Күршімнің жәрмеңкесіне жұрт көп жиналды
Қала тұрғындары үшін сенбі – сауданың қызатын күні. Өйткені әр сенбі сайын ауылдан жәрмеңке келіп, қалалықтарға ауыл өнімдерін арзан бағада сатып қарық қылып кетеді. Бұл жолы кезекті жәрмеңкені күршімдіктер өткізді. Балы мен балығын, еті мен сүтін және өзге де өнімдерін әкеліп саудалап қайтты.
Жалпы, жұртшылық үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінің рөлі зор. Өйткені бұл – ішкі нарықты реттеп отырудың тиімді жолдарының бірі. Себебі жәрмеңкедегі бағаға қойылар талап, белгіленген шекті мөлшер бар. Жәрмеңкені ұйымдастырушылар қала тұрғындары жәрмеңкеде таза және табиғи өнімдерді ауыл тұрғындарының қолынан қаладағы бағадан 10-15 пайызға төмен ала алатынын айтты. Ал олар осы аралыққа делдалдардың кіріп, бағаның қымбаттап кетпеуін бақылайды.
– Бұл жолғы сенбілік жәрмеңкеге Күршім ауданының тұрғындары бағасы 16 млн теңгеге жуықтайтын түрлі өнімдерді әкеліп отыр. Жаңажылдық мерекелер жақындап келе жатқанын ескере отырып, ет өнімдерін көбірек әкелуді жөн көрдік. Себебі бұл уақытта қала тұрғындары ет өнімдерін көбірек алатыны айтпаса да түсінікті. Жалпы алғанда, 5 тоннаға жуық жас ет әкеліп отырмыз. Соның ішінде екі жарым тоннадан астамы сиыр еті, ал қалғаны жылқы және қой еті, – дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қуанған Қарағызов.
Ақ қарды кешіп, көк мұзды бұзып, қалаға жәрмеңке алып келген күршімдіктердің еңбегін жоғары бағалауға болады. Өйткені өзге аудандармен салыстырғанда күршімдіктердің қалаға қатынауы қиындық тудырады. Соған қарамастан сонау алыс шекара маңындағы ауылдар да өз өнімдерін алып келген. Жәрмеңкедегі жұртқа таңсық өнімдер көп келіпті. Марқа мен Зайсанның балығы мен Маралдының балының дәмін татқандар ғана білер. Сондықтан болар, жәрмеңкеге жиналған жұрт бұл өнімдерді таласа алды.
– Біз мұндай жәрмеңкелерге үнемі қатысамыз. Біздің бал ерекше дәмі мен хош иісі, пайдалы қасиеттері үшін бағаланады. Өйткені тау шөптері, дәрілік өсімдіктердің көптігі балдың құрамының жақсы болуына септесіп отыр. Табиғат қолайлы болғандықтан аралар да сапалы бал жинайды, – дейді ауылдық округ әкімі Досым Жұмағалиев.
Бұл жолы жәрмеңкеге балық молынан жеткізіліпті. Дәл мезгілінде келгендіктен болар, сатушылардың алды кезекке толып тұрды.
– Біздің балық өсірушілер жәрмеңкеге 3 тоннадан астам балық және өзге де өнімдер алып келді. Балықтар жаңа түрінде, өңделген, ысталған және жартылай фабрикаттар түрінде келді, – деді Қуанған Қарағызов.
Жәрмеңке өнімін жарты күнге жеткізбей қала жұрты талап әкетті. Мұндағы өнімдердің сапасы жоғары, бағасы қолайлы екенін қала жұрты әлдеқашан біліп болған. Сондықтан болар, сенбіден сенбіні күтетін жұрттың қарасы көп. Жаңа жыл таяп қалғандықтан болар, қала тұрғындары келесі жәрмеңке қай жақтан келер екен деп тарқасты.
Алтай Ғали-Асқар