Өнер

Қуыршақ театры аудандарды араламақ

Жуырда ғана алғашқы маусымын ашқан Шығыс Қазақстан облыстық драма театрының жанынан құрылған Қуыршақ театры шығысқазақстандық балақайларды «Маугли», «Кішкентай бақаның үлкен оқиғасы» ертегілерімен қуантып үлгерді. Жаңадан құрылған Қуыршақ театрының болашаққа құрған жоспарлары ауқымды.  Театр аймақтың сахна өнеріндегі тың бағытты дамытуды мақсат етіп отыр.

–Қазiрде қуыршақ театры – балаларды тәрбиелеудiң ең тиiмдi құралы. Бұл театр өнерi өскелең ұрпақтың бойына мәдениет, бiлiм және ұлттық тәрбиенi дарытады. Баланы театрға әкелерде алдын ала дайындап, қайда бара жатқанын, не мақсатпен бара жатқанын түсiндiрiп, әдемi киiндiрiп, театр тәртiбiмен таныстыру керек. Бала қойылым өзегiндегi оқиға арқылы берiлетiн сезiмдерге ортақтасып, кейiпкерлермен бiрге қуанады, жылайды.

Бiздiң басты мақсатымыз – қазақтың балаларын тәрбиелеу, ұлттық құндылықтарымызды балалардың санасына құю. Қуыршақ театры балалардың сезiм түйсiктерiн дамытады. Егер бүлдiршiн 4-7 жасында осындай қуыршақ театрына келмесе, кейiпкермен күлiп, мәз болып қуанып, аяп, түрлi сезiмдердi басынан өткермесе, кейiн бала опера, драма театрларына қызықпайтын болады. Мiне, осындай мәдениетке баулитын өнерден балалар қалыс қалмауы керек, – дейді қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі әрі қоюшы-режиссері Сырым Маратбек.

Жақында ғана құрылса да Қуыршақ театры  кішкентай бүлдіршіндерге «Маугли», «Кішкентай бақаның үлкен оқиғасы» атты ертегілерді ұсынып үлгерді.  Қуыршақтарда мін жоқ, құдды бір тірі жан сияқты.  Әңгіме арасында өнер иесінен қуыршақтарды кім жасайтынын да сұрадық. Айтуынша, Сырым – Алматы қаласындағы Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің және Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Ұстазы  еліміздегі бірден-бір қуыршақ театрының маманы, Қуыршақ театрының актерлерін даярлап жүрген білікті тұлға Серік Мақұлбекұлы екен.  Еңбек жолын Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театрында актер болып бастаған Сырымға  қуыршақтар әлемі жақсы таныс.

–  Бұл өнерге деген қызығушылығым арта түспесе, ешқашан кеміген емес. Ұстазым қуыршақ жасаудың қыр-сырымен, техникаларымен бөлісіп отыратын. Үйренуге деген талпынысым ерекше болғандықтан, бірден берілген білімді қағып алып, өзім де жасай бастадым. Жалпы, қуыршақ жасау оңай жұмыс емес. Оның шынайы бет-бейнесін, денесін дәлме-дәл жасау икемділік пен шыдамдылықты қажет етеді. Қазіргі таңда да көрермен назарына ұсынылған ертегілердегі қуыршақтарды жасаумен өзім айналыстым. Дегенмен маған көмектесетін шәкірттерім де бар. Ал арнайы құрал-жабдықтарға келетін болсақ былтыр театр басшылығының қолдауымен барлық дерлік қажетті құралдарды алдық, – дейді ол.

Қуыршақ театрының жұмысы кішкентай көрермендерге бағытталғандықтан, басты мақсат – балалардың көңілінен шығу. Осы тұста, айта кетуіміз керек, театр репертуарындағы «Маугли» және «Кішкентай бақаның үлкен оқиғасы» ертегілері бастапқыда қазақ тілінде сахналанды, кейін сұраныс болған соң, оларды орыс тіліне аударып,  сахналай  бастаған.  Нәтижесінде, мектеп жасындағы балалардың барлығын дерлік қамтыған. Нақты айтқанда, театр сахнасынан бөлек, арнайы шақыртумен қаланың қырыққа жуық мектебі мен балабақшасына барып тағылымы мол ертегілерді тамашалауға мүмкіндік туғызған. Бүгінгі күні балақайлардың қуыршақ театрына деген қызығушылығы артып келе жатқаны байқалады.

Қуыршақ театры алдағы уақытта Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесінің желісімен балаларға арналған қойылымды сахналауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар облыстың  аудандарына гастрольдік сапармен шықсақ деген де жоспарлары бар.

Еркежан Айтқазықызы,

ШҚО драма театрының

баспасөз хатшысы

 

Осы айдарда

Back to top button