Өнер

Күршімнің дәулескер күйшілері

Мен сазгер ретінде музыкаға жан-тәніммен берілген адаммын. Музыканы құрметтеймін, сүйемін. Музыка адамның  сезімі мен ойын байытады. Жақсы музыка,  әуелеген әуезді ән  құлақтан кіріп, бойыңа тараған кезде түрлі әсер аласың. Әсем ән ой-қиялымызға қанат бітіріп, көңіл сарайына нұрын төгеді. Музыка – жүрек тілі.                   

Ерте дәуірден өмір көшінен қалмай келе жатқан  аспаптардың бірі – сыбызғы. Қазіргі кезде қолда бар көне күйлердің көпшілігі – сыбызғы күйлері. Сыбызғы күйлерінің сазы ежелгі дәуірде өмір сүрген ата-бабалар үнін біздің заманға жеткізді. Сыбызғы үні құлаққа жағымды, көңілге қонымды. Сыбызғының шығу тарихы, сыбызғышылар өмірі тереңде жатыр. Саржомарт  елінің  қазіргі кездегі Күршім ауданы Маралды округіне қарасты Үшбұлақ  ауылының  азаматы Күркебай батыр  он екі Абақ Керей елін аралап, өзіне көп дос-жар тапқан.  Күркебай  Керей елін өзінің мергендігімен, батырлығымен таңғалдырды.

Бірде Күркебай Саржомарт  руы Абақай елінің атақты сыбызғышысы Орысайды өзімен бірге ертіп барады.  Орысай  Керей еліне көп тараған «Қозыкөш» деген күйді орындап, оның  шығу тарихынан сыр шертеді.     Орысай он екі Абақ керей еліне, Күршім ауданына аты жайылған  сыбызғышы болған.  Оның ұлы Шерубай да Күршім, Катонқарағай  аудандарына белгілі сыбызғышы болды. Катонқарағайдың атақты сыбызғышысы Шанақ Ауғанбаев Шерубайдың шәкірті болған. Шерубай Шанақтың творчестволық тұлға ретінде қалыптасуына үлкен ықпал етті. Бұл жөнінде Қабдолда Тұрар  облыстық «Комунизм туы» газетінде үлкен очерк жазған.

Сыбызғышы Биқан, Шерубаев та Күршім ауданы Үшбұлақ  ауылында туған. Оның репертуарында 20-дан астам күй бар. Соның ішінде «Жаралы аю», «Күй сандық», «Желмая», «Ақима зары» т.б күйлер халыққа жақсы таныс.  Сыбызғышы Биқан Шерубаевтың орындауында біраз күйлер Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы жанындағы фольклорлық кабинет  қорына жазылып алынған. Қазақстандағы 17 атақты сыбызғышының бірі осы  Биқан Шерубаев  болды.                                                                                                    Ары қарай  Күршімнің  ел аузында жүрген атақты күйшілеріне ойысайын.  Бұрынғы Қалғұты кеңшарын ерте кезден Қожамбет  руы қоныс мекендеген. Қожамбет руының Жәлмәмбет атасынан тарайтын бір бұтағы Есенбай болып келеді. Есенбайдан  Асау, одан Бекжан, Бекжаннан  Мұса тарайды. Мұсадан Буратай дүниеге келген. Көз көргендердің қай-қайсысы болса да Буратай ерекше сұлу кісі еді деп еске алады.  Буратай айдауда Шу бойында болады. Қырғыз елінде бір атақты күйші қызды іздеп барып, күй сайысына шақырады. Бірақ   сайысқа барған жалғыз Буратай емес еді. Жан-жақтан бақтарын сынамаққа келген күйшілерге   қыз «менің тартқан мына күйімді қайталап тартып, менімен сайысасың» деп шарт қояды. Күйшілердің  ішінен  Буратай ғана күйді тартып алады. Кейіннен мынау сол күй еді деп, шертіп отыратын. Ол күйдің аты «Ақсақ қыз»  еді.

1962  жылы біздің елге Сәбит Мұқанов келіп, Шұбарағаш жай- лауында қонақ болады. Көпті көрген сұңғыла  Сәбит киіз үйде отырған адамдардың жүздеріне барлай қарап, бұл  үйде тегін отырмаған боларсыздар, таныса отыралық, қандай өнерлерің бар дейді. Сол кезде  Буратай: «Өнері тасып жүрер уақыттан кетіп қалдық қой, аздап домбыра тартушы едім» дейді. Тартқан күйлерінің  аты-жөнін, қысқаша мазмұнын айтып отырып, бірталай күй шертеді. «Жорға аю», «Балжынгер», «Ақсақ қыз»     т.б. күйлер. Сәбит «Ақсақ қыз» күйін естігенде, отыра алмай «міне, осылай, осылай болуы керек еді ғой» деп  отырған орнынан құйрығымен жылжып, Буратайдың жанына келген екен.  Буратай өзінің шығарған күйлерін де орындайды. Сәбит Буратайға «Алматыға кел, күйлеріңді табаққа түсіріп беремін» деп уәде етіпті. Буратай кейіннен Алматыға барып күйлерін  табаққа түсіртіпті. Сәбит Мұқанов Буратайға қорапқа салынған домбыра сыйлапты.  Кейін күйеу баласы Советтен «сол домбыра қайда?» деп сұрадым. Домбыраны музейге қоюға алып кеткен деді. Домбыра Советтікінде де, музейде де жоқ.

Күршімнен шыққан  күйшінің бірі –  Әрін Ақшабайұлы. Ол   Күршім ауданының Қойтас ауылында 1883 жылы дүниеге келген. Әрін Қарабас (Жансары) руынан. Қарабастың Жабық, Жәнібек, Жәдігер, Әйтімбет деген төрт ұлы болған. Әрін – Жабық, соның ішінде Жексембісі. Әрін 1964 жылы Чердояқта қайтыс болып, сонда жерленген.  Әріннің бәйбішесінің аты – Әймен. Қойтас ауылының байырғы тұрғыны Жарқымбай тегінің Тұқыш деген кісінің қызы еді. Әріннің өз кіндігінен 1916 жылы туған Қижамал деген жалғыз қызы болды. Қижамал керемет  ақын болған. Қижамал Мыржықтың ұлы Әбілге тұрмысқа шықты. Олар да Қойтас ауылында туып, сонда өсіп, сонда еңбек етті. Әбілдің әкесі Мыржық сыбызғышы болған. Әрін мен Мыржық замандас  адамдар әрі қалжындары жарасып жүретін.  Әрін домбырада ойнап, Мыржық сыбызғы тартып, екеуі бірге  күй тартқанда тыңдаған жанның жүректерін елітетін. 1962-1963 жылдардың бірінде Алматыдан келіп, күйлерін күй таспаға жазып алған. Алматыға шақырады, бірақ ол кісі барудан бас тартыпты. Ол кезде жасы сексенге жақындап қалған болатын.

Әрін өзінің шерткен күйінің шығу тарихын түсіндіріп айтып отыратын. «Балжынгер» күйінің шығуын былай деп баяндайды. Ертеде Марқакөл елінде бір бай болады. Оның көрікті қызы болыпты. Бай Марқа көлін үш айналып шапқанда, кімнің аты бірінші келсе, қызымды соған беремін деп шіренеді. Көлді үш айналып шапқанда Балжынгердің аты бірінші келеді. Сонда Балжынгер  «Берген сертіңде тұршы берік, Бәйгеге ат қостым саған сеніп. Көлді үш айналып алда келді, Куәгер отырған халық көріп. Сұрасаң  атым менің Балжынгер, Қызыңды қылжақтамай қазір бер. Мен Балжынгер жігіттің төресі, Ұтылдың бай, маған болдың бересі»  депті. Бай амалсыздан қызын Балжынгерге беріпті. Балжынгер атының шабысын күйге түсіріпті.

Күршім ауданының Шірікаяқ ауылында   Шайқы Құсайынов деген  күйші  болды. Бұл күйші туралы аудандық, облыстық газеттерде көп мақала жарияланды.  Күйші Шайқыны Күршім ауданында білмейтін  адам жоқ. Шайқының күйлерін  немере күйеубаласы, музыка маманы Мырзабек нотаға түсіріп дайындады.  Марқұм Шайқы күйшінің  артында ел айтып жүретін айшықты іздері бар.

Күршім ауданының Мәдениет үйінде көп жылдар қызмет еткен күйші Тынымқан  Мамырбековті  өнерсүйер қауым  жақсы біледі. Күршім ауданының Мәдениет үйінің  оркестрін «Халық оркестрі» атағын  алуға  дайындаған осы – Тынымқан Мамырбеков. Тынымқан – Шайқы күйін таратушылардың бірі, өзі де орындайды, жастарға да үйретіп жүр. Тынымқан Шайқының күйлерін  орындап қана қоймай, нотаға түсіріп, ауданның өлкетану мұражайына өткізді.

Есімі аудан емес, облыс, республика жұртшылығына жақсы таныс күйші – Шәкерқан  Тойбаев. Шәкең Шымкент қаласындағы  Өнер институтын домбырашы-күйші, оркестр дирижері  мамандықтары  бойынша бітіріп шыққан. Оның алдында 1984 жылы Алматы облысы  Қаскелең қаласындағы мәдени-ағарту училищесін қызыл дипломмен бітірген. Күршім ауданында Мәдениет үйінің директоры, 1989 жылы  «Сарын» фольклорлық ансамблінің жетекшісі болды. Ол Күршім өнерпаздарының  Румыния  мемлекетінде сәтті өнер көрсетуіне зор үлес қосты. Қаншама күйшілерді дайындап шығарды.

Жыл сайын  Қабдолда Тұрар атындағы Мәдениет үйінде  аудандық музыка мектебі оқушыларының  есептік концерті өтеді. Концертті ата-аналар, өнерсүйер қауым тамашалап, музыка мектебінің ұстаздарына рақметтерін айтып, алғыстарын жаудырып жатады. Көп құрметіне бөленген музыка мектебі ұжымына  табыс тілеп, ауданда жас күйшілер көбейе берсін дегім келеді.

Нұрсовет  Қайыров,

Күршім ауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Қазақстан  журналистер одағының мүшесі  

 

Осы айдарда

Back to top button