Мәдениет

Күзде «Тур де Өскемен» веложарысы өтеді

Күзде «Тур де Өскемен» веложарысы өтеді

Аймағымызда Астана күні үшінші шілдеден бастап тойланды. Ал мереке күні облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ қатысуымен Астана көшесінде өткен мерекелік іс-шаралар велошабандоздардың жарыс жолына шығуынан басталды.

Астана күніне орай қаланың әр бұры-шында мерекелік шаралар өтіп жатты. Астана көшесінен жарыс жолына шыққан велошабандоздар Рәміздер тауына қарай бет алды. Велосипед тізгіншілері межеленген тауға жете бере, төрт топқа бөлініп, жарысты одан әрі жалғастырды. Өрі мен бұралаңы көп екі жарым шақырым жолды бағындыруға жүз-ден астам велосипедшілер қатысты. Олар-дың ішінен жылдамдық танытқан риддерлік Иван Чакелов мәре сызығын бірінші болып кесті. Ол Астана күніне орай өткен веложарысқа қатысу үшін Риддерден арнайы келген. Ал екінші орын Сергей Мазуриннің, үшінші орын Андрей Ивановтың қанжыға-сына байланды. Қыздар арасында Екатерина есімді бойжеткен алдына жан салмады.

Екінші жүлделі орынға Марина Котухова табан тіресе, үшінші орын Светлана Поле-жаеваға бұйырды. Жарыс жеңімпаздарын облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құттықтап, ақшалай сыйлықтар табыс етті.

– Астана – еліміздің жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі. Астана арқылы Қазақстан бүкіл дүниежүзіне белгілі болды. Айтулы күнге орай осындай іс-шаралар атқарылып жатқанына ризамын. Веложарысқа қатысқан сіздерге рақмет. Қала әкімдігімен ойлас-тыра келе, қала күні қарсаңында «Тур де Өскемен» атты веложарыс ұйымдастыруды жоспарладық. Ол жарыс қала ішіндегі жазық жолдарда емес, Зыряннан басталып, Серпантин асуынан асып, Өскеменде мәре сызығы қиылады. Оған көрші Алтай Республикасынан, басқа да облыстан сайыскерлерді шақырамыз, – деді облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ құттықтау сөзінде.

Бұл веложарысқа қатысқандардың үлкені алпыстан асқан Әділғазы Шәлім-беков болса, ең кішкентайы – он төрт жасар Арман Дүйсенбаев. Ә.Шәлімбеков велоспортпен айналысып жүргеніне 60 жылдан астам уақыт болыпты. Яғни, 6 жасынан бастап велосипедті жанына серік еткен. Кеңес кезінде Талдықорғанға велосипедпен екі рет барып қайтыпты. Қазіргі уақытта ұйымдастырылатын веложарыстарға үзбей қатысуға тырысатынын айтты. Кейінгі жастарға үлгі көрсетіп жүрген Әділғазы Шәлімбеков бүгінгі сайыста ақшалай сыйлыққа ие болды.

– Жастарымыз, темекі, арақ, есірткі сияқты жаман әдеттерге бой алдырмаса екен. Одан да спортпен айналысса, сол пайдалы, – дейді Әділғазы.

Ал №1 мектептің оқушысы Арман Дүйсенбаев алыстан көк туымыз желбіреп тұрған Рәміздер тауына жақындаған сайын рухтана түскенін айтады.

Сонымен қатар, Астана күніне орай Андрей Дениско Ресейдің Томск қаласынан велосипедпен арнайы келіпті. Сонау Томскіден Өскеменге дейін он күн жүрген ол Новосибирск, Рубцовск қалаларында аялдап отырған. Кейбір кездерде аспан астында да түнепті. Мейрамнан кейін Алматы жаққа, одан әрі Қырғызстанға жол жүрмекші. Сөйтіп, Азия елдерін аралап қайтуды жос-парлап отыр. Ол осыған дейін велосипедпен Ресейдің Сібір аймағын түгелдей дерлік
аралап шығыпты.

– Қазақстанға бірінші рет келдім. Шығысқазақстандықтар қонақжай, бауырмал халық екеніне көзім жетті. Ал Өскемен өте әдемі, таза қала екен. Сіздерді бүгінгі Астана мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, – деп А.Дениско жылы лебізін білдірді.

Веложарысқа мектеп оқушысынан бастап зейнеткерлерге дейін қатысып жатқанына қарасақ, облысымызда велоспортқа көп көңіл бөлініп, осы спортпен айналысып жүргендердің саны да артып келе жатқанын байқауға болады.

Астана көшесіндегі ұлан-асыр той

Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Астана күні мерекесі аталып өтіп жатқан Астана көшесіне ат басын бұрып, қалалықтарды құттықтады. Астана күні бұл көшеде екінші жыл қатарынан тойланып отыр. Биыл көше бойына жиналған жұртшылық күміс көмей, жезтаңдай әншілердің әуелете шырқаған әндерін тыңдап, тал шыбықтай иілген бишілердің билерін тамашалады. Мотоциклдің құлағында ойнайтын байкерлер мен спорттық көліктерді тізгіндеген жүргізушілер шоу көрсетіп, көпшілікті таң-тамаша етті.

Сондай-ақ, Астана күніне орай Ұлан ауданы ауылшаруашылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. Жәрмеңкеде арзан бағамен көкөніс пен жеміс-жидектер, бал сатылымға қойылды. Облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ мейрам күндері жәрмеңке өткізу құптарлық іс екенін атап өтті. Сонымен қатар, қалалық кітапхана ұжымы Елбасы туралы кітаптардың көрмесін халық назарына ұсынды. Жәрмеңкеде қалалық балалар шығармашылық үйінде үйірмеге қатысатын өнерлі балалардың қолынан шыққан кәдесыйлар да сатылымға шығарылыпты. Кішкентай бүлдіршіндер асфальт бетінде түрлі түсті сурет салып мәз болды.

Осы күні облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ орта және арнаулы білім ордаларының үздік түлектерін құттықтап, қызыл диплом мен естелік сыйлықтар табыстады.

– Осыдан он алты жыл бұрын дүниежүзі картасында жаңа қала пайда болды. Ол – Астана қаласы. Астана бүгінде Қазақстанымыздың тәуелсіздігінің белгісі. Астана Орта Азияда ғана емес, құрлықтағы ірі қалалардың қатарынан көрінуге лайықты. Олай дейтінім, халықаралық дәрежедегі форумдар мен саммиттер, басқа да іс-шаралар Астанада өтіп жатыр. Осындай айтулы күнде диплом алу – сіздер үшін мақтаныш. Бүгінгі деңгейге жеткендеріңіз Тәуелсіздігіміздің арқасы екенін ұмытпаңыздар, – деді аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ.

Астана көшесінің бойында республикалық, халықаралық дәрежедегі ауыр атлетика спортшылары зілтемір көтеріп күш сынасты. Осы тұста аймақ басшысы штанга спортын дамытуда шешілмей келе жатқан мәселелер оң шешімін табатынын атап көрсетті. Астана мерекесін Астана көшесінде өткізу дәстүрге айналарына қалалықтар сенімді.

– Мереке өте көңілді өтіп жатыр. Отбасымызбен елордамыздың атымен аталатын көшеге шығып, түрлі шараларды тамашалаудамыз. Осындай мереке ұйымдастырып отырған облыс басшылығына алғысымызды айтамыз, – дейді қала тұрғыны Шолпан
Асанова.

Тұңғыш рет филармония түні ұйымдастырылды

Кешкілік Амфитеатрда тұңғыш рет «филармония түні» атты музыкалық концерт өтті. Астана күнін тойлауға жиналған жұртқа айтулы әншілер әннен шашу шашты. Олардың ішінде Республикаға еңбек сіңірген әнші Вячеслав Ткач, мәдениет қайраткері Альмира Нұрғожина және республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты В.Романюк, А.Мазкенова, О.Орлова, Н.Қаб-доллаева, А.Алтай, басқа да филармония әншілері бар. Мерекелік концертте облыс әкімінің симфониялық оркестрі, қазақ ұлт аспаптар оркестрі қалалықтарға Қазақстан композиторларының классикалық туындыларын орындап берді.
Сонымен қатар, кеше Астана күніне орай өскемендіктер әртүрлі спорттық жарыстарға қатысып, мерекелік байқауларда бақ сынады. Таңертең Комсомол аралындағы спорт алаңқайында басталған футбол турнирінде қаладағы ең мықты футбол командалары анықталды. Доп тебуге келген командалар арасында оннан астам жастар ұйымының өкілдері мен өндірістік мекемелерден келген спортшылар болды. Түс ауа мерекелік шаралар Амфитеатр маңында жалғасты. Граффити байқауында 10 суретші өздерінің шығармашылық шеберліктерін сынға салды. Дәл осы жерде заманауи жастар биінен жарыс өтті. Алдын ала таратылған лотерея билеттері бойынша бағалы сыйлықтар таратылды. Ең құнды базарлық – планшетті компьютер де өз иесін тапты.

Сахнада өнер ұжымдары дайындаған мерекелік концертпен қатар, көңілділер мен тапқырлар командалары өнер көрсетті. Ең үздік футбол командалары мен ең шебер ойыншылардың есімі де осы жерде аталды. Кеш соңы жастардың би кешіне ұласты.

Мерей Қайнарұлы

Осы айдарда

Back to top button