Жаңалықтар

Күршімнің қарбызы пісті

Күршімнің тіл үйірер тәтті қарбыздары шілденің ортасынан бастап ауданда, облыс орталығында сатылымға шығарыла бастады.

Биыл Күршім ауданының диқандары 515,3 гектар алқапқа қарбыз, 244 гектар алқапқа қауын еккен. Қарбыздың бағасы да қымбаттап кетіпті, деп хабарлайды Didar ақпарат. 

Былтыр бір келісі Күршімде 150 теңге шамасында болса, биыл 250 теңгеден сатылып жатыр.

– Отбасымызбен жылдағыдай биыл да үш гектарға қауын-қарбыз ектік. Сатылымға ерте шығарып жатқан себебіміз, бұл – қарбыздың 58-60 күнде пісетін голландтық тұқымы. Жыл сайын осы мерзімде пісіп қояды. Қазір Ащыбасы бастауында сатып жатырмыз, арагідік аудан орталығында сатып жүрміз. Жанымызда ақшилік басқа да диқандар бар. Қарбыздың келісі – 250 теңгеден, қауындыкі – 400 теңгеден. Жаппай піскен соң жүк көлігімен Зайсанға, Өскеменге тасымалдаймыз, – дейді кәсіпкер Өмірбек Әміренов.

Шығыстың брендіне айналған Күршімнің қарбызын  қаладағылар да, ауылдағылар да асыға күтіп жүр. Күршім ауданында қарбызды көбінесе Қалғұты ауылдық округіндегі Ақши ауылының диқандары егіп келеді. Атап айтсақ, ақшилік кәсіпкерлер А.Құсайынов, Қ.Құсайынов, А.Қалижанов, құйғандық К.Шарапиев, Д.Беков, Б.Шарапиев, Е.Бауыржанов, күршімдік Б.Жұрағатов, А.Мұқыдәуітов, С.Мұхаметжанов, А.Кенжеханов, Ж.Далабаев және тағы да басқа ауыл кәсіпкерлері алдағы уақытта өз өнімдерін облыс орталығына әкелмек.

Жамал Ермен 

Осы айдарда

Back to top button