдаған қазіргі жас мамандардың да бойында бар, оған сенемін.»
Бұл – отыз жылын мұғалімдікке арнаған, жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім бергені үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған, бүгінде сексеннің сеңгіріне шығайын деп отырған ардақты ұстаз, аяулы ана һәм әже Мәкен Мешелқызының өз мамандығы туралы толғанысы.
Мәкен апа – Марқакөл ауданының тумасы, 1964 жылы Семейдегі Н.Крупская атындағы педагогикалық институттың тарих-филология факультетін сырттай тәмамдаған.
Өмірлік қосағы Бәзікен Темірханұлымен жеті бала тәрбиелеп, оларды оқытып-жеткізген бақытты ана. Жоғары білімді балалары мен келіндері қоғамның әр саласында жемісті еңбек етіп жүрсе, немерелерінің алды тіпті шетелде оқып келген, басқалары да – білімді жастар.
-Бала тәрбиесінде кешігіп қалмау маңызды. Тәрбие нәресте құрсақта жатқаннан басталады, – дейді «Алтын алқа» иегері атанған апамыз. – Бір данышпанға жас жұбайлар жаңа туған кішкентайларын көрсетіп, қалай тәрбиелеу керектігін сұрағанда, ол кісі тура тоғыз ай кешігіп келгендерін айтқаны туралы ұлағатты әпсана есіңізде болар? Жүктілік кезінде әсіресе ұрыс-керістен аулақ болған жөн. Іштегі шарана бес-алты айынан бастап анасының көңіл-күйін, қоршаған ортаның жағдайын сезіне бастайды. Теріс қылықтардың барлығы сәбидің психикасына кері әсерін тигізері сөзсіз.
Өз балаларының тәрбиесін сөз еткенде, Мәкен апа алдымен ортаның әсері мықты болды деп санайды.
– Тек біздің балалар ғана емес, жалпы Қалжыр ауылының жастарының барлығы саналы, тәрбиелі болып өсті. Ауылда балабақша болмағандықтан, ересектері кішкенелеріне бас-көз, қамқор болды. Бірін-бірі жетектеп өсті десем қателеспеймін. Үлкендердің сөзін жерге тастамау, айтқанын істеудің өзі бір тәрбие. Баланың бойында жауапкершілікті, кішіпейілдікті қалыптастырады. Әкесі екеуіміз күні бойы қызметтеміз. Үйдің толып жатқан шаруасы, мал жайлау, шөп салу, бау-бақшаға қарау, су тасу – осылардың барлығы балалардың мойнында болды. Бұл қарап тұрсаңыз, кәдімгі еңбек терапиясы. Содан кем болған ешқайсысы жоқ. Қайта керісінше, көпшіл, ұжыммен тез тіл табыса алатын, еңбекқор болып шықты барлығы, – деген ананың әр сөзінен ұрпағына деген мақтаныш сезімі сезіліп тұр.
–Қалай ойлайсыз, тәрбие тектен бе, әлде?..
– Тәрбие көздері көп қой, айналайын. Алайда тек деген – асыл нәрсе, адамның қалыптасуында тектің күші басым. «Тектінің тұқымы», «текті жерден шыққан» деген мінездемелер осы сөзіміздің растығын дәлелдей түспей ме?! Баланың зейіні болса, тәлім-тәрбиені ортадан да, оқыған кітабынан да алады.
Сол себепті жастайларынан кітап оқуға машықтандырдық, сабақтан қалмаңдар деп үйреттік. Әлі күнге сабақ беріп жатқаным түсіме кіреді.

Мәкен Мешелқызы мен отағасы Бәзікен Темірханұлы он тоғыз жастарында үйленіп, қол ұстасып, Семейге оқуға аттанады. Екеуі де педагогикалық институтқа қабылданғандарымен, Бәзікен ақсақал алдымен апамызды оқытып алуды жөн санайды. Мәкен апа жоғары оқу орнын аяқтағанша, төрт баланың анасы атанып үлгергенін ұлдары Бауыржан айтып еді бірде.
-Ол рас, – дейді Мәкен апа, – төртінші баламды емізіп жүріп, мемлекеттік емтихандарды тапсырдым.
Бәзікен атаң кейін Талдықорғандағы ауыл шаруашылығы техникумын сырттай оқып алды. Өмір бойы ат үстінде, жауапты қызметтерде жүрді.
Бәзікен ата Темірханұлы Марқакөл өңіріндегі Бөкенбай тауында дүниеге келген. Еңбек жолын Қалжыр ауылында есепшілік жұмыстан бастаған Бәзікен Темірханұлы – бөлімше меңгерушісі, совхоз директорының орынбасары сияқты басшылық қызметте болған атқамінер азаматтардың бірі. Атамыз да әртүрлі марапаттардан кенде емес. Аудандық, облыстық деңгейдегі құрмет грамоталарының иегері, жемісті еңбегі сан рет бағалы сыйлықтармен аталып өткен. Ауыл шаруашылығына сіңірген қызметіне орай «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
-Ер адамның міндеті – табыс табу, үйге қажетті дүниелерді әкеліп отыру. Ал оны ұқсатып ұстау – ақжаулықтының міндеті, – дейді Бәзікен атамыз.
Адамзаттың тарихы Алтайдан басталады
Мәкен апа соңғы он бес жылдың көлемінде Алтай өңірі, Марқакөл мен Қара Ертіс бойын жайлаған рулардың шежіресін жинақтап, туған өлкеміздің есімдері ескерусіз қалған белгілі азаматтарын түгендеп, солар жайында ел аузында жүрген аңыз-әңгімелерді қағаз бетіне түсірген.
– Алтай тарихы әлі де толық зерттеліп бітпеген ғой. Менің мақсатым – тек үш рудың шежіресін жазу емес еді. Алтай өңірін мекендеген әйгілі тұлғалардың, билердің, қажылыққа барған, халыққа қызмет көрсеткен біртуар азаматтар туралы ел аузында сақталған, бұрын қағаз бетіне түспеген тың деректерді, әңгімелерді ауыл-ауылды аралап жүріп, жинадым. Шежіре жайындағы үш кітабымның да алдыңғы тарауларына сол дүниелерімді басып отырдым. Өйткені оқырмандар өз руының шежіресі үшін кітапты алғанда, ішінен танымдық дүниелермен де таныссын деген ниетім болды, – дейді Мәкен апа.
Төртуыл руынан шыққан Арғынбек Апашбай деген атақты ақынның «Жер – адамның анасы» деген өлеңін әр басылымдарда шыққан үзінділерінен, ел аузында қалған нұсқаларынан құрап, толықтай елу шумағын жинапты. Зайсандық Нұрсолтан Жобалайұлының «Сағыныш сазы» деген дастанымен де елді қауыштырған – осы ұстаз апамыз. Бұл кісі 1930 жылдары итжеккенге 20 жылға айдалып кеткен екен. Тек өткен ғасырдың 50-ші жылдары ғана туған жеріне оралған. Өз туындысында ақын жат жерде тұтқында жүргендердің көрген қиыншылықтарын, елге деген сардап сағынышын суреттейді. Бұрын-соңды жарық көрмеген осы екі жырды хатқа түсірудің өзі халықтың рухани жаңғыруы үшін қаншалықты бағалы екені айтпаса да түсінікті.
Төте жазумен Қытайда қайта басылып шықты
Қожанбет, төртуыл, тоғыз руларының шежіресі жинақталған тырнақалды туындысы «Қарт Алтай аясында ару Марқа» 2010 жылы жарық көрген.
-Кітап шыққан соң, өздері туралы деректер жіберген оқырмандарым тіпті көбейіп кетті. Сол мәліметтердің бәрін жүйелеп, қайта зерделеп, толықтырып, 2014 жылы шыққан «Өр Алтай, қара Ертіс» деген кітабыма арқау еттім. Бұл еңбегім сонымен қатар шежіреден бөлек, географиялық атауларға, өлкеміздің жер-су атауларына, мекендеген аң-құстары, табиғат байлықтары туралы деректерге бай, – дейді автор.
Ол 2016 жылы «Найман-төртуыл, тоғыз руларының шежіресін» басып шығарды. Автор үш кітабын да ауылдардағы, Астана, Алматы, облыс орталығындағы кітапханаларға тарту еткен. Алғашқы туындысы Қытайдың Үрімші, Шәуешек аймақтарындағы қандастарымыздың қолына тигенде, «ел-жұрт жайында керемет мол деректер келді» деп қуанған олар кітапты төте жазуға аударып, 1000 дана етіп, қайта бастырып алғаны-ақ автордың еңбегінің өтеуі деп білеміз. Монғолиядағы Баянөлгей аймағының қазақтары да арнайы келіп, алып кетіпті.
Ол кісінің жинаған тың деректерін, шежірені сызу үлгісін бүгінде басқа да авторлар өз еңбектерінде пайдаланып жүр.
-Алматыдан шыққан бір кітапта менің тоғыз әулеті туралы жинағандарым түгел қайталаныпты. Шежірені жазып-сызғанда да біздің үлгіні пайдаланғандарына, жүйеміздің кәдеге жарағанына қуандым. Павлодарлық Жүребай Сыдықұлының еңбегінде, жергілікті меценат Қайрат Мусиннің қолдауымен шыққан «Ерлік пен елдік» деген кітапқа менің жазғанымның енгенін интернет желісінен көрдік, – деп бөлісті ардагер ұстаз.
Қазір апамыз «Әуелгі тіршілік Алтайда басталған» атты төртінші еңбегіне кіріскен. Мәкен апаның барлық туындыларының редакторы Астанадағы кіші қызы Райхан. Райхан – медицина ғылымдарының кандидаты, доцент, жоғарғы санатты бала дәрігері.
Жапырақ жайған бәйтерек
Мәкен апа мен Бәзікен ата – бүгінде тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректей, жеті баладан он төрт немере, төрт шөбере сүйіп отырған бақытты жандар. Балаларының барлығы жоғары білімді. Үлкен ұлы Дүсіпхан – заңгер. Екінші ұлы Семейхан – Астана қаласында мал дәрігері, Бауыржан – жол-құрылыс инженері. Қызы Гүлжан – мұғалім, заңгер. Ержан мен Қалижан – кәсіпкер. Кіші қызы Райхан – Астана медицина университетінде қызмет істейді, балалар аурулары кафедрасында оқу ісінің меңгерушісі. Келіні Дәмиля Темірханова медицина ғылымдарының кандидаты, жоғарғы санатты, облысқа танымал кардиолог, облыстық емхана бөлімінің меңгерушісі. Немерелері Мирас пен Ильяс Литваның Каунас және Ресейдің Омбы қаласында жоғары техникалық білім алып жүр. Ал Олжас есімді немересі Мәскеу мемлекеттік университетінің магистратурасын тәмамдап, қазір Өскеменде өз мамандығы бойынша қызмет істейді.
Айна Ескенқызы