Мәдениет

Көз майын күміске сатқан зергер

Көз майын күміске сатқан зергер


«Әке көрген оқ жонар» демекші, ұяда көргенін ұшқанда ілген жігіттің бірі – Ертай Сәрсенов. Жас шеберді халық бүгінде тек күміске ғана маманданған зергер ретінде біледі.

Тұрдығұловтың төл шәкірті

Бұл жігіттің бұйымдарын алғаш Өскеменде өткен «Қазақстанның үздік тауары» атты байқауда көргенбіз. Сол байқауда ол өз номинациясы бойынша үздік атанды да.

Көненің көзіндей боп сөрелерде самсап тұрған зергерлік бұйымдардың авторы жасы жер ортасынан асқан әккі шебер-ау деп топшылағанбыз. Өйткені, бұйымдардың бойынан біздің көз ешбір мін таба алмаған. Алайда, алдымыздан ұзын бойлы, көзінде оты бар, жасы отызға тола қоймаған жігіт жымиып шықты. Күректей алақандарын ұсынғанда барып салалы саусақтардың ағаш ойып, күміс қашағаннан ақжемденіп кеткенін бір-ақ байқадық. Сөйтсек, Ертай атақты Жолаушы Тұрдығұловтың төл шәкірті екен. Ал қолөнерге әкенің әсерімен келіпті.

Үржардың Жаңатілек ауылында дүниеге келген Ертайдың ұлы атасы Сәрсен ауыл арасына аты шыққан аңшы, ер шауып, таспа тілген месекетті жан болған екен. Ал нағашы жұртынан Уәли есімді атасы етікшіліктің арқасында елдің алғысын арқалап өтіпті. Текке тартпайтын адам болсын ба? Ертайдың өз әкесі Алтай да әлі күнге темірден түйін түйіп келеді. Бұл машық Ертайға да ес кірмей тұрып жұқса керек. Технология пәнінен сабақ беретін әкесінен бір елі қалмай жүріп, шеберхананың исін бойына сіңіріп өседі. Баланың ыңғайын байқаған әкесі де оның қолын қақпай, белін буа түседі. Әсіресе, дәнекерлеу, станокта темір жону сияқты нәзік шаруаларды мықтап үйренуіне күш салды. Әке тәлімі мектеп бітірген шақта ойланбастан Алматыдағы Қазақ педагогикалық универсиетітінің көркемсурет факультетіне түсуіне ықпал етті.

– Мектеп қабырғасында үйренгеніміздің тек кіріспе ғана екенін университетте тез ұқтық. Өйткені, мұнда Жолаушы Тұрдығұловтай аңыз адамдар сабақ берді. Қазақтың көшпенді тұрмысы қолөнермен біте қайнасып жатқанын түйсіндік. Көшпенді өркениеттің тұнып тұрған бай мұрасын бойға сіңірмейінше, қолөнер шебері болу мүмкін емес екенін ұстаздарымыз құлаққа құйып бақты. Қазақ қолөнерін мұхит асып АҚШ-тан келген ғалымдардың зерттеп жүргенін көрдік. Осының бәрі ұлттық қолөнерге бағыттап жіберсе керек, кейін дипломдық жұмысқа күмістелген нарқобыз жасау жөнінде шешімге келдім. Жолаушы аға өтінішімді қабылдап, диплом жетекшім болды, – дейді Ертайдың өзі.

«Құласаң, нардан құла» дегендей, тырнақалды туынды ретінде нарқобызды таңдаған Ертай университет мұражайындағы мылқау қобызды өзінің үнді қобызымен алмастыруды ойлапты. Бұл істе ұстазы Жолаушының үйреткені аз болмады. Соның айтуымен Үржар өңірінің қарағашын алдырып, қобызды содан шапты. Астына тұғыр орнатып, күміс салпыншақтар тақты. Бұл жұмысы ұстаздарының көңілінен шығып, «бес» деген баға алған. Одан да маңыздысы «Жолаушының шәкірті» деген бейресми «диплом» алып шықты. Енді кез келген кәнігі шебер оның бұйымдарынан Жолаушының қолтаңбасын көріп, бауырына тартатын болады деген сөз еді. «Жақсымен жолдас болсаң, жетесің мұратқа» деген осы да. Бұл – 2008 жыл болатын.

Университеттен кейінгі екі жыл қол жаттықтырып, көз қанықтыруға, бір сөзбен айтқанда тәжірибені байытуға кетті. ЮНЕСКО көлемінде танымал зергер Серікқали Көкеновтың қол астында жүріп, күмісті баппен балқытудың қыр-сырын үйреніп, сұлба сызу, оны күміске қондыру бойынша дәріс алды. Осыдан кейін ғана Ертай өз шеберханасын ашқан. Мұнда әуелі ағаштан қылқобыз шауып, астау мен кесе ойып бастайды. Ал қазір қолөнермен қоса М.Әуезов атыдағы орта мектепте технология пәнінен сабақ беріп келеді.

Қазақ неге күмісті таңдаған?

Зергер соңғы үш айда қолөнерден уақытша қол үзгенін айтады. Сегіз жыл бойы көздің майын тауысып еткен еңбегі белге зақым келтірсе керек. Иін ағаштай иіліп, күнұзақ шұқшиып отыру оңай емес, әрине. Беломыртқадан жарықшақ байқаған алматылық дәрігерлер зергерлікті уақытша үзе тұруға кеңес беріпті.

Ертайға салсаң жер бетінде күмістен киелі, күмістен таза, күмістен асыл металл жоқ. Огың айтқандарына сенбеске лажың қалмайды. Ертайдың айтуынша адам аурасында көзге көрінбейтін бактерияның 1,5 мың түрі шоғарланған екен. Күміс соның 700-ден астамын өлтіруге қабілетті. Қазақ мұны ертеден білген.

– Ұзақ жолға шыққан бабаларымыз алты малта аспен бірге күміс сақинасын тастамаған. Жанторсықтағы сусын біткенде ағынды судан құйып алып, оны күміс салып тұндырған. Күмістің гигеналық тазартқыш екенін білмесе, сөйтер ме еді, – дейді Е.Сәрсенов.

Зергер ертеде құдайы қонақтардың түскен үйдегі әйелдердің қолында жүзік бұйым бар-жоғына үлкен мән бергенін айтады. Күміс тотемі қазақ санасына мықтап енгені сонша, әйелдер ұнды қолына күміс тағып барып илеген екен. Күміс құман, күміс қасықтарды былай қойғанда тіс шұқығыш, құлық тазалағыш сынды гигиеналық заттың бәрі күмістен жасалғанын мұражайға барсаңыз көресіз. Ер адамдардың ер-тұрманы, кісесі мен кемері түгел күміспен көмкерілуінде де терең ілім жатыр. Жас зергер мұның көбін университеттегі кураторы Қорлан Кәкітайқызынан естігенін айтады.

– Кеңес дәуірінде қазақты мал соңынан салпақтап көшуден басқаны білмейтін халық деп оқытты ғой. Бала күніміз де ол әңгіменің шет жағасын біз де естіп өстік. Ұлттық қолөнерге бет бұрғанның арқасында бұл пікірдің түбірімен негізсіз екенін ұқтым. Соны ісіммен дәлелдеу үшін күміске маманданған зергер болуды ұйғардым, – дейді Ертай.

Бұйымдары мұхит асып жатыр

Жүзік, білезік, сырға, тұмар, алқа сынды әшекей бұйымдарының түр-түрін тапсырыс берушінің жасына, жынысы мен отбасылық жағдайына қарай сан түрлі оюлармен әдіптеп жасауды меңгерген жас зергер қолөнердің қосымша табыс көзі екенін айтады. Ер-тұрманды күміспен күптеу де Ертай үшін қиын емес. Айтуынша, тұрақты айналысса, зергерліктен ай сайын бір адамның жалақысына пара-пар пайда түсетін көрінеді. Ал нарқобыз сияқты бағалы дүниелер көбінесе үлкен көрмелерде сатылады. Сондықтан Ертай да жер-жерде өтетін көрмелерден қалмауға тырысады. Сондай шаралардың арқасында ұлттық нақыштағы кәдесыйларын Италия мен АҚШ-тан тапсырыспен алғызған сәттер болыпты.

«Үржарлық сері» атанған Тәттімбет Кәпұлының ит жүгіртіп, құс баптайтын саяткер екенін бүгінде жұрттың бәрі біледі. Сол Тәттімбет сері барлық әбзелдерін осы Ертайға күмістетеді екен. Бір кездері Мәдениет телеарнасының редакторы болған белгілі өнертанушы Назгүл Сарыбаева да әшекей бұйымдарын Ертайға тапсырыс беріп жасатып жүр. Алайда, Ертай табыстың көбі қарапайым халықтан түсетінін айтады. Алтынмен салыстырғанда күмістің бағасы да қолжетімді.

– Күміс – асықпайтын металл. Оны балқытудың өз бабы бар. 800-1000 градус арасында ұстау керек. Оған жетпесе шикі қалады, асырса жанып кетеді, – дейді ісмер.

-Жолаушы аға күміспен жұмыс істеген кезінде үнемі әндетіп жүретін. Бізді де соған машықтандырды. Сөйтсек, күміс көңіл күйге қарай иліккіш келеді екен. Оны кейін ұқтық, – дейді шебер.

Күміс адам таңдайды. Тапсырыс берушінің мінезі қырыстау болса, көпке дейін илікпей, жұмыс баяу жүреді, – дейді зергер.

– Күміс – сабырдың символы. Оның алтын сияқты буы ұрмайды. Мұсылмандардың некені күміс жүзікпен қиятыны содан болса керек, – дейді Ертай Сәрсенов.

Жасы 30-ға толмай жатып, есімі республикаға тарап, бұйымдары мұхит асып жатқан зергердің шеберханасы қуықтай ғана бір бөлме. Оның өзін жалға алып отыр. Жергілікті әкімдік аудан орталығынан бос бөлме ұсынғанымен, кейін оны қайтарып алыпты. Ұлттық құндылықтардың қашан да қағажу көріп жүретініне іштей біз қынжылғанымызбен, Ертай сыр білдірмеді. «Ең бастысы, денсаулығымды түзеп алсам», – дейді ол. Біз де болашағынан зор үміт күтіріп жүрген шеберге қолыңнан қашау түспесін деген тілек айттық.

Керек дерек

Алған марапаттары:

– Алматы, 2010 ж. Сертификат: «Жолаушы Тұрдығұловтың саз аспаптары» көрмесіне қатысқан үшін», «Иман» республикалық қоры.

– Өскемен, 2011 ж. «Жанұялық шеберхана» Сәрсеновтер отбасы. Облыстық білім басқармасы.

– Алматы 2013 ж. Сертификат: «Халықаралық симпозиумға саз аспаптарын жасаушы шеберлердің көрмесіне белсенді қатысқан үшін», Абай атындағы ҚазҰПУ.

– Алматы 2013 ж. Қазақстандық және шетелдік саз аспаптарын жасаушы шеберлер көрмесінің каталогына енген.

– Өскемен 2016 ж. Қолөнер фестивалі, Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптар жасаушы ретінде күміс бұйымдарымен көрмеге қатысқан үшін кітапқа енді.

– Алғыс хат: «ШҚО кәсіпкерлер палатасы атынан «Қазақстанның үздік тауары 2016» көрме байқауының республикалық кезеңіне қатысқаны үшін», ШҚО кәсіпкерлер палатасы.

І дәрежелі диплом: «Қазақстанның үздік тауары» – «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясы бойынша жеңімпаз», «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button