Құрметті азамат атағы берілді
Аймақ басшысы Даниал Ахметов өңірдің төрт тұрғынына «Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті.
Марапатқа лайық деп табылғандар қатарында соғыс ардагері Құрмат Рахимов, хирург Михаил Колесников, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаев пен кәсіпкер Сергей Коротин бар.
– Құрмат Рақымұлы – көп жылдар бойы күш құрылымдарында еңбек сіңірген азамат, абыройлы ақсақал зейнет демалысында бірнеше кітап жазды. Ал Михаил Колесников – 55 жылдық еңбек өтілі бар хирург, 80-ші жылдардың өзінде-ақ Елизаров аппаратын біздің медицинаға енгізген және омыртқаға операция жасай бастаған алғашқылардың бірі. Ол тірек-қимыл жүйесі ауруларын емдеуге үлес қосып, төрт мыңға жуық операция жасады, педагог ретінде облыстың барлық дерлік травматологтарына тәжірибесін үйретті. Бүгінде елімізге еңбек сіңірген дәрігері, денсаулық сақтау ісінің үздігі атақтарына ие. Айтқазы Сейітұлы зейнеткерлік жасына қарамастан әрдайым өңірдің әлеуметтік дамуына атсалысып, бірқатар іс-шараларға бастамашы болып келеді. Сергей Коротин – өз ісін өркендетіп, өңір халқына жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіп жүрген меценат, – деп жазды облыс әкімі өзінің Инстаграм желісіндегі парақшасында.
Салтанатты рәсімнен кейін марапатталған азаматтар аймақ басшысымен өңірді дамыту туралы әңгіме өрбітті, алдағы жоспарларымен бөлісті. Михаил Колесников медицина ардагерлері денсаулық сақтау саласын дамыту ісіне үлес қосуға әрдайым әзір екенін атап өтті.
Ержан Кеңесұлы