Спорт

Қырғыз елінен олжалы оралды

Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен жауынгерлік самбодан әлем чемпионатында полиция қызметкері Айбек Сәметаев қола медаль иеленді. Жерлесіміз 88 келі салмақ дәрежесінде күш сынасып, 52 елден келген 300-ден астам спортшының арасынан жүлдегер атанды.

Айбек Сәметаев 1986 жылы Аягөз қаласында дүниеге келген. Ішкі істер органдарында 2006 жылдан бері қызмет атқарып келеді.

Жастайынан спортты серік еткен ол жауынгерлік самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбодан спорт шебері атақтарын иеленген. Оның еншісінде қоян-қолтық жекпе-жектен Азия чемпионы, панкратионнан Еуразия чемпионы, жауынгерлік самбодан Әлем кубогының қола жүлдегері, Азия чемпионы, жекпе-жектен Әлем кубогының иегері және күміс жүлдегері қатарлы жетістіктері бар. Қоян-қолтық ұрыстан Қазақстанның бес дүркін чемпионы атанған.

«Айбек Мұратұлы қызметін де адал атқаратын полицейдің бірі. Үлгілі қызметі үшін бірнеше рет ішкі істер министрінің, облыстық полиция департаменті бастығының грамоталарымен, медальдарымен марапатталды. Департамент басшылығы оны осы жолғы жеңісімен құттықтап, биік белестерге жетуге тілектестік білдірді», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button