Қыстан қысылмай шығудың қамы жасалды
Азамат Темірбеков
Биыл Бородулиха ауданында бірнеше нысан мен бір елді мекеннің кіреберіс жолы жөнделіп, ауылдардың көшелері қалпына келтірілді.
Бородулиха аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ақпаратына сүйенсек, биыл бірнеше нысан мен бір ауылдың кіреберіс жолына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Атап айтсақ, Жезкент өткізу пунктінің және аудандық аурухананың кіреберіс жолдарына орташа жөндеу, Буркотово ауылының кіреберіс жолына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Қазіргі уақытта осы жобалар бойынша барлық жол жөндеу жұмыстары аяқталған.
Сонымен қатар «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қолға алынған көшелерді қалпына келтіру жұмыстары да аяқталды. Яғни, Петропавловка ауылында жалпы ұзындығы 9,1 шақырым, Зенковка ауылында жалпы ұзындығы 6,3 шақырым көшелерге қиыршық тас төселсе, асфальт жабыны бар 5,2 шақырым көше орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ Ивановка ауылындағы ұзындығы 850 метр болатын Молодежная көшесіне де орташа жөндеу жүргізілді.
Жол күтімі қатаң бақылауда
Қар қалың түсіп, қытымыр қысы ұзаққа созылатын аудан үшін маңызды мәселенің тағы бірі – автомобиль жолдарының қыс маусымындағы күтімін қамтамасыз ету. Бұл бағыттағы жұмысты қолға алған аудан басшылығы қазіргі уақытта барлық 17 ауылдық және бір кенттік округтегі жолдардың күтімін қатаң бақылауда ұстап отыр. Атап айтсақ, биыл жолдарды қыс уақытында күтіп ұстауға 58 млн. теңге қарастырылып, қаражат округтер арасында теңдей бөлініп, қар шығару және жолдарды тазарту бойынша мердігер ұйымдармен келісімшарттар жасалды.
Қазіргі уақытта аудан бойынша қар тазалауға байланысты 32 келісімшарт бекітілген. Қар тазалайтын 53 техника бар, олардың қыс маусымына әзірлігі жүз пайыз. Бүгінгі күні бұл техникалар елді мекендердің ішкі жолдарын және жалпы ұзындығы 337 шақырым болатын аудандық маңызы бар жолдарды қардан тазалауды бастап кеткен.
Бұдан бөлек қар ұстайтын траншеялар қазылып, біліктер мен қар қабырғалар, ілгектер орнатылып жатыр.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің хабарлауынша Бородулиха ауданының аумағы арқылы республикалық маңызы бар автожолдардың 96 шақырымы, ал облыстық маңызы бар автожолдардың 285 шақырымы өтеді. Республикалық маңызы бар автожолдарға қар ұстайтын қалқандар орнатылмайды. Ал облыстық маңызға ие Дмитриевка-Бородулиха-Шемонайха, А-53 Семей-Ресей Федерациясының шекарасы-Воскресеновка-Петропавловка-Шелехово-Белагаш-Дмитриевка, А-11 Семей-РФ шекарасы-Новопокровка-Петропавловка-Зубаир-Байтанат-РФ шекарасы, Бородулиха-Жезкент, Бородулиха-Жезкент бағытындағы автожолдарда қар ұстайтын қалқандар орнатылған.
Аудан аумағында сегіз жанармай құю станциясы жұмыс істеп тұрғанын хабарлаған құзырлы орган өкілдері аудандық маңызы бар жолдарда қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауға алынғанын атап өтті.
Қалыпты режимде істеп тұр
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының ажырамас бөлігі саналатын жылыту маусымы биыл Бородулиха ауданында қалыпты режимде басталды. Биылғы жылыту маусымына дайындық шеңберінде аудан әкімінің өкімімен дайындық жөніндегі штаб құрылды. Қазір аудан аумағындағы барлық 32 қазандық қатаң бақылауға алынып, 55 шақырымнан асатын жылу желілері қалыпты жағдайда істеп тұр.
Ауданға 96,3 мың тонна көмір қажет болса, бүгінгі таңда оның 85 мың тоннасы жеткізілген. Көмір жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп, халыққа қажет 35 мың тонна көмір дайындалды. Қазір ауданда көмір сатумен бес кәсіпорын айналысып, Белағаштағы көмір жеткізілетін екі теміржол тұйығы қалыпты режимде істеп тұр.
Күн салқындай бастағанда аудандағы әлеуметтік нысандарды жылыту маусымына дайындау жұмыстары дер уақытында қолға алынып, осының арқасында барлық жылу көздері мен желілер қыс маусымындағы жұмыстарын 100 пайыз әзірлікпен бастады.
Жол жөндеу жұмыстары осымен аяқталмайтыны белгілі. Құзырлы органның хабарлауынша, бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы да жалғасын тауып, ақ көрпенің шеті сөгіле Буркотово, Песчанка ауылдарының кіреберіс жолдары, Михайличенково, Дмитриевка елді мекендерінің көшелері, сондай-ақ ұзындығы 0,92 шақырым болатын Дружба көшесінен Тохтаров көшесіне дейінгі Сахаров көшесі мен оның бойындағы тротуарлар қайта жөндеуден өткізілмек.
(Мақала Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді).