Таным

Құрқылтайдың ұясы

      Бала күнімде нағашы әжем Зияданың 

«Құрқылтайдың ұясы,

Қаламның көк сиясы,

 Құсни хатым жетер ме,

Өмірдің көп қиясы»,деп әндеткенін неше мәрте құлағым шалды. Жастықтың әсері ме, мән бермедік. Есейе келе түсінгенім аштық зобалаңын, соғыс қасіретін көрген байғұс әжем майданда хабарсыз кеткен  жарын, жақындарын жоқтайды екен.

Бұрғанның бойы дүм тоғай. Дүм тоғай тоған суынан нәр алып, көктемнен қара күзге дейін ырғалып, жасыл желектері сыбдырлап, айналасына айрықша  көрік беруші еді. Тамыздың  соңына дейін құстар ордасына айналатын тоғайда сирек те болса құрқылтайдың ұясы кездесетін. Құдды қолдан тоқылған қолғапқа немесе шағын себетке ұқсайды. Құс балапаны қанаттанып кеткен мизам айында кейуана бісмілләсін айтып, құдайдан кешірім тілеп, құрқылтай ұясын еппен алып үйге әкелетін. Кейіннен белінің құяңы бар, бүйрек, қуық сырқатына шалдыққан науқастарды емдеген сәтін әлденеше рет көрдім. Барлығына шипасы тимесе де, сауығып кететіндері аз емес-ті. Ұяны қақ бөліп, науқастардың беліне, аяғына таңып, шөгенге  немесе шұңғыл ыдысқа түтіндетіп ем-дом жасауының да  куәсі болдым. Жусан, арша, адыраспан мен жалбыздан дәрі әзірлейтін. «Атың өшкір Кәрманмен соғыста бізді аман алып қалған – картоп пен құрқылтайдың ұясы» деп отырушы еді жарықтық. Жалпы,  құрқылтайдың ұясы талай дерттің дауасы екен ғой.

Бала шағымда әжем емге қолданып, ержеткен соң ұмытыла бастаған құрқылтай ұясы 2014 жылы тарихи-өлкетану музейіне қызметке келгенде көзіме оттай басылды. Келмес күндердің жаңғырығы санамда жарқ еткендей, ел арасынан құрқылтай туралы мәліметтер жинақтай бастадым. Білсем, құрқылтай торғай тәрізді құс екен. Азияға кеңінен тараған. Әдетте тоғайлы, орманды өлкелерді мекендейді. Ұясын қыл, жүн, өсімдік талшықтарынан тоқып, сілекейімен желімдеп, екі бүйірінен кіріп-шығатын тесік қалдырып, екі бұтақтың түйіскен жеріне не жуан бұтаққа орнатады. Алтыдан онға дейін жұмыртқа салып, екі апта шамасында балапан шығарады. Ұяны қоразы салады, жұмыртқаны мекиені басады. Құрқылтай – қасиетті құс. Ұясын көзден тасалау, қауіп-қатері аз, тоғайдағы биіктеу ағаштың ұшар басындағы бұтағына іледі. Ұяның беріктігі мен сапасында мін болмайды. Дауылды, жауынды кезеңдерде де ағаш басынан құламас құрқылтайдың ұясы бүлінбейді, иістенбейді. Сондықтан ұяны ем-домға бірнеше рет қолдануға болады. Міне, осы кішкентай ғана құстың ұясының қаншама емдік қасиеті бар. Жас ақын Айдана Қайсарбекқызының «Құрқылтай» атты өлеңіндегі бір ғана әсерлі  шумақ оқырманға  ой салар.

«Құрқылтай, құттай мына ұяң қандай?!

Құттай ұяң құт болсын, сүй арланбай!

Көңіл сыйған жерге бәрі сыяр болса,

Жер-әлем жылы ұяңа сыя алғандай.

Жерге сыймай жүргендер, елге сыймай,

Сені көріп болсашы ұялғандай».

Осы күні ауылға барған сайын тоған бойынан қанша іздесем де, құрқылтай құстың не өзі, не ұясы көзіме түспеді. Үйеңкісі мен емені, қарағашы мен шілігі сиреген мекеннен ауа көшкен тәрізді. Ауылдастарының алғысына бөленіп жүретін көпшіл, жүрегі құрқылтайдың ұясындай жұмсақ, шипагер Зияда кемпір де жоқ. Бақилық болғанына бірнеше жылдың жүзі. «Құрқылтайдың ұясы-ай» деп басталатын жоқтау жырын әжемнен кейін ешкімнің ауызынан есіткен емеспін. Нобайы халық әндеріне келгенімен, әжем жырды жанынан шығарып орындаған  секілді. Ел арасында «құрқылтайдың ұясындай» деген әдемі тіркес бар. Әсілі келісті, жылуы мол, берекелі шаңыраққа арналғандай. Әкем киелі құстың Кішкенетау баурайындағы Алмалы сайды мекендейтінін айтты. Құс екеш құс түгілі Бұрған-тоғанның туған перзенттері де ата қоныс – жылы ұясын тастап, жыраққа кетіп  жатқан жоқ па! Кімге кінә артарсың? Кезінде қадірін білмеген, қиырдан қол бұлғайтын қайырылмас қайран жылдар! Дегенмен, өзім қызмет ететін Үржар тарихи-өлкетану музейінен орын алып, табиғат бөлімін толықтырып тұрған құрқылтайдың ұясы аңсар көңіліме медеу, жаныма жылу сыйлайды.

Серік Туғанов

Үржар ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button