Көзбен көріп, көңілге түйді

Біздің облыс – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша елдегі көшбасшылардың бірі. Облыста осы бағытта 60-қа жуық жоба жүзеге асырылуда. Мектептерде үштілділік енгізілуде, өлкенің киелі жерлері насихатталып жатыр және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға меценаттар тартылуда. «Туған жер» жобасы бойынша оқушылар арасында үлкен жұмыстар жүргізілуде.
Биыл аймақта облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша 8-11-сыныптардың оқушыларын 100 пайыз қамтығын «Әдеби Шығыс» ауқымды жобасы жүзеге асырылды. Балалар жаппай диктант жазып, жерлес ақын-жазушылардың шығармаларын мәнерлеп оқу сайысында өздерінің әртістік таланттарын көрсетті, өздері әдеби шығармалар жазды. Ал осы кезеңдердің жеңімпаздары өлкенің киелі нысандары бойынша үлкен турға аттанған болатын.
Ұлы Абайдың ақын және философ Шәкәрім Құдайбердіұлының, «Абай жолы» роман-эпопеясының авторы Мұхтар Әуезовтің жазған еңбектерін бүгінде әрбір мектеп оқушысы біледі. Бірақ Шығыс – басқа да көптеген тамаша жазушылар мен ақындардың отаны. Олардың қатарында «Вечный зов» және «Тени исчезают в полдень» кітаптарының авторы, Қазақстаннан тыс жерлерде танымал Анатолий Иванов та бар. Бұл шығармалардың экранға шығуы бір кездері бүкіл Кеңес Одағына оның жерлестері мен Шемонаихадағы Марьин Утестің даңқын шығарған болатын. «Әдеби Шығыс» жобасының қатысушылары бұл фактілер туралы біліп қана қоймай, сол Марьин Утеске, қасиетті Жидебайға баруға мүмкіндік алды. Ф.Достоевскийдің мұражай-үйімен және Семейдегі Невзоровтар отбасы бейнелеу өнері мұражайымен танысты. Өскеменде ертегіші Павел Бажов пен жазушы-майдангер, Халық қаһарманы Қасым Қайсенов туралы жаңа деректерге қанықты.
Шемонайха ауданының жоғарғы сынып оқушылары Мелани Гертель мен Ольга Владимирскаяны Абай жері таңғалдырды. «Жидебай өзінің ауқымдылығымен таңғалдырады және түрлі елдерден туристерді тартады. Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов сияқты ақын, жазушылардың өз уақытында бастан өткізген қанағатшылдығының еркіндік атмосферасын сезінесің», – деп өз ойларымен бөлісті.
«Биылғы жаз қызықты және ұмытылмастай болды. Абай мен Шәкәрімнің туған жерінде, ұлы ақындар мен ағартушылардың мұражайында болып, Шығыс Қазақстан жазушыларының өмірі мен қызметі туралы көптеген қызықты мәліметтер алдық. Әрине, мектепте әдебиет сабағында жазушылар мен ақындар туралы әңгімелейді, олардың шығармаларын оқимыз. Бірақ өз көзіңмен көру, ұлы шығармалар туған аураны сезіну, шығарманың мәнін жаңаша түсінуге мүмкіндік береді. Тарихпен жанасуға көмектескендердің барлығына үлкен алғыс айтқым келеді», – деді Өскемендегі № 16 орта мектептің оқушысы Айдана Қайырдынова.
Ал сапардан кейін дарынды балалар «Дарын» лагерінде профильді ауысымның жарқын және мазмұнды бағдарламасына қатысты. Шеберлік сабақтарда өлең жазуға үйреніп, актерлік шеберліктерін шыңдады, өлкенің әдеби мұрасы туралы білімдерін тереңдетті. Арнайы музыкалық кеште өңірдің танымал өнерпаздарын қуана тыңдады.
«Дарын» орталығының бастамасымен «Менің Отаным – Қазақстан» облыстық слеті ұйымдастырылды.
Слетке қатысушылар Абайдың тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайын, Баян-сұлу және Қозы Көрпеш ескерткішін, Күшікбай асуындағы Бұлақты көрді. Семейде Ф. Достоевский атындағы балалар әдеби-мемориалдық музей-үйінде болды, Ақбауыр шатқалының тарих үшін маңызы жоғары бағаланып, Аблайкит будда монастырының қазба жұмыстарымен танысты.
Жас саяхатшылар жартастарға өрмелеуді үйренді, алғашқы медициналық көмек көрсетті, рафтинг-турға, спорттық бағдарлау бойынша квест пен жарыстарға қатысты. Белгілі археолог Зейнолла Самашевпен кездесіп, Берел қорғандарында экспедициялық қазба жұмыстарын жүргізуге атсалысты. Қатонқарағайда ұлттық саябақтың тәлімбағын, марал шаруашылығы мен омартаны тамашалап қайтты.
Күршімде шытырман оқиғаны іздеушілерді Қиын-Керіш алқабы мен Марқакөл қорығы, оның маржаны – Марқакөл көлі күтіп тұрды. Мойнақ шатқалында балалар петроглифтер галереясында ежелгі хаттардың құпиясын шешті.
Өскемен қаласының математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Малика Құнанбаева үшін туристік слет аймақтың бай тарихымен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Жадымда мәңгі қалатын жақсы және жағымды әсер алдым. Әсіресе, Қиын-Керіштегі мен Мойнақ шатқалындағы галереяға бару ғажап болды», – дейді Малика.
Алматы өткен «Менің кіші Отаным» атты І интеллектуалдық байқауында шығысқазақстандық оқушылар үздіктер қатарынан көрінді.
Аймақ оқушылары «Кіші отан тарихын» қызықты бейнетаспада көрсете білді, «Кіші Отан символы» туралы әдемі ролик түсірді, «Кіші Отан болашағы» туралы есте қаларлық макет жасады. «Менің туған өлкем» атты эссе жазды.
Қазылар алқасы балалардың жұмысын жоғары бағалады. Облыстық мамандандырылған ІТ-мектеп-лицейінен Елизавета Нұғыманова мен Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпсалалы гимназияның оқушысы Еркежан Халелова I дәрежелі дипломмен марапатталды. Ақши ауылынан келген Гүлжан Нұрекеева және № 3 Күршім гимназиясынан Ботагөз Кәрімова ІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Облыс командасының қоржынында екі алтын және екі күміс медаль бар.
Осының барлығы – «Дарын» Шығыс ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлерінің, оқытушылардың, ғылыми жобалар жетекшілерінің, оқушылардың және олардың ата-аналарының ұзақ және тынымсыз жұмысының нәтижесі.
Мейрам Екпін